ЖАҢАЛЫҚТАР
Марат Жыланбаев туралы фильм Алматыда көрсетілмейтін болды

Қамаудағы оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаев туралы фильмді көрсететін орын іздеген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина ақыры бірде-бір орыннан келісім ала алмағанын айтып, бұл идеядан түбегейлі бас тартқанын хабарлады.
Құқық қорғаушы бұған дейін Азаттыққа көп орындар бастапқыда келісіп, бір күннен кейін бас тартқанын айтқан еді.
Оның сөзінше, соңғы рет келіскен орын "президент әкімшілігінен хабарласып, бас тартуды талап еткенін" жеткізген.
13 маусымда Азаттық сол орынға хабарласып көрді. Өзін қонақүйдің әкімшісі ретінде таныстырған қызметкерден бас тарту себебін сұраған кезде “бұл жасырын ақпарат, оны ұйымдастырушылардың өзінен сұраңыз” деді.
Ал құқық қорғаушы “фильмді көрсете алмадық. Бірақ алдағы уақытта бұл ниетімізден қайтпаймыз, әділ, жақсы заманды күтеміз. Марат Жыланбаевқа бостандық!” деп жазды.
Журналист Сәния Тойкеннің “Марафоншы” фильмі биыл қаңтарда Азаттықтың YouTube парақшасында жарық көрген. Фильм қазір түрмеде отырған оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың спорт пен саясаттағы жолын баяндайды. Құқық қорғаушылар белсенді саяси себеппен қамауда отыр деп санайды. Ал ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.
Фильмді YouTube желісінен көру үшін мына сілтемені басыңыз
Басқа да жаңалықтар
Тоқаев пен Путин телефонмен сөйлесті

17 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен сөйлесті.
Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді АҚШ президенті Дональд Трамппен “Анкориджде өткен кездесу қорытындысымен” құттықтаған.
“Президенттің пікірінше, келіссөздер Ресейдің Украина жөніндегі ұстанымын америкалық тараптың жақсы түсінуіне септігін тигізді. Бұл күрделі мәселенің шешімін іздеуде ортақ тіл табысуға көмектеседі” деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Ақорданың жазуынша, Владимир Путин Тоқаевқа Аляскада өткен келіссөздің кейбір нақты аспектілері туралы мәлімет берген. Бірақ хабарламада нақты қандай мәлімет екені айтылмаған.
Тоқаев пен Путиннің телефон әңгімесі жөнінде Кремль ақпараты әзірге жарияланбады.
15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин Аляскада кездескен. Бұл Трамптың қаңтарда Ақ үйге оралғаннан бері Путинмен алғаш рет кездесуі.
Саммит барысында тараптар ешқандай келісім жасаспаған. Алайда Трамп кездесуді "ірі прогресс" деп бағалады, ал Путин Трамппен кейбір мәселе бойынша "келісім жасасқанын" мәлімдеп, бірақ жай-жапсарына тоқталмады.
Сарапшылар бұл келіссөзден Ресей жағы көп ұтты деп санайды: 2022 жылы ақпаннан бері Ресей Украинаға басып кіргелі бері Батыс пен әлемнің қалған бөлігінен аластатылған, санкцияға ілініп, Халықаралық қылмыстық сотпен қамау қаупі төнген саясаткер Путин бір мезетте Америка жерінде құрметпен қарсы алынып, АҚШ президенті оның қолын қысты, әлемдік ақпарат құралдары олар туралы жарыса жазды. Бұл оның халықаралық дипломатия сахнасына қайтып оралғанын білдіреді деді олар. Ал бір жеті бұрын ғана санкцияны күшейтетінін айтып, сес көрсеткен Трамптың шектеулері саммиттен кейін мүлде айтылмады.
Reuters: Путин Трамппен кездесу кезінде Қырымды "Ресей жері" деп тануды талап еткен

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездесу кезінде Украинадағы атысты тоқтату бойынша келісім аясында аннексияланған Қырымды Ресей жері деп тануды талап еткен. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.
Мәселе тек АҚШ-тың мойындауы жөнінде болып отыр ма, әлде Батыс елдері мен Украинаның мойындауы жөнінде де болып отыр ма, белгісіз. Дереккөздің айтуынша, Путин Ресейге қарсы салынған санкцияның тым болмағанда бір бөлігін алып тастағанын қалайды.
Путин ұсынған шартқа сәйкес, Киев тұтас Донецк және Луганск облыстарынан әскерін кетуі керек – сонда Ресей Херсон мен Запорожье облыстарында майдан сызығында атысты тоқтатады. Ал Украина өз жерінен кету туралы кез келген ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан.
Ақпаратқа қарағанда, Ресей Сумы облысының солтүстігінде және Харьков облысының солтүстік-шығысында басып алған салыстырмалы түрде шағын аумақты қайтаруға дайын.
DeepState мәліметінше, Ресей осы екі облыста шамамен 440 шаршы шақырымды бақылайды. Украина Донбастың шамамен 6600 шаршы шақырымын бақылауда ұстап отыр.
Дереккөздердің айтуынша, Ресей Украинаның кейбір бөлігінде орыс тіліне ресми мәртебе беруді, елде Орыс православ шіркеуінің еркін қызмет етуіне рұқсат беруді талап етіп отыр.
Fox News Мелания Трамптың Путинге жазған балалар туралы хатын жариялады

Fox News Мелания Трамптың Путинге жазған балалар туралы хатын жариялады.
Бұл хатты АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада Ресей басшысы Владимир Путинге тапсырған.
Ақпаратқа қарағанда, Путин оны сол жерде оқыған. Хат жөнінде алғаш жазған Reuters онда украин балаларының қасіреті туралы жазғанын хабарлаған еді. Бірақ хаттың мазмұнына қарағанда онда ол өте бұлыңғыр жазылған: онда тіпті Украина сөзі де айтылмайды.
“Қазіргі әлемде кейбір балалар айналасындағы қараңғылықтан аман қалған үнсіз күлкімен жүруге мәжбүр – бұл олардың болашағын тартып алуы мүмкін күштерге көрінбейтін қарсылықтың белгісіндей” деп жазылған хатта.
“Путин мырза, сол әуенді күлкіні сіз қалпына келтіре аласыз. Сол балаларды қорғау арқылы тек Ресей ғана емес, бүкіл адамзатқа қызмет етесіз” деп жазған Мелания Трамп. Хат көркем тілмен жазылған
Әзірге, Кремльдің реакциясы белгісіз.
Украинаның оккупацияланған аумағынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялағаны үшін Гаага халықаралық қылмыстық істер соты 2023 жылы 17 наурызда Владимир Путин мен Ресей бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер берген.
Politico: Еуропа жетекшілері Трамппен кездесу кезінде Зеленскийге көмектескісі келеді

Дереккөздерге сүйенген Politico-ның жазуынша, Еуропа жетекшілері Украина президенті Владимир Зеленскийдің алдағы Вашингтонға сапары барысында оны қолдауға ниетті. Осы мақсатта Зеленскиймен қатар Вашингтонға НАТО бас хатшысы Марк Рютте және Финляндия президенті Александр Стубб баруы да мүмкін. Бұл екі саясаткердің Трамппен қатынасы жақсы.
Axios-тың жазуынша, Владимир Зеленский және Еуропа басшыларымен телефон әңгіме кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен үшжақты келіссөзді 22 тамызда өткізгісі келетінін айтқан. Алайда Путин мұндай кездесуге қатысатынын ресми түрде айтпаған.
Трамп Путинмен Аляскадағы кездесуден кейін атысты тоқтатуды емес, Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім жасалғанын қалайтынын жеткізген.
Киев Донбаста украин күштері бақылап отырған аумақтан кетпейтінін мәлімдеген. Алайда бұл – Мәскеу алға тартып отырған негізгі талаптардың бірі.
Бұған қоса, бірқатар ақпарат құралдары Трамп Украинаға Мәскеумен бейбітшілік шартына қол қойған жағдайда қауіпсіздігіне кепілдік беруді ұсынғанын жазды. Мәселе НАТО-ның бесінші бабында жазылған ұжымдық қорғаныс жөнінде болып отыр. Бұл бапқа сәйкес, жаңа соғыс басталған жағдайда гарант-елдер басқыншыға бірігіп жауап береді.
Марат Жыланбаевтың туған күніне орай "марафон өтетін күні" Алматыда бірнеше адам ұсталғаны хабарланды

Алматыда "Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтетін күні" құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен тағы кемінде екі белсендінің ұсталғаны хабарланды.
Жексенбі, 17 тамызда таңертең құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина желіде өзін полиция ұстағанын хабарлады.
“Мені ұстап жатыр, Алмалы аудандық полиция басқармасына апара жатыр” деп жазды ол. Қазір құқық қорғаушының телефоны сөндірулі.
Алмалы аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінде отырған өзін Данияр Мансұров деп таныстырған қызметкер әзірге полиция басқармасына ешкім әкелінбегенін айтты. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ақпаратты анықтап көретінін, өзі хабарлайтынын айтты.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов қазір полиция басқармасына бара жатқанын, мән-жайды сол жақтан білетінін айтты.
Жексенбі күні таңертең Алматыда сонымен бірге белсенділер Нинагуль Жұманиязова мен Күміс Құлманованың да ұсталғаны хабарланды. Олар Марат Жыланбаевтың туған күніне орай өтетін шараға бара жатқан жолда ұсталды деп хабарлады "БелсенділерЭстремистерЕмес" тобы.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Қазақстанда оппозиция немесе тәуелсіз тұлғаларға қатысты қандай да бір шара, жиын немесе митинг өтер алдында полицияның белсенділерді ұстауы - жиі қолданылатын тәжірибе. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін азаматтардың пікір және жиналу еркіндігі құқықтарын бұзды деп жиі сынайды. Ресми Астана халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сынымен келіспейді.
Кейінгі кезде түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен. Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
Жыланбаевтың ахуалы жайлы дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға 31 шілдеде 78 мың теңге айыппұл салынды. Оған "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Ал құқық қорғаушы айыпқа келіспеді. Халықаралық ұйымдар шешімді сынады.
Бір күн бұрын құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі белсенді Марат Жыланбаев туралы жазба жариялаған.
15 тамызда “Письма президенту” телеграм-арнасы Марат Жыланбаевтың түрмедегі камерадан түсірілген видеосын жариялаған.
“Аштықтың салдарынан марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы мүшкіл деген интернетте тараған ақпаратты жоққа шығаратын эксклюзивті кадрлар алынды. Бақытжан Төреғожина спортшының жағдайы туралы хабарлаған” деп жазылған видео сипаттамасында
Шамамен бір минуттық видеода Марат Жыланбаевтың жеңіл жаттығу жасап, тамақ ішкені, кітап оқығаны көрінеді. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз. Онда таймер көрсетілмеген.
16 тамызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина сол видеоға қатысты пікірін жазған.
“Билік енді менің ақпаратымды күн сайын жоққа шығара ма? Маратты тірі көру үшін күн сайын жазуға дайынмын! Қараңыздар, терісі терісіне жабысып тұр. Ол кеше аштықтан шыққан кезде түсірген сияқты” деп жазған құқық қорғаушы.
Оның ұсталуына осы жазбаның қатысы бар-жоғы белгісіз.
- 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
- Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
- Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Жоғарғы сот пикетке рұқсат ала алмаған ақтөбелік белсендіге қатысты шыққан шешімдердің күшін жойды

Жоғарғы сот көру қабілетінен айырылған ақтөбелік белсенді Мұсағали Дауыловтың кассациялық шағымын қанағаттандырып, бірінші және апелляциялық инстанция шығарған шешімдердің күшін жойды. Бұл жөнінде Азаттық Азияға құжаттардың көшірмесін жіберген белсендінің өзі хабарлады.
Белсендінің сөзінше, бұл шешімдер пикет өткізу туралы өтініштерін кері қайтару үшін қолданылған, бұл оны қала әкімдігін сотқа беруге итермелеген.
"Мен [пикет өткізуге рұқсат бермеу] туралы әкімнің қаулысы мен әкімнің төтенше жағдай енгізу туралы шешімін заңсыз деп тану туралы шағым түсірдім. Сот істі қараудан бас тартты. Сондықтан апелляциялық шағым түсірдім. Апелляциялық инстанция бірінші инстанциямен келісіп, шешім шығарды – менің шағымымды қараусыз қалдырды. Кассациялық инстанцияға жүгіндім, ол бірінші және апелляциялық соттың шешімдерінің күшін жойып, бірінші инстанцияға қарауға жіберді" деді Дауылов.
Алдыңғы инстанциялардың шешімінің күші жойылғаннан кейін Дауылов істі жаңадан қарау жөнінде шағым түсірген.
Ақтөбе тұрғыны Мұсағали Дауылов жалғыз адамдық пикет пен митинг өткізу туралы ондаған өтініш беріп, рұқсат ала алмаған. Оның сөзінше, кейбір жағдайда билік 2024 жылдың 29 наурызында көктемгі тасқын кезінде енгізілген табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимінің ұзартылғанын алға тартқан. Интернетте Ақтөбе қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимінің күші жойылғаны туралы құжат табылмады.
Биыл жылдың басында Дауылов Темірлан Еңсебекті қолдап пикет өткізгісі келген. Әкімдік берілген 10 өтініштің 9-ына рұқсат бермеген.
Reuters: Трамп Путинге әйелінің хатын тапсырды. Онда Украинада ұрланған балалар жөнінде айтылған

АҚШ президенті Дональд Трамптың әйелі Мелания Трамп Владимир Путинге беріп жіберген жеке хатында Украина мен Ресейдегі балалардың жағдайы туралы жазған. Бұл жөнінде Ақ үйдегі екі дереккөзге сүйенген Reuters жазды.
Бұл хатты Путинге Аляскадағы келіссөз кезінде Трамптың өзі жеке тапсырды.
Reuters-пен сөйлескен ресми тұлғалар хаттың мазмұнына тоқталмады, бірақ Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ұрланған балалар туралы айтылғанын ғана атап өтті.
Трамп пен Путин Аляскадағы Элмендорф-Ричардсон америкалық әскери базасында 15 тамызда кешке кездескен. Саммиттен кейін АҚШ президенті келіссөз "өнімді" өткенін атап өтіп, тараптар "көп мәселе бойынша" келіскенін жеткізді.
"Өте көп пункт бойынша келістік. Бірер маңызды тұста келісе алмадық. Сондықтан келісім жоқ" деді Трамп.
Украинаның оккупацияланған аумағынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялағаны үшін Гаага халықаралық қылмыстық істер соты 2023 жылы 17 наурызда Владимир Путин мен Ресей бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер берген.
Польша президенті: Ресей әскерін шайқаста жеңуге болады

Ресей әскерін шайқаста жеңуге болатынын тарих дәлелдеген. 1920 жылы Варшавадағы шайқаста поляк сарбаздарының Қызыл армияны жеңгеніне 105 жыл толуына орай ұйымдастырылған әскери парад кезінде Польша президенті Кароль Навроцкий осылай деп мәлімдеді.
"Ресей жеңілмейтін ел емес. 20 ғасырдың басында Жапониядан жеңілді, 1920 жылы поляктардан жеңілді, ал қазір Украинаға басып кіргеннен кейін үш жылдан астам уақыт бойы ауыр кезеңді бастан өткеріп жатыр - одақтастардың қолдауы мен еркін елдердің ынтымағының арқасында" деді Навроцкий. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.
Варшавадағы парадқа шамамен 4 мың поляк әскері, НАТО елдерінен 200 сарбаз қатысты. Қала төбесінен шамамен 50 ұшақ ұшып өтті, арасында F-16 жойғыш ұшағы да бар. Ал Висла өзені бойымен Leopard, K2 және Abrams танкілері, оқ өтпейтін Borsuk және Rosomak әскери көліктері, Patriot және HIMARS артиллериялық жүйелері сап түзеп жүрді. Балтық теңізінде де 20 кеме қатысқан әскери-теңіз парады өтті.
Әскери парад Аляскадағы АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуіне дайындық қарсаңында өткен. Трамптың жақтасы Навроцкий жуырда Трамп пен Еуропа басшылары қатысқан Украина мәселесіне арналған телеконференцияға қатысқан.
НАТО мүшесі, Киевтің ірі әскери донорларының бірі Польша Ресей жағынан қауіп барын мәлімдеп келеді. 2026 жылы Варшава әскери шығынының көлемін жалпы ішкі өнімінің 5 пайызына жеткізгісі келеді.
Костенко шахтасында 46 адамның өмірін қиған апат бойынша істе үкім оқылды

15 тамызда Қарағанды соты Костенко шахтасында 46 адамның өмірін қиған апатқа қатысты айыпталған 10 адамды түрмеге жіберді.
Шахтаның директоры Сергей Мустивко 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның өндіріс бойынша орынбасары Вадим Еремин, бас инженер Николай Грознов пен №6 учаске бастығы Виктор Коптенков 7 жыл түрмеге кесілді.
Бас инженердің техникалық қызмет бойынша орынбасары Владимир Гонноченко 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бас инженердің техника қауіпсіздігі бойынша орынбасары Дмитрий Федоренко алты жыл еркіндігінен айырылды. Бас механик Дмитрий Коцар мен учаске бастығының көмекшісі Виталий Пестряковқа дәл сондай түрме жазасы берілді.
Конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушев 5 жыл түрмеге кесілді, желдету және техника қауіпсіздігі учаскесінің бастығы Владимир Шишкановқа да сондай жаза берілді.
Олардың барлығына "Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша айып тағылды.
2023 жылғы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Иван Костенко атындағы шахтада өрт шығып, жарылыс болған. Кеншілердің көбі жер бетіне өз бетінше шығып үлгерген. Биліктің хабарлауынша, алты адамды құтқарушылар шығарған. Апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, тағы 28 адам жараланған.
2023 жылғы желтоқсанда үкімет комиссиясы шахтадағы өртке не себеп болғанын тергеуді аяқтап, апатқа жұмыс беруші кінәлі деп мәлімдеді.
Костенкодағы апаттан кейін Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы көмір шахталарының және Теміртаудағы ірі металлургия комбинатының иесі "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық келісім-шарт үзілетінін мәлімдеген. Тегі үнді британ миллиардері Лакшми Митталдың компаниясы 1990 жылдары Қазақстандағы жекешелендіру кезінде кен орнының барлық активін сатып алған. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахталарында жиі апат болып, жұмысшылар қаза болған.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы активтері 286 миллион долларға сатылғанын, қазақстандық авторетейлер Андрей Лаврентьев деген азамат кәсіпорынның жаңа қожайыны атанғанын мәлімдеген. Сол кезде компания атауы Qarmet болып өзгертілген. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша компания Қазақстандағы 50 ең ірі салық төлеушілердің қатарына енбей қалған. 2024 жылы Qarmet 36 миллиард теңге салық төлеген. («АрселорМиттал Теміртау» 2022 жылы – 102 миллиард теңге, 2021 жылы —112 миллиард теңге төлеген).
Трамп: Путинмен кездесу өнімді болды, бірақ "келісім" жасалған жоқ

Аляскада АҚШ президенті Дональда Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі аяқталды. Келіссөз шамамен үш сағатқа созылды.
Бастапқыда Трамп пен Путин аудармашылардың қатысуымен бетпе-бет кездесетіні хабарланған еді. Алайда формат өзгертіліп, келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен арнайы уәкіл Стив Уиткофф те қатысты. Ресей жағынан Путиннің жанында көмекшісі Юрий Ушаков пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров болған.
Анкоридждегі саммиттен кейін басшылар ортақ баспасөз конференциясын өткізді. Онда екі басшы бір-біріне мақтау сөздерін айтысты, бірақ қандай да бір келісім жөнінде хабарламады.
АҚШ президенті Трамптың сөзінше, кездесу өнімді болған. Бірақ "келісім" жасалмағанын айтты. Ал Ресей басшысы Владимир Путин баспасөз конференциясы барысында тараптар "келісімге келгенін" бірнеше рет айтқан.
Екі басшы да журналистердің сұрақтарына жауап бермеді.
Баспасөз конфернциясының басында Ресей президенті Владимир Путин келіссөз "конструктивті атмосферада" өткенін мәлімдеді. Ол Ресей мен АҚШ-тың көрші екенін атап өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де одақтас ел болғандарын еске салды. Ол келіссөз кезінде жасалған "келісімге" тоқталып, бұл қатынасты жақсартуға жетелеуі мүмкін екенін жеткізді. Украинадағы соғыс туралы айтқан кезде Ресей басшысы "бейбіт келісімге қол жеткіу үшін соғысқа түрткі болған себептерін жою қажет" деген жиі айтатын сөзін қайталады.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп ілгерілеуішілікке қол жеткізгенін айтты. Бірақ оның сөзінше тараптар "келісімге келмеген". Трамп Путинмен "тамаша" қарым-қатынаста екенін айтып, бірнеше пункт бойынша келіскендерін, бірақ ең маңызды екі пункт бойынша келісімге келмегендерін айтты. Ол НАТО елдері мен Украина басшысы Владимир Зеленскийге хабарласатынын жеткізді.
Баспасөз конференциясының соңында Трамп алдағы уақытта Путинмен кездесуі мүмкін екенін айтты, сол кезде Ресей басшысы оны Мәскеуге шақырды. "Сенімді емеспін, бірақ баруым мүмкін" деді Трамп.
АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебін жариялады

АҚШ мемлекеттік департаменті 12 тамызда Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебін жариялады. Вашингтон баяндамасында Қазақстанда сөз бостандығы тұншықтырылып, журналистерге қарсы қысымның үдегені, азаматтарды еркінен тыс қамау мен ұстау жалғасып жатқаны, кәсіподақ ұйымдарының жұмысы қиындағаны және өзге де құқық бұзушылықтар туралы айтылған.
Есептің едәуір бөлігі Қазақстандағы баспасөз еркіндігінің шектелуі мен журналистерге қарсы шабуылға арналған. Онда сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығы Конституцияда бар болса да, үкімет "сөз еркіндігін тұншықтырып, ұстау, түрмеге қамау қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту, шектейтін заң қабылдау, бопсалау, аккредитация ережелерін өзгерту, троттлинг жасау, интернетті шектеу арқылы баспасөзге ықпал етуге тырысып жатқаны" жазылған. Үкімет азаматтардың билікті сынау мүмкіндіктерін шектейді, заң қазіргі президент пен оның отбасына "тіл тигізуге" тыйым салып, мұндай әрекет жасағандарға 5 жылға дейін түрме жазасын қарастырады деп жазды авторлар.
Есеп авторлары мысал ретінде, Қазақстан билігінен аккредитация алуда қиындыққа тап болған Азаттық радиосын қолдап пікір жазған журналист, ProTenge жобасының жетекшісі Жәмила Маричеваға "жалған ақпарат таратты" деп айыппұл салынғанын келтіреді.
Есепте "экстремизм" бойынша айыпталған, билік сыншысы, тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің 7 жылға сотталғаны да айтылған. Есеп авторлары соттың жабық өткенін, үкім алдында кемінде екі белсендінің әкімшілік жазаға тартылып, қамалғанын да еске салады.
"Құқық қорғаушылар тағылған айыптардың саясиланғанын айтқан, себебі журналист үкіметті ашық сынаған, сонымен бірге қуғындағы оппозиция жетекшісі Мұхтар Әблязовтан сұхбат алып, көрермендерге Әблязовты қорғау үшін қалай үлес қосуға болатынын айтқан" деп жазылған есепте.
Есепте сонымен бірге елде жұмысшылар кәсіподағын тіркеудің қиындағаны, үкіметтің тәуелсіз кәсіподақтардан гөрі мемлекеттік кәсіподақтарға артықшылық беруі сияқты құбылыстар атап өтілген. Қамау орындарында күдіктілердің адвокаттарымен сөйлесу құқығының шектелуі, тергеу, түрмедегі кезіндегі қысым мен азаптау, күдіктілерді күштеп мойындату сияқты жайттар тыйылмағаны айтылған.
"Үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық қауымдастықтың ашықтықты талап еткеніне қарамастан азаптауларға қатысты тергеу ашық жүргізілген жоқ. 16 қыркүйекте Алматы облысының аудандық соты 2022 жылы қаңтарда Қошмамбет ауылындағы изолятордағы 44 адамды, арасында Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары да бар, азаптады деп айыпталған алты полицейге айып таққан. Полиция қызметкерлеріне (Бауыржан Сопақов, Нұрсұлтан Хамитов, Арман Шойбеков, Берик Әбілбеков, Олжас Айдарханов және Серік Тұрпанбаев) "азаптау" және "билік өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша айып тағылды" деп жазылған есепте.
Биыл 17 қаңтарда Алматы облысының Қарасай ауданының соты "Азаптау", "Лауазымын асыра пайдалану" баптары бойынша айыпталған алты полицейді әрқайсысын үш жылға бас бостандығынан айырған еді. Бұрынғы полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған еді. Ал жәбірленушілердің адвокаттары жаппай азаптау болғандықтан іс ауыр бап бойынша қаралуы керек еді деп айтқан. Олар полицейлерге тым жеңіл жаза берілді деп санайды. Заңгерлер жәбірленуші деп 44 емес, 98 адам танылуы тиіс екенін де айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде сонымен бірге өз елінде қысымға ұшырап, Қазақстан билігінен саяси баспана сұрап, ала алмаған азаматтардың (Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан азаматтары) жағдайы да айтылады.
Былтыр соғыс жағдайында "әскерден қашты" деп айыпталған Ресейдің Түмен қаласында туып-өскен Камиль Касимовті Ресей полициясының Астанадан ұрлап әкеткені сыналады. Ресейлік полицейлер Касимовты Астанадан Балқаш маңындағы ресейлік Приозерск әскери базасына жеткізіп, сәуірден тамызға дейін сол жақта болған. Артынша Ресейдің Омбы қаласына жеткізген. Қазақстан билігінің айтуынша, Қарағанды соты Касимовтың "көші-қон заңын бұзғанын", "депортациялауды Касимовтың өзі сұрағанын" айтып, Ресейге жіберген. Омбыға жеткеннен кейін ол "әскерден қашқаны үшін" алты жыл қатаң режимдегі түрмеге кесілді.
"Сарапшылардың пікірінше, оны ұрлауға Қазақстан полициясы көмектескен, ал ол депортациялау туралы өтінішті ресейлік күштік құрылымдардың қысымымен жасаған болуы мүмкін" деп жазылған.
Ресми Астана АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл есебіне қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Қазақстан Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы тасымалдайтын мұнайды уақытша КҚК арқылы айдап жатыр

Қазақстан Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы тасымалдайтын мұнайды уақытша Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жіберіп жатыр.
Бұған – Azeri Light маркалы Әзербайжан мұнайы партиясының Жерорта экспорттық жүйесін бұзуы түрткі болған. Бұл жөнінде S&P Global хабарлады.
Шикізат сапасына қатысты мәселені алғаш рет British Petroleum 24 шілдеде анықтаған. Соның салдарынан форс-мажор қалыптасып, Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мен Түркіменстан мұнайын айдау тоқтаған. Шілде соңында Транскаспий бағытымен мұнай айдау толық тоқтады және Қазақстан мұнайды Каспий құбыр консорциумына бағыттауға мәжбүр болған. Бұл уақытша шешім екені айтылады.
Қазақстан үкіметі әзірге реакция білдірген жоқ.
Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан билігі балама жолдар, оның ішінде Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры туралы жиі айтатын болған. Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғаны айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.
Тоқаев: Енді билікте отбасылық-кландық жүйе жоқ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 тамызда “Тамыз конференциясында” сөйлеген сөзінде енді билікте «отбасылық-кландық жүйе жоқ» деп мәлімдеді. Оның сөзінен Ақорда үзінді келтірді.
“Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Енді билікте «отбасылық-кландық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі” деді ол.
Ол елде “маңызды реформалар” жүргізілгенін, “саяси жүйе тұтас жаңартылғанын” атап өтті.
"Біз бір ел, бір халық болып, әділетті, таза әрі қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеріп жатыр" деді Тоқаев.
"Отбасылық-кландық жүйе" деп Тоқаев Назарбаев тұсында тамыр жайған "кландық жүйені" меңзеп отыр.
Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін саяси реформаларды жария етіп, оны Назарбаев мұрасынан айырып, демократияға бет алатын "Жаңа Қазақстан" ретінде таныстырған. Алайда кейбір сарапшылар шын мәніндегі реформалар жүрмегенін, “Жаңа Қазақстанның” “Ескі Қазақстанның” көлеңкесінде қалды деп санайды. Тіпті кейбір белгілер Тоқаев режимінің қатаң авторитаризмге айналғанын көрсетеді деп есептейді.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірінші президент пен оның төңірегіндегілердің ықпалы күрт әлсіреді. Сол уақыттан бері Назарбаев түрлі атақтары мен мәртебелерінен айырылды, кейде қоғам тарапынан өзге де мәртебелерін алып тастау туралы талаптар естіледі.
2023 жылдың ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Назарбаевтың саяси мұрагері ретінде, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы" туралы заңның күшін жоятын және Назарбаев пен оның отбасы иеленіп келген барлық артықшылықтарды алып тастайтын заңға қол қойған.
Ал 2025 жылдың маусым айында Мәжіліс депутаты мемлекеттік құжаттардан "елбасы" сөзін алып тастауды ұсынды.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Ресейде "ұнамсыз" ұйымдар тізіміне енгізілді

Ресей әділет министрлігі халықаралық "Шекарасыз тілшілер" үкіметтік емес ұйымын елдегі "ұнамсыз" ұйымдар қатарына енгізді. Ведомство жаңартылған тізімді жариялады.
Құқық қорғау ұйымын "ұнамсыз" ұйымдар қатарына қосу туралы шешімді бас прокуратура 23 шілдеде 2025 жылы қабылдаған. Себебі айтылмайды.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы 1985 жылы Францияда құрылған. Ұйым цензурамен күрес, сөз бостандығын қамтамасыз ету, кәсіби қызметіне қатысты қудаланған журналистерді босатуды өзінің мақсаты ретінде атаған.
2002 жылдан бері "Шекарасыз тілшілер" әлемдегі баспасөз еркіндігі рейтингін жариялайды. 2025 жылы мамырда жарияланған ұйымның есебінде Ресей былтырмен салыстырғанда 9 орынға төмендеп, 180 елдің арасында 171-орын алған. Бұл 2002 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.
- Ресейде "ұнамсыз" ұйымдар қатарына енгізу іс жүзінде оның қызметіне тыйым салумен пара-пар. Олармен ынтымақтастық орнатқан адамдар қылмыстық қудалануы мүмкін.
Қаржаубай Нұрымовтың үйінің өртенуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

Алматы облысы Талғар ауданында былтыр кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үйінің өртенуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл жөнінде Алматы облысы прокуратурасына сүйенген “Қазақпарат” жазды.
“Қаржаубай Нұрымовтың үйінде болған өрт фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсетуге байланысты іс жүргізу әрекеттерін орындауға байланысты) тоқтатылды” деп жазылған прокуратура жауабында
Былтыр қазанда Талғар ауданында болған төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат қаза болған. Бір аптадан кейін қара жамылған отбасының үйі өртенген. Полиция “бөтеннің мүлкін қасақана жою” фактісі бойынша іс қозғаған. Наурызда бас прокуратура үйдің өртенуіне қатысты іс тергеліп жатқанын айтқан. Енді іс жабылып отыр.
Шерзат Полаттың өлімінен кейін көп ұзамай желтоқсанда Талғар маңында оның бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылған. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Туыстары бұған күмән келтірген. Жуырда Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс те тоқтатылғаны белгілі болды. Жәбірленуші жақ істі қайта жандандыру жөнінде өтініш түсіретінін айтқан.
Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған іс бойынша айып тағылған тоғыз адамға биыл 5 маусымда үкім шыққан. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға түрмеге қамалды. Басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Сотталған тоғыздың арасындағы кәмелетке толмаған жасөспірім сот кескен 1,5 жылдық қамау жазасын өтеп қойғандықтан биыл 23 шілде күні сот қаулысымен қамаудан босап шыққан.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған адамдардың арасында тек сол ғана апелляцияға жүгінбеген. Қалғандары үкімге келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген. Олардың шағымы 18 тамызда Алматы облыстық сотында қаралмақ.
ПІКІРЛЕР