Мәжіліс депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салуды қарастыратын түзетулерді қабылдады. 12 қарашада парламенттің төменгі палата мүшелері "архив ісі" мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулерді екінші оқылымда қарады. Құжаттың толық атауы – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы".
"Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғау туралы қоғамның алаңдауын ескере отырып, заң жобасына қоғамдық кеңістікте педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді" деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Ол былтыр "Қазақстанда ЛГБТ-ны ашық әрі жасырын насихаттауға қарсымыз" атты петицияға 50 мың адам қол қойғанын, осылайша ресми түрде қарау межесіне жетіп, нәтижесінде депутаттар тобы жоғарыда аталған түзетулерді ұсынғанын атап өтті.
Ол сөз арасында мәселе "ЛГБТ қауымдастықтарына мүше адамдарға тыйым салу" жөнінде болып отырмағанын, "ешкім олардың жеке құқықтарын шектемейтінін" алға тартты. Оның сөзінше, енгізілетін нормалар "мұндай ақпараттың таралу аясын бекітеді" және бұл "халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді".
Бұған дейін жеті халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан парламентін "ЛБГТ насихатына" тыйым салуды қарастыратын түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.
Түзетулер қабылданған жағдайда Қазақстан адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерді бұзады, арасында балалардың білім алу, денсаулығы мен ақпарат алу құқығы бар дейді мәлімдеме авторлары.
Заң жобасына сәйкес, «ЛГБТ-ны насихаттау» әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабының 2-бөлігі бойынша 10 тәулікке дейін қамауға алу және айыппұлмен жазаланады. Құқық қорғаушылар атап өткендей, түзетулер 2013 жылы Ресейде қабылданған «ЛГБТ насихатына тыйым салу» туралы заңға ұқсас.
Адам құқығын қорғау ұйымдары мұндай қадам қыркүйек айында Қазақстанды «ЛГБТ өкілдеріне қатысты кемсітушілік пен алалаушылықты жоюға» және олардың теңдігіне құқықтық кепілдікті күшейтуге шақырған БҰҰ Адам құқықтары комитетінің ұсынымдарына қайшы келетінін атап өтті.
12 қарашада жеті құқық қорғау ұйымының мәлімдемесіне реакция білдірген мәжіліс депутаты Никита Шаталов "ұлттық парламенттерге қандай норма қабылдау керектігіне ешкім нұсқай алмайды" деген. Бұған қоса, ол "аталған түзету адам құқығын бұзады" деген тұжырыммен де келіспеген.
"Қазақстанда адамдарды қандай да бір белгі бойынша қудаламайды және қудалауы да мүмкін емес. Бұл Конституциямызға қайшы болар еді. Бүгін талқыланып жатқан мәселе азаматтардың жеке өміріне қатысы жоқ. Мәселе қоғамдық кеңістік, ақпараттық алаң және кәмелетке толмағандарға тәрбиелік әсер жөнінде болып отыр" деді ол.
Халықаралық құқық пен ғылымда "ЛГБТ насихаты" деген ұғым жоқ. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың бәрі "ЛГБТ пропагандасы" туралы жазғанда "адамды кемсіту", "қоғамнан шеттету, ығыстыру", "жеккөрушілікті заңдастыру" деген тіркестермен байланыстырады.
Бұған дейін кейбір белсенділер мен құқық қорғаушылар түзетулерде "ЛГБТ мен педофилияның қатар аталуын" сынаған еді. "Педофилияны ешкім жақтамайды. Сондықтан ЛГБТ мен педофилия десе, халықтың арасында қолдау көбірек бола ма деп қыстырып жіберген болар" деген еді журналист әрі азаматтық белсенді Әсем Жәпішева Азаттыққа.
Енді түзетудерді сенат қарайды. Сенат қабылдаса, президентке қол қоюға жіберіледі.