Accessibility links

Латвия президенті Стамбұл конвенциясынан шығу туралы заң жобасын сеймге қайтарды


Латвия сеймі (парламент) отырысы.
Латвия сеймі (парламент) отырысы.

Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс сейм (парламент) мақұлдаған елдің Стамбұл конвенциясынан шығуы жөніндегі заң жобасына қол қоюдан бас тартып, оны Конституцияның 71-бабына сәйкес парламентке қайта қарауға жіберді. Мұндай ақпарат Латвия президентінің ресми сайтында жарияланды.

Президент сейм төрағасына жолдаған хатында:

"Сейм белгілі бір жағдайда және дайындық жұмыстары аяқталған соң тиісті рәсім аясында халықаралық шарттан шығу туралы шешім қабылдай алатынына еш күмән жоқ. Өкінішке қарай, мұндай шешімге негіз болатындай қажетті дайындық жүргізілмегенін атап өтуге тура келеді", – деп айтқан.

Қазан айының аяғында Латвия сеймі ұзаққа созылған пікірталастан кейін әйелге қарсы зорлық-зомбылықтың барлық түрімен күресуге бағытталған Стамбұл конвенциясынан шығу туралы бастаманы қолдап дауыс берген еді. 29 қазанда Ригада осы конвенцияны қолдау акциясына шамамен бес мың адам қатысты.

Әйелге қарсы зорлық-зомбылық пен тұрмыстағы әлімжеттікке қарсы күрес жөніндегі Еуропа Кеңесінің келісімі 2011 жылы Стамбұлда қабылданып, Стамбұл конвенциясы деп аталып кеткен құжатты 39 мемлекет ратификациялаған. Құқық қорғаушылар көптеген елде бұл конвенцияны жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызуға мүмкіндік берген маңызды құқықтық құрал деп есептейді.

Латвия бұл құжатқа 2016 жылы қол қойып, ұзақ талқылаудан кейін 2024 жылы ратификациялаған. Конвенцияға қарсы болғандар оның кейбір баптары дәстүрлі отбасы құндылықтарына қайшы деп мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG