Accessibility links

Жоғалған балық, жабылған зауыт. Орталық Азия елдеріндегі көзбояу қашан тыйылады?


Түсірілімнің ертесінде Хожакурганча ауылындағы мына көлшіктің балықтары жоқ болып кетті
Түсірілімнің ертесінде Хожакурганча ауылындағы мына көлшіктің балықтары жоқ болып кетті

Өзбекстанның Наманған облысындағы бір ауылға балық өсіретін жасанды көлшік жасап, оған ауладағы үйректерді жіберген. Содан соң оны видеоға түсіріп, мемлекеттік телеарнадан үкіметтің үйдегі шаруашылықты дамыту бағдарламасының нәтижесі ретінде көрсеткен. Хабар шыққан соң балық та, үйрек те жоқ болды. Бұл – бір ғана жағдай емес. Орталық Азияда "дөкей қонақтар" кеткен соң декорация мен жануарлар ғана емес, адамдар да жоғалып кеткен кез болған.

"ТЫМ ҚҰРЫСА ЖҰМЫРТҚАНЫ ҚАЛДЫРСА БОЛАР ЕДІ"

Жасанды көл, ішінде тулаған балық, суда жүзген үйрек. Бұл әсем көрініс Өзбекстанның шығысындағы Наманған облысы Хожакурганча ауылындағы ахуал деп мемлекеттік телеарнадан көрсетілген.

Видеорепортажда ауылда балық және үй құстарын өсіру бойынша дәріс беретін семинар өткені туралы айтылады. Мұның барлығы үйдегі шаруашылықты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған. Президент Шавкат Мирзияев пен оның қарамағындағылар тұрғындардың табысы шетелде жұмыс істейтін еңбек мигранттарына байланған елде үй маңындағы жер телімдерін пайдалану арқылы жағдайды жақсартуға болады дегенді айтады .

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ұйымдастырушылар Хожакурганча ауылында тұрмысы жұпыны екі үйді таңдап алып, олардың ауласына көлшік жасаған. Түсірілім тобы келгенде тоғанға балық, өзенге үйрек жіберген. Семинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, балық өсіруден жылына 50-60 миллион сум (3,8-4,6 мың доллар) табуға болады деген.

Оқиға 20 ақпанда болған еді, Ертесінде балық та, үйрек те жоқ болды.

Хожакурганча ауылына бұл үйректерді бір-ақ күнге әкелген. Түсірілім біткен соң бұларды да алып кеткен
Хожакурганча ауылына бұл үйректерді бір-ақ күнге әкелген. Түсірілім біткен соң бұларды да алып кеткен

"Қызық болды. Үйректерді Нуриллахонның үйіне әкелді, ал жұмыртқаларын торға салды. "МТРК" телеарнасының операторлары үйректерді әрі-бері тасып видеоға түсірді. Семинар біткен соң бәрін ұстап, қайта алып кетті. Тіпті жұмыртқасын да қалдырмады. Тым болмаса жұмыртқасын қалдырса болар еді, ақшасын төлейтін едік" деді аты-жөнін атамауды сұраған жергілікті тұрғын.

Аты-жөнін жарияламауды сұраған тағы бір тұрғынның айтуынша, форельді көрші аудандағы балық шаруашылығынан уақытша алып келген. Балығын алғаны үшін фермерге ақша да төлемеген.

"КӨРІНІС ҮШІН"

Теледидардағы әдемі көрініс үшін бәрін істеуге болады. Орталық Азия елдерінде көзбояушылық пен жасандылық кейде тіпті шектен асып кетеді.

22 наурызда Түркіменстанда мыңдаған мемлекеттік қыметкерді, бюджет мекемесінде істейтіндерді көшені көгалдандыру шарасына жаппай шығарды. Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарласқан адамдар ашық аспан астында ас-сусыз 12 сағат бойы тұрғанын айтты. Елде мұндай шара жылына екі рет өтіп тұрады. Ақпарат құралдары бұл науқанды табиғатты қорғауға бағытталған тамаша шара ретінде дәріптеп көрсетеді. БАҚ-тар күтім жоқтықтан көшеттер қурап қалатынын көп айта бермейді.

Әлемдегі ең жабық әрі қуғын-сүргін көп болатын бұл елде көзбояушылық бұрыннан дәстүрге айналған. Мәселен, 2016 жылы Түркіменстанның сол кездегі президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов Беркарар заман (Ұлы заман) деп аталатын жаңа ауылды ашу мақсатында Лебап уәләятына барады. Траптың алдына кілем төсеп, президентті костюм киген шенеуніктер қарсы алады. Ашық түсті киім киген балалар "Қош келдіңіз, Арқадағ!" деп қарсы алады.

Көшелердің бойында жүздеген адам жалауша желбіретіп қаз-қатар тұрады. Бердімұхаммедов концерт көріп, жаңа үйлердің қасынан өтіп, жеміс-жидегі самсап тұрған базарға да кіріп шығады.

Президент пен түсіру тобы кеткен соң жалаулар мен кілемдер былай тұрсын, адамдар да жоқ болып кетеді. Беркарар заман қаңырап бос қалады. Кіреберістегі аркада тұрған ауылдың атауын әлдекім алып кеткен. "Ұлы заманның" дәуірі солай аяқталады.

Осы жазда Қазақстанда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін электрондық құрылғы шығаратын зауыт ашылды. Содан біраз бұрын жұмысқа адам алатын агенттік Алматыда камера жинау, микросхема жасау және шағын станокты қолдану әрекетін көрсете алатын актерлар мен актрисаларды жұмысқа шақырамыз деген хабарландыру берді. Зауытқа иелік ететін компания директоры ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысқан презентация сырттағы жұртты шынымен қызықтырғанын айтты.

"4-5 адам ғана актер, қалғаны өз адамдарымыз. Олар сурет үшін тартымды, өздері жас әрі әдемі" деді Tengrinews-ке комментарий берген Alatau Smart Technology басшысы Айжан Сейілханова.

"КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?"

Жоғары шенділер мен мемлекеттің бірінші басшылары алдында әдемі "көрініс" жасау – Орталық Азияда бұрыннан айтылып жүрген мәселе. Әдетте үлкен қонақ келердің алдында ғимараттардың сыртын әрлеп, жолдарды тегістейді (олар кейде жаңбыр мен қарға қарамай жұмыс істейді), тіпті өсімдіктің өзіне дейін бояп тастайды.

2016 жылы Бішкекте Тәуелсіз мемлекеттер достастығы саммиті мен Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі жиыны қарсаңында бір түнде ағаштарды бояп тастады. Жол бойындағы шыршалар мен аршалар жап-жасыл болып кетті: олардың жол жақ бетіне жасыл бояу шашқан, ал арт жағы сол күйі бозғылт болып қалған. Бұған қоса Бішкекте шара қарсаңында ғимараттарды терезе әйнегімен қоса сырлап тастаған.

2015 жылы Ферғана облысының фермерлері сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Шавқат Мирзияев келер алдында өнімнің көптігін көрсету үшін жинап қойған мақтаны қауашағына қайта жапсырып қоюға тапсырма берілгенін айтып шағынған. Диқандарға бұдан алты жыл бұрын, президент Ислам Каримов келерде де сондай тапсырма берілген.

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев келердің алдында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығындағы фонтан іске қосылып, көптен бос тұрған көлшік суға толған. Бұған қоса жолдың тесіктері жылдам жөнделіп, жаңадан белгілер салынған. Бұл жөнінде Kursiv.media жазған.

Мекемелер дүйім жұрт алдында салтанатты түрде ашылып, қайта жабылып жататыны да көпшілік үшін таңсық нәрсе емес.

Вахдаттағы тігін фабрикасы 2014 және 2021 жылдары
Вахдаттағы тігін фабрикасы 2014 және 2021 жылдары

2020 жылы тәжік телеарналары президент Эмомали Рахмонның Рудаки ауданында үлкен сауда орталығы мен 100 адам жұмыс істейтін тігін цехын салтанатпен ашқанын көрсетті. Мемлекет басшысы кеткен соң тігін машиналарының бәрін алып тастап, жұмысшыларды үйге қайтарған. Бір жылдан соң Азаттықтың Тәжік қызметінің журналистері ол жерге барғанда цехта бес тігінші ғана отырған, ал сауда орындары жартылай бос тұрған. Рахмон ашқан қонақүй, жылыжай кешені, текстиль зауыты сияқты басқа да мекемелер соның кебін киген.

Қазақстанда бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев ашқан "үдемелі" жобалардың көбі өнім шығармастан қайта жабылған. Азаттық 2013 жылы осындай сәтсіз жобалар картасын жасаған, оның арасында автокөлік зауыты, мақта өңдеу кешені, цемент өндіру орны бар.

Осы материал шыққаннан бірнеше ай өткен соң үкіметтің кеңейтілген жиынында Назарбаев қарамағындағыларға жалған мекемелерді ашу деген көзбояушылықты тоқтатуды тапсырды. Ол өзі ашылу салтанатына қатысқан Қарағандыдағы ауыл шаруашылығына арналған шағын моторлы "Фермер" ұшағын шығаратын зауыттың істемей тұрғанын айтты. Құны шамамен 1,65 миллиард теңге болған бұл жоба бойынша жылына 36 ұшақ құрастыруы керек еді, бірақ бірде-бір ұшақ жасалмады.

Өзбекстанның түкпіріндегі Хожакурганча ауылында балық пен үйрек жоғалып кеткен соң үлкен дау болды: бос қалған көлшіктің видеосы Telegram-арнада жарияланды. Тұрғындардың айтуынша, аудан әкімі ашуға мініп, ауыл басшысын қызметінен алып тастаған.

Кейін оның тапсырмасымен балықтың бір бөлігін көлшікке қайтарған.

"Бұл көзбояушылық пен алдау қашан тыйылады?" деді Азаттыққа аты-жөнін атамауды сұраған жергілікті белсенді.

XS
SM
MD
LG