Алматы облысы Нарынқолда шекара заставасындағы өрттен бір әскери қызметкер мен оның баласы қаза болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 6 желтоқсанда болған.
"Шекара заставасы аумағындағы қызметтік үй өртінді. Өртті төтенше жағдай департаментінің мамандары сөндірді. Әскери қызметкер мен оның баласы қаза болды. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды" деп жазылған хабарламада.
ҰҚК шекара қызметі қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, тиісті көмек беруге уәде берген.
Ресми БАҚ-тың жазуынша, өрт тұрғын үй секторында тұтанып, тез жайылған. Өрттің шығуына байланысты бірнеше болжам айтылып жатыр: электр сымдарының өртенуі немесе қыс кезінде жиі қолданылатын жылыту құрылғысындағы ақау. Ақпарат құралдары шалғай аудандардағы коммуникацияның ескілігін де айтып жатыр.
“Нарынқол” заставасы Алматы облысының Қытай шекарасына жақын Нарынқол елді мекенінде орналасқан.