Accessibility links

Нетаньяху Тоқаевқа "Ибраһим келісіміне" қосылғаны үшін алғыс айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде 10 қаңтарда кешке Ақорда хабарлады. Ресми хабарламаға қарағанда, телефон әңгіме туралы бастаманы Израиль жағы көтерген.

"Әңгіме барысында Қазақстан мен Израиль арасындағы көпжылдық және сан қырлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыруға ниетті екенін растады" деп жазылған ресми хабарламада.

Ақорданың хабарлауынша, Биньямин Нетаньяху Қазақстанның "Ибраһим келісімдеріне" қосылу туралы шешімі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірген.

"Израиль премьер-министрі бұл қадамды бейбітшілік, тұрақтылық пен халықаралық диалогты нығайту ісіндегі батыл әрі көреген шешім ретінде бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Биньямин Нетаньяху байланыстарды жандандыруға, соның ішінде жоғары деңгейдегі сапарлар ұйымдастыруға уағдаласты" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Қараша айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары кезінде, Астана Израиль мен Араб елдері арасындағы қатынасты реттеуді көздейтін Ибраһим келісіміне (Авраам келісімі деп те аталып жүр) қосылады деп мәлімдеген еді.

Ибраһим келісімі Израиль мен Араб елдерінің қарым-қатынасын реттеуді көздейді. 2020 жылы Трамптың бірінші президенттік мерзімінде Ақ үйде Израиль, Бахрейн, БАӘ осы келісімге қол қойған. Артынша келісімге Марокко қосылды.

Қазақстан - бұл келісімге кейінгі бес жылда қосылған алғашқы ел және Орталық Азиядан қол қойған бірінші мемлекет. Дегенмен Қазақстан Израильді де, Палестинаны да 1992 жылы мемлекет деп мойындап қойған.

Сарапшылар Қазақстанның келісімге қосылуы Астананың Вашингтонмен қарым-қатынасты дамытуға жасаған қадамы деп бағалайды.

XS
SM
MD
LG