Маңғыстау облысы әкімдігі алдында бір ер адам өзін өртегеннен кейін облыстық полиция "қол жұмсау жағдайына жеткізу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде Lada басылымы жазды.
Ақпаратқа қарағанда, 5 желтоқсанда облыс әкімдігіне бір ер адам аймақ басшысымен кездесуге барған.
Оған "бейсенбі күні азаматтарды қабылдамайды" деп айтқаннан кейін ер адам өзін өртеген.
Әкімдіктің хабарлауынша, полиция мен әкімдік қызметкерлері дереу отты сөндіріп, жедел жәрдем көлігін шақырған. Дәрігерлер келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмек берген.
Бұдан кейін ер адам Ақтау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр.
Басылымның жазуынша, өзін өртеген ер адам аутстаффинг компанияның қызметкері болуы мүмкін. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, ол Samruk Bussines Academy-ның бұрынғы қызметкері. Аталған компанияның қызметкерлері бір ай бұрын Lada басылымына президент және облыс басшысына бағытталған видеомәлімдеме жіберген.
7 қараша күні жарияланған мәлімдемеде оннан астам жұмысшы 1 қарашадан бері билік органдарына жұмыссыздық мәселесін алға тартып, бірнеше рет қайырылғанын, алайда жауап болмағанын айтқан. Жұмысшылар "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы жетекшілерінен жағдайды шешуге көмектесулерін сұраған.
Жұмыс беруші мен компания басшыларының видеомәлімдемеге реакциясы жөнінде ақпарат шықпады.