Accessibility links

Орал тұрғыны Украинадағы соғыста қаза болғандар тізімінен күйеуінің аты-жөнін көрген


Орал қаласы. Көрнекі сурет.
Орал қаласы. Көрнекі сурет.

Оралда тұратын әйел күйеуінің Украинадағы соғыста өлгенін “Хочу жить” жобасы арқылы білген. Бұл жөнінде “Уральская неделя” басылымы жазды.

"Мен тіпті оның сол жақта екенін білмедім. Жылдың басында әуелі Астанаға ақша табамын деп кеткен. Наурызда хабар үзілді. Оны тұтас Қазақстаннан іздедім. Оған шекарадан өтуіне тыйым салынған болатын. Ол қалай Ресей, одан кейін Украинаға барған?" дейді әйелі Надежда.

Айтуынша, Алексей Сергеевтің жасы 30-да болған. Ол Астанада әртүрлі жұмыс істеп, сонысын TikTok-қа салып отырған. Ол күйеуін сегіз ай бойы іздегенін, туыстары мен таныстарынан да сұрап шыққанын айтады.

"Сотқа бардым. Астана арқылы іздеу жариялаттық. Қазір оның қайда екенін және қалай жерлеу керектігін білгім келеді. Қайтыс болғаны туралы куәлік алу керек. Қалай өмір сүрерімді, жалғыз өзім баламды қалай асырау керектігін білмеймін" деп налиды әйел.

Басылым “Важные истории”-ге сүйене отырып, Ресейде ТМД аумағынан соғысқа адам тартқандарға ақша көп төленетінін, Орал тұрғынын солай соғысқа тартқан болуы мүмкін деп болжайды. Бұған тіпті шетелге шығуға салынған ресми тыйым да кедергі бола алмаған.

Қазан айының ортасында украиналық "Хочу жить" жобасы Украинада Ресей әскері қатарында соғысып, қаза болды деген қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Онда 270 қазақстандықтың аты-жөні бар.

Қазақстан билігі әзірге аталған тізімге реакция білдірмеді.

Украинада Ресей әскері қатарында соғысқан қазақстандықтар туралы ақпарат алғаш рет пайда болған кезде Қазақстан ішкі істер министрлігі “мәліметті тексеру қажеттігін” айтқан еді. Ізінше осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Шілдеде жоба 2025 жылдың алғашқы алты айында кемінде 529 қазақстандық Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасасқанын хабарлаған.

Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG