Орталық Азияда құрылыстың қарқынды дамуы, жылдам урбанизация және халық санының артуы тұрмыстық қалдық дағдарысын тудырды. Қоқыстың болмашы ғана бөлігі өңделіп, қалғаны полигонда көміледі не өртеледі. Сөйтіп ауа, су және топырақ ластанады да, қала аумағындағы аумақтар экологиялық апатқа айналады.
Қоқысты экология мен ел денсаулығы үшін қауіпсіз болатындай етіп утилизациялаудың жолы қандай? Азаттық Азия редакциясы осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.
"БАРЛЫҒЫН БІР КОНТЕЙНЕРГЕ ТАСТАЙДЫ"
Тәжікстанда аузы-мұрны лық толы контейнерлер мен шашылған қоқыс үйінділері қаланың қалыпты көрінісіне айналған. Орталық Азияның ең кедей деген елінде әлі күнге дейін қоқысты басқару жүйесі қалыптаспаған. Сұрыптау жоқтың қасы, өңдеуге жекелеген бастамалар ғана қатысады, қалдықтың көбі полигондарда шіріп жатады.
Ресми дерек бойынша, Тәжікстанда тұрмыстағы қалдық жиналатын 70-тен астам полигон бар. Душанбелік тәуелсіз экобелсенді Тимур Идрисовтің сөзінше, оның ешбірі заманауи стандарттарға сәйкес келмейді.
"Елде қоқысты бөліп жинау жоқ: барлығын бір контейнерге тастайды. Дегенмен, елде ондаған шағын өңдеу цехтары пластикке, металға және қалдықтың өзге түрлеріне екінші өмір сыйлауға тырысып келеді" дейді Идрисов.
Экобелсендінің айтуынша, Тәжікстанда қоқысты басқару проблемасы биліктің ара-кідік мәлімдемелеріне қарамастан ондаған жыл бойы шешімін таппай отыр.
Жақында қоршаған ортаны қорғау комитетінің өкілдерімен кездескен ел президенті Эмомали Рахмон Тәжікстанда жыл сайын 2 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығатынын, ал ресми полигондар алаңы 300 гектардан асатынын мәлімдеді. Осыны айтқан президент елдегі аймақтардың барлығында қоқыс өңдейтін зауыт салу қажет деген.
Тәжікстан қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік комитетінің қызметкері Азаттыққа аноним түрде сұхбат беріп, сол кездесуден кейін Қалдықтарды 2040 жылға дейін басқару жөніндегі ұлттық стратегия әзірленгенін, ол стратегия жақында үкімет қарауына берілетінін айтты.
Стратегия бойынша, полигондардағы қоқыс сұрыпталып, өңделу арқылы жаңа өнімге айналады, ал өңдеуге келмейтіні Waste to Energy (қалдықтан энергия шығару) технологиясы бойынша жойылып, одан энергия алынбақ.
"Қалдықтарды жою жаңа технологияларды қолдану арқылы бақыланатын тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Ол үшін қазір қалдықтармен ластанған жерлерді рекультивациялау қажет болмақ. Бірақ ең алдымен, қалдықтар пайда болған жерден бастап тиімді сұрыптау жүйесін құру керек. Қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін реформалау қажет болады. Ол бойынша, қалдықтарды жинау пункттері жекешелендіріліп, экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келетін ортақ ережелерге бағынатын болады" дейді комитет өкілі.
Экобелсенді Тимур Идрисовтің сөзінше, мемлекет жиналған қоқысты басқарып қана қоймай, қалдықтың пайда болуының алдын алуға да басымдық беруге тиіс.
"Бұл дегеніңіз – бір реттік тауарлардан бас тарту, жөндеу саласын дамыту және көп мәрте қолданылатын қаптамаларға өту деген сөз. Аса маңызы жоқ бір реттік тауарлар мен қаптамаларға тыйым салу да осыған кіреді" дейді ол.
Екінші кезеңде сұрыптау және өңдеу жүреді. Ол үшін жұрт қоқысты бөліп жинауы керек және қалдықты өңдеу инфрақұрылымын дамыту қажет.
"Қалдықты басқару тиімді әрі жолға қойылған болса, қалдықты жағудың қажеті де болмай қалады. Қарапайым тілмен айтқанда, заттар берік, сенімді және ұзақ мерзімге жарайтын болуы керек. Оларды жөндеу немесе қайта қолдану мүмкіндігі мейлінше қолжетімді болғаны абзал. Шамадан тыс қаптай беруді азайтқан жөн. Өңдеуге немесе қауіпсіз утилизациялауға келмейтін нәрселерден бас тартып, балама табу қажет" дейді Идрисов.
Экобелсенді мәселені жүйелі жолмен шешкен дұрыс дейді. Оның ішіне халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізу, әкімшілік және экономикалық шаралар қабылдау кіреді.
"Мұндай шешімдердің бірі ыдыстардың кепілдік құнын (бөтелкедегі сусынды немесе жәшіктегі көкөністі алған кезде сатушыға бөтелке мен жәшіктің ақысын төлеп, кейін сол заттарды өткізіп, өтемін алу – ред.) немесе қоқыс көлеміне қарай "қанша лақтырсаң, сонша төлейсің" қағидасы бойынша төлем енгізу болуы мүмкін, не болмаса компаниялар өз өнімдері мен орамаларын қолданғаннан кейін кәдеге жаратуға міндетті болатын өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін (ӨКЖ) енгізу болуы мүмкін".
Ел арасында РОП деп танылған ӨКЖ механизмі (қарапайым тілмен айтқанда, "ластаушы төлейді" қағидасы) Қазақстанда 2016 жылы іске қосылды. Белгілі бір тауар түрлерін шығаратын компаниялар утилизациялық алым төлейді, ал ӨКЖ Операторы бұл қаражатты қалдықтарды жинауға және өңдеуге бағыттауға тиіс болады.
Қазақстандағы "Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының" жетекшісі Лаура Мәлікованың айтуынша, бұл жүйе тиімділігін көрсеткен: қаптаманы қайта өңдеу деңгейі 2016 жылы 2,6 пайыз болса, 2021 жылы 21 пайызға жеткен. Мұндай өсімге ӨКЖ операторының EcoQolday бағдарламасын іске қосқаны түрткі болған.
Бірақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл бағдарлама тоқтаған. Бүкіл ел аумағын шарпыған наразылық кей қалаларда қантөгіске ұласып, аяғында елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары бұрынғы ықпалын жоғалтып, кейбір активінен айырылған. Экс-президенттің кіші қызына қатысы бар деген ӨКЖ операторын жұмысы ашық емес, басшылық деңгейде қаржы жымқырылған деп айыптады.
"Саяси қысым арқылы ӨКЖ операторы ығыстырып, шағын кәсіпорындарға берілетін төлемдерді тоқтатқан соң, қайта өңдеумен айналысатын жүздеген кәсіпорын жабылып, көлеңкеге кетті. Қаптаманың 21 пайызы қайта өңделетін Астанада бұл көрсеткіш баяғы 2,6 пайызға түсіп қалды" дейді экобелсенді.
Мәлікованың айтуынша, қазір қоқыс шығаратын компаниялар, сұрыптау желілері тек халықтан жиналатын тарифтер есебінен ғана күнелтіп отыр, ал бұл қаражат даму тұрмақ бар инфрақұрылымды ұстап тұруға да жетпейді.
Қазақстанда тұрмыстағы қатты қалдықтар жиналатын полигондардың жағдайы ауыр. Елдегі 3 мыңға жуық ресми полигонның тек біреуі ғана (Астанадағысы) санитарлық талапқа сай келеді. Полигондардың көбі қалдықты заңсыз жағып отыр. Жуырда Алматыда полигоннан шыққан өрт бірнеше күнге ұласып, бүкіл қаланы түтін басты.
Мәлікова қазіргі жағдайды өзгерту үшін утильалым төлемдерін беру жөніндегі 2021 жылғы ережені қайтару керек дейді. Оның сөзінше, бұл ереже қалдық жинаудан өңдеуге дейінгі тізбектің барлық буынына қолдау көрсетуге жол ашады. Сондай-ақ, утильалым қаражаты есебінен коммуналдық қалдықтарды шығарудың орталықтанған жүйесін жақсарту керек. Экобелсендінің айтуынша, әкімдіктер Алматыдағыдай ұзақмерзімді шарттарды бұзбай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуы қажет. Оған қоса, жаңа полигондар салу үшін жер бөліп, инвесторларға салымдарды қайтару кепілдігін беру қажет, әйтпесе бұл салаға ешкім келмейді.
ҚОҚЫСТЫ ЖАҒУ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ, ӘЛДЕ УШЫҚТЫРА МА?
Қырғызстандық экобелсенді әрі фотограф Владислав Ушаков – ecomap.kg интерактивті картасын әзірлеу жөнінде бастама көтергендердің бірі. Картада табиғаты қорғалатын жерлер, ластанған жерлер және экологиялық салдары бар оқиғалар көрсетіледі. Ушаков қоқыс дағдарысы Орталық Азиядағы барлық ел тән екенін айтады.
"Барлық жерде бір жағдай: толған полигондар, бөлек жинаудың жоқтығы, нашар инфрақұрылым және тиімді шешімдердің қатты жетіспейтіні" дейді ол.
Ушаков пластикті өңдеу идеясына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, қағаз бен аллюминий бірнеше қайтара өңдеу келсе, пластиктің ондай мүмкіндігі жоқ. Пластиктің көбі ары кетсе өңдеу циклінен бір-екі рет өтеді.
"Мәселен, Кока-кола шөлмегінен ілгіш не шылапшын жасайды. Оныңыз тез сынып, қайтадан қоқыстан бір-ақ шығады" дейді сарапшы.
"Пластик қайта өңдеу экологиядан гөрі бизнеске жақын. Оны бюджетті игеру дейсіз бе, "жасыл" маркетинг дейсіз бе, не десеңіз де, ол мәселенің шешімі емес" дейді Ушаков.
Экобелсенді әсіресе топырақ пен жерасты суына сіңіп жатқан микропластикке алаңдайды.
Түрлі дерек бойынша, Қырғызстанда қоқыс орындары мен полигондарда 17 млн тоннаға дейін қалдық жиналған. Осы тұста ел билігі жүйелі утилизацияның алғашқы қадамдарына кіріскенін мәлімдеп отыр. 2025 жылғы желтоқсанда Бішкекте ел бойынша алғашқы қоқыс жағатын зауыт ашылмақ. Бірінші кезеңде зауыт тәулігіне мың тоннаға дейін қоқыс өңдеп, 30 мегаватт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады.
"Құрылыс 80 пайызға жуық аяқталды. Мұндай нысандар елдің өзге аймақтарынан да бой көрсетеді деп үміттенемін" дейді сарапшы.
Бұған дейін зауыттың орнында Бішкектің ең үлкен қоқыс үйіндісі болатын. Ол сегіз жыл бойы жанып, ондағы өрт тек белсенділер талабынан соң ғана сөндірілді.
Мұндай зауыттың жобасын Ошта, Ыстық-Көл облысындағы Балықшы қаласы мен Ақ-Су ауданында да қарастырып жатыр. Қытай компаниялары ол жерлерде сұрыптау станциясы мен қоқыс өртеу қондырғыларын орнатуды жоспарлап отыр.
Ушаковтың сөзінше, қоқыс өртеу экологиялық қауіптерге қарамастан әзірге мейлінше тиімді шешім болып отыр.
"Иә, жағу экологияға зиян. Бірақ әзірге адамзат одан тиімді ешнәрсе ойлап таппады. Бастысы – технология, сапалы орындау және қатаң бақылау. Мұндай жобалардан үнемдеуге болмайды. Келісімшарт технологияларының қауіпсіз екенін дәлелдеп, халықаралық сертификациядан өткен компаниялармен ғана жасалуы қажет. Әйтпесе, утилизация деп жүріп канцерогеннің тарауына жол ашамыз, адамдардың денсаулығына қауіп төнеді" дейді Ушаков.
Ол сөзіне дәлел ретінде Жапонияны мысал етіп, онда қоқыс жағатын зауыттар қала ортасында орналасқанын, ешқандай қауіп төндірмейтінін айтады.
"Мәселенің бәрі сенімділікте. Шетелде қазір "жағу" деген сөзді қолданбайды, енді оны "жылу бөлетін өңдеу" деп атайды. Яғни өңдеу процесінде энергия, жылу және электр энергиясы алынады. Яғни мұны қоқысқа сүйенген жылу электр станциясы десе де болады" дейді экобелсенді.
ӨЗБЕКСТАН ТӘЖІРИБЕСІ
Қоқыс мәселесі өткір тұрған Өзбекстанда да қоқыс жағатын зауытқа басымдық беріліп отыр. Елде Waste to Energy технологиясын енгізіп жатыр. 11 облыста Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктері инвесторларының қатысуымен құны 1,28 млрд доллар болатын ауқымды жоба басталды. Жоспар бойынша, бұл зауыттар жылына 4,7 млн тоннаға дейін қоқыс жағып, 2,1 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Болжам бойынша, бұл қоқыс үйінділерін бес есе азайтуға тиіс.
Өзбекстанда жыл сайын 10 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналады. Оның тек 4,2 пайызы ғана қайта өңделеді. Қоқыстың негізгі бөлігі – органикалық қалдық (37 пайыз), пластик (12 пайыз), құрылыстағы қоқыс және жөргек (24,5 пайыз). Қалғаны елдегі 200-ден астам полигонда көміледі. Ол полигондардың 26-сы ресми түрде экологиялық және санитарлық талаптарды бұзғаны үшін жабылған.
Өзбекстандық эколог Собирхон Машрабовтың пікірінше, қоқыс жағатын зауыттар уақтылы салынса, бұл көмілетін қалдықты азайтып қана қоймай, одан электр энергиясын алуға жол ашады.
Эколог сөзіне мысал ретінде Ташкенттегі 87 млн долларлық жобаны келтірді. Бұрын қоқыс үйіндісі болған жерде қазір метан мен электр энергиясы өндіріледі. Салынған ақша өзін толық ақтады дейді сарапшы.
"Бұдан өзге шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асып жатқан энергия өндіретін нысандар құрылысы бар. Ахангаранда кореялық Sejin G&E компаниясының қолдауымен қоқыс үйіндісіндегі газдан энергия алатын 55 млн долларлық жоба жүзеге асып жатыр" дейді Машрабов.
ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАМАЙ ЖАҒУ
Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тонна қоқыс шығып, оның тек ширек бөлігіне жуығы ғана өңделеді. Мұнда да ел билігі қоқыс жағатын зауыт қажет екенін айтып жүр. Үкімет еуропалық тәжірибені жиі айтады.
2025 жылғы наурызда экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нүркен Шәрбиев Қостанайға сапарында Еуропада мұндай 500 зауыт барын, олардың қауіпсіз екенін айтқан.
"Солардың бірінде болдым. Онда шығарындыны әр 10 секунд тексеріп отырады. Күлді және өрт қалдықтарын өңдеудің жаңа технологиялары әзірленіп жатыр" деді ол.
Чехиядағы ең ірі қоқыс жағатын зауыттың жұмысымен танысқан қазақстандық журналист Ольга Лихограй Еуропадағы бақылау және тазарту стандартын Қазақстанда енгізу қиын екенін айтады. Журналист Малешице зауытына 2025 жылдың басында халықаралық экологиялық жоба аясында барған.
"[Малешицеде] ең таңғалдырғаны – тазарту мен тәуелсіз бақылау деңгейі" дейді Лихограй. "Зауытты Прага бюджетінен 10 жыл бойы соққан. 1988 жылы бастап, кейін "Барқыт революциясы" болып, зауыт кімге тиесілі болатынын ұзақ шешті. Содан бері экологиялық талаптар қатал бола түсіп, жобаны түзетуге тура келді: әуелі ылғалды фильтр, кейін катализатор, одан соң диоксинді кетіретін төрт фазалық жүйе қосқан.
Зауыттағы негізгі жабдық Германия мен Швейцарияда жасалған. Газды ұнтақталған әк пен белсендірілген көмір көмегімен тазартады. Оларды суға қосып, микротамшы күйінде шашыратады. Бұл қатты қалдықты күлге, түтінді қауіпсіз буға айналдырады. Осы технологияның арқасында зауытта пластикті де жағуға болады. Бірақ алдымен оны өзге қоқыстармен араластыру керек.
Бірақ зауыттағы маңызды элемент – тәуелсіз бақылау. "Шығаберісте датчик тұр, оған зауыттың қолы жетпейді. Ондағы мәліметтерді Чехияның табиғатты қорғау инспекциясы алып отырады. Әрбір минут, әрбір сағат, әрбір тәулік сайын өлшем алынады. Осы тазартудың өзінде бастапқыда шығарынды нормадан асып жатады және ол тіркеліп отырады. Орташа көрсеткіштен қалыптан ауытқыса, зауытқа айыппұл салынады" дейді журналист.
Малешице зауыты қоқысты утилизациялап қана қоймай, одан энергия алып отырады: 2023 жылы 75 330 мегаватт электр энергиясы өндіріліп, рекорд орнаған. Мұны Прагадағы 18 мың отбасыға жеткізуге болады. Зауыт электр және жылу энергиясын тасымалдаушыларға сатады. Қоқыс өңдеудің тиімділігін сұрыптау да арттырып отыр. Жылдық өсім шамамен 20 пайыз.
"Еуропада сұрыптауға басымдық беріледі. Өңдеу мен өртеу содан кейін жүреді" дейді Лихограй. "Ал бізде қоқысты бөліп жинайтын түрлі-түсті контейнерлер әлі жоқ. Мұндай қоқыс себетін орнатуға талпыныс болды, бірақ ондағы қоқысты түбіндегі бір көлікке тиеп жүрді. Прагада қалдықтың әр түрін әрқилы көлік алып кететінін көрдім".
Қазақстанда сұрыптаудың қарапайым деңгейін іске асырмай, қоқысты тиімді жағу, зиянсыз жағу қиын дейді журналист.
ҚОҚЫСТЫ ӨҢДЕУДІҢ СӘТТІ МЫСАЛДАРЫ БАР МА?
Экономикасы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстан қоқыс мәселесін шешуде инвестор тартып, шетелдің озық тәжірибесін қолдануға тырысып жатыр. Бірақ өңдеу жұмыстары әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Өзбекстанда қоқысты өңдеумен 300-ден астам мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорын айналысады. Олар қоқыс жинап, пластик, қағаз және металды утилизациялайды. Елде сұрыптау жұмысы кенже дамыған. 2017 жылы Өзбекстан аймақта бірінші болып қоқысты сұрыптауға міндеттейтін заң қабылдады. Бірақ Собирхон Машрабовтың айтуынша, заң іс-жүзінде жұмыс істемейді.
Эколог Машрабовтың айтуынша, ең өзекті мәселелердің бірі — органикалық қалдықтарды өңдеу. Тұрмыстағы қатты қалдықтардың құрылымына қарасақ, оның үштен бір бөлігі — осы органикалық қалдықтар. Әзірге бұл бойынша тек Ангренде ғана бір пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Онда тамақ пен өсімдік қалдықтарынан тыңайтқыш өндіріледі. Алайда бұл бастаманың ауқымын ұлғайту қиынға соғып тұр: инфрақұрылым мен ақша жетпейді.
Қазақстанда инфрақұрылым нашар болса да, сәтті мысалдар кездеседі. Ірі қалалардан шалғай жерлерде дөңгелек, пластика және органика секілді қалдықтарды утилизациялайтын шағын бірақ тиімді жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, Қостанайда автокөлік шиналарын утилизациялайтын шағын зауыт жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл болды. Екі машина қаланы аралап, ескі резеңкелерді жинайды. Кейде көлік жүргізушілері өздері әкеліп береді. Зауыт аумағында қабылдау алаңдары бар.
Сұрыптау мен ұсақтау процесінен кейін шиналар балалар және спорт алаңдарына арналған тартан жабынын жасауға қолданылатын резеңке ұнтаққа айналады. Жақында мұнда берік, ауа райына төзімді және аулалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыруға жарамды түрлі-түсті резеңке плитка өндіру жолға қойылды.
Мұндай бастамаларға мемлекеттік қолдау өте аз — өңдеудің маңызы ресми түрде мойындалғанымен, субсидия алу аса қиын. Бұрын ӨКЖ жүйесі істеп тұрғанда өңдеушілер утилизацияланған резеңкенің әрбір келісіне ақша алып, ынталанып отыратын. Соның арқасында бұл іспен айналысатын зауыттар да көп болды. Бүгінде өңдейтін кәсіпорындар саны 10-нан аспайды.
Қостанай облысындағы Лисаковск қаласында жергілікті полигонды жалға алып отырған кәсіпорын да қалдық өңдеу саласындағы өз орнын тапқан. Мұнда 1990-жылдардың соңынан бері қоқыс көмуге арналған траншеялық әдіс енгізілген. Бұл — үнемді, қауіпсіз және жануға төзімді тәсіл. Органикалық қалдықтар терең траншеяларға төгіледі, кейін олардың үсті топырақпен жабылып, калифорниялық құрттар жіберіледі. Олар қалдықтарды құнарлы топыраққа айналдырады. Бір-екі жылдан соң бұрынғы қоқыс орнында шөп пен ағаш өсіп шығады.
Бұл жоба өңірдегі органикалық қалдықтарды биотехнологиялар көмегімен қайта өңдеуді бастаған алғашқы жоба болды. Бүгінде ол 26 гектар аумақты алып жатыр және бюрократиялық және қаржылық кедергілерге қарамастан дамып келеді.