Accessibility links

Лавров Такерге сұхбатында Ресей АҚШ-пен "қалыпты қарым-қатынасты" қалайды деді


Сергей Лавров
Сергей Лавров

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров америкалық тележүргізуші, Fox News-дың бұрынғы қызметкері Такер Карлсонға берген сұхбатында "Ресей АҚШ-пен соғыс жағдайында тұр ма?" деген сұраққа "олай айтпас едім" деп жауап берген.

Видеосұхбат 6 жетоқсанға қараған түні жарияланды. Сұхбаттың мәтіні Ресей сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды. Мәтін орыс және ағылшын тілдерінде шыққан.

АҚШ-пен соғыс туралы сұраққа жауап берген Ресей министрі "Мәскеудің діттегені бұл емес" деді.

"Әрине, барлық көршілерімізбен қалыпты қатынаста болғымыз келеді. Жалпы барлық елдермен, әсіресе АҚШ сияқты ірі елмен де" деді Лавров сұхбатта.

"Біз жағдайды ушықтырғымыз келмейді. Алайда Ресей аумағына ATACMS және алысқа ұшатын өзге де қару түрлері қолданылып жатқандықтан біз сигнал жібереміз. Бірнеше апта бұрынғы "Орешник" жаңа жүйесімен жасалған [сигналды] салмақты түрде қабылдады деп үміттенеміз" деді Ресей сыртқы істер министрі.

Бір күн бұрын Мальтада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің министрлерінің отырысында Сергей Лавров АҚШ-ты қатаң сынап "қырғи-қабат соғысы жанданып, бұдан да қауіпті кезеңге өтуі ықтимал" деп мәлімдеген. Лавров АҚШ-ты қауіпсіздік келісімінен бас тартты деп айыптап, ЕҚЫҰ-ны "Еуропаны АҚШ-қа бағындыру бағытының құрбаны" деп атаған.

Такер Карлсонға берген сұхбатында Сергей Лавров АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп туралы пікірін айтқан. "Менің ойымша, ол істі кейінге қалдыруды ұнатпайтын, өз дегеніне жеткісі келетін мықты адам" деді ол.

Трампты қолдап жүрген Карлсон бұған дейін "Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас қазір қай орында тұрғанын" анықтағысы келетінін айтқан. Ол АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден әкімшілігін АҚШ-ты Ресеймен ядролық жанжалға жақындатты деп айыптаған. Бір мезетте ол екі ел арасында "ортақ дипломатиялық арна" қалмағанын да жеткізген.

"Қандай шарт орындалса, Ресей Украинадағы әскери қимылды тоқтатады?" деген сұраққа Сергей Лавров "Киев НАТО-ға қосылудан бас тартып, ел аумағындағы батыстың әскери базаларын жауып, шетел әскерімен бірлескен әскери жаттығуларды тыйған кезде" мәселені "бейбіт жолмен шешуге болады" деді.

Украиналықтар туралы айтқан кезде Ресей министрі Мәскеу "украин халқын қырып-жоюды көздеп отырған жоқ" деді.

"Олар Ресей халқына бауырлас" халық деген Лавров "соғысты біз бастаған жоқпыз" дегенді меңзеді.

Такер Карлсон Сергей Лавровтан Ресей түрмесінде көз жұмған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың өлімінің себебі туралы да сұраған. "2020 жылы күзде Германияда емделген, жуырда көз жұмған Навальныйдың медициналық анализдерінің нәтижесі қайда деген сұраққа жауап жоқ" деді Лавров.

Лавров сұхбатта Навальныйдың өліміне "Германияда емделген кездегі жайттар себеп болуы мүмкін" дегенді меңзеген.

"Ол Ресейде жазасын өтеп жүріп көз жұмды. Бұған дейін хабарлағандай, ол уақыт өте келе өзін нашар сезіне бастаған. Немістерден сынақ нәтижелерін көрсетуді сұрағанымыздың тағы бір себебі осы болды" дейді Лавров.

Алексей Навальный Ямал-Ненецк автономды өлкесіндегі Харп қаласында "Полярный волк" түрмесінде 2024 жылы 16 ақпанда көз жұмды. Оның өлімі туралы қорытынды құжатта саясаткердің "табиғи себептерден қаза болғаны" жазылған. Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын мәлімдеген.

Алексей Навальный 2020 жылы тамызда уланып, кейін Германияда емделген. Берлиндегі мамандар оның ағзасынан "Новичок" уының іздерін тапқанын хабарлаған. Навальный өзін улауға Кремльдің қатысы барын мәлімдеген. Оның жақтастары жүргізген зерттеу оның улануына ФСБ қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін көрсеткен. Ресей билігі улау фактісін жоққа шығарғанмен Навальныйды батыстың арнайы қызметі улауы мүмкін дегенді де меңзеген.

XS
SM
MD
LG