Accessibility links

Қадыржан Батыровтың дүние-мүлкі қайда?


"2010 жылдың маусымында Қырғызстанның түстігіндегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды" деп айыпталып, елден қашып кеткен Қадыржан Батыров. Жалал-Абад, 11 сәуір 2010 жыл.
"2010 жылдың маусымында Қырғызстанның түстігіндегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды" деп айыпталып, елден қашып кеткен Қадыржан Батыров. Жалал-Абад, 11 сәуір 2010 жыл.

2010 жылдың маусымында Қырғызстанның түстігіндегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталып, елден қашып кеткен Қадыржан Батыров пен Иномжан Әбдірасуловтардың дүние-мүліктеріне қатысты дау әлі толастаған жоқ.

«Мемлекет иелігіне өтті» деп хабарланған ол дүние-мүліктің нақты қайда екені белгісіз. Бірақ қамау салынған жылжымайтын мүліктің жеке адамдардың қолына өтіп, әлдекімдерге сатылып кеткені жайлы фактілер анықтала бастады. Одан бері бес жыл өтсе де, құқық қорғау органдары Әбдірасулов пен Батыровтың өзге елдердегі есеп-шоттары мен жылжымайтын мүлкіне қамау сала алмай отыр.

«ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ САТЫЛЫП ЖАТЫР»

Сырттай өмір бойына түрмеге кесілген Қадыржан Батыров пен Иномжан Әбдірасуловтың дүние-мүлкін тәркілеу шешімі 2011 жылы шыққан. Сот шешімі негізінде Қадыржан Батыров пен оның әйелі Карамат Батырованың меншігіндегі 28 нысан мемлекет пайдасына тәркіленген.

Бірақ жергілікті халық «Батыровтың меншігінде болған жер телімдері, фермалар, автомобильдер, ауыл шаруашылық және құрылыс техникалары сот шешімінде анық жазылмаған әрі толық тізімделмеген» деп мәлімдейді. Сондықтан бұл мүліктің техника және жер телімдері сияқты бір бөлігі әлдекімдерге сатылып кеткен.

Батыровтың меншігі болған «Әл-Каб» және «Экрос» компанияларына тиесілі мүліктерді сату фактісі бойынша 2014 жылы қылмыстық іс қозғалған.

Жалал-Абад облысында тұратын құқық қорғаушы Анарбай Оразовтың айтуынша, биыл сәуірде қамау салынған жер телімдерін сатып жіберу фактілері анықталған.

Қадыржан Батыровқа тиесілі делінген ғимарат. Жалал-Абад.
Қадыржан Батыровқа тиесілі делінген ғимарат. Жалал-Абад.

– Қамау салынғанына қарамастан, Созақ ауданы Таш-Бұлақ ауылы басқармасы әкімі Мұзаффар Исақов жер телімдерін сатып жатыр. Оған бұл құқықты кім берді? Бұл мәселе бойынша Созақ ауданы әкімі мен облыс прокуратурасына арыздандық. Аудан басшылығы мен облыстық прокуратура біздің арызымызды қарап, тексеру жүргізудің орнына ауыл басшысын қорғаштайды. Бәрі бірігіп алып, жер телімдерін «тастақ жер» деген категорияға ауыстырып жіберген әрі сатуға рұқсат беріп қойған. Бәрінің көздеген мүддесі бір. Заңды бұзды деген айыптауларға қарамастан Мұзаффар Исақов тергеу амалдарын елемей отыр. Соған қарағанда, бәрінің мықты сүйеуі бар шығар, – дейді құқық қорғаушы Анарбай Оразов.

Бұл іске әкімдік және прокуратура сияқты жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысы бар деген айыптаулар әзірше құжат жүзінде расталған жоқ. Оны дәлелдеу үшін әлгі жер телімдері Батыровтың компанияларына тиесілі екенін растайтын құжаттар керек.

Жалал-Абад облысы прокурорының міндетін атқарушы Нұрлан Дарданов құқық қорғаушының айыптауын теріске шығарады.

– Бұл кісі жалған ақпарат таратып отыр. Батыровтың дүние-мүлкі толығымен мемлекет меншігіне өткен. Қазір оның бүкіл мүлкі – мемлекеттік мүлікті басқару қоры иелігінде. Тәркіленген мүлікті басқару үшін халықтық мемлекеттік кәсіпорын құрылған. Тізімге енген жер телімдері сатылып жатыр деген сөздер – бос әңгіме, – дейді Нұрлан Дарданов.

ДАУЛЫ ЖАЙТТАР

Қадыржан Батыровтың дүние-мүлкіне кезінде ресейлік «Вацет» фирмасы да таласқан. Фирма өкілдері «Батыров біздің фирмаға 1 миллион доллар қарыз, 2012 жылы Жалал-Абад ауданаралық сотында жеңгенбіз» деп мәлімдейді. 2014 жылдың 5 маусымында талап-арызды қараған жоғарғы сот оны облыстық сотқа қайтарған. Қамау салынған мүлікке қатысты мәселе сол кезден бері әлі шешілмей келеді.

Бірақ бас прокуратура өкілі Санжар Абжаловтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты дау да, сот процесі да баяғыда аяқталған.

Қадыржан Батыровқа тиесілі делінген ғимараттың іші. Жалал-Абад.
Қадыржан Батыровқа тиесілі делінген ғимараттың іші. Жалал-Абад.

– 28 нысанға қатысты мәселе баяғыда шешіліп қойған. Бүкіл мүлік мемлекеттік мүлікті басқару қорына өткен, қазір мүлікке сол орган жауапты. Прокуратура органдары заң аясында мүлікке қамау салып, оны мемлекет меншігіне өткізген. Енді оны сақтау жауапкершілігі мемлекеттік органның мойнында, – дейді ол.

Бірақ мемлекет меншігіне нақты қандай 28 нысан өткенінен қоғам әлі хабарсыз. Неге екені белгісіз, бұл тізімге қандай жер телімдері немесе өзге дүние-мүлік түрлері, қандай құнды қағаздар енгені туралы ақпаратты ешбір мемлекеттік орган хабарламайды. «Бұл ақпаратты неліктен құпияландырып тастаған?» деген сұраққа да кесімді жауап жоқ.

Жалал-Абадта тұратын саясаттанушы әрі журналист Жалил Сапаров Батыровтардың мүлкін айналымға енгізу мен пайдалану процесінің созылып кетуі әрі ақпарат тапшылығы жұрттың күдігін тудыратынын айтады.

– Бұл мүлік жайлы халыққа ашық әрі нақты ақпарат бермей отыр. Мысалы, тәркіленген мүліктің баланстық құны қандай екені де, ол тізімге қандай нысандар енгізілгені де белгісіз. Нақты ақпаратты ешкім бергісі келмейді. Сондықтан жұрт арасында «бұл жерде әлдебір былық бар» деген күдік туады. Құзырлы органдар жұртқа бәрін жария етуі тиіс. Жария ақпарттың жоқтығынан «Батыровтың дүние-мүлкін шенеуніктер өзара бөлісіп алды» деген қауесет тарап отыр, – дейді Жалил Сапаров.

ТІЗІМГЕ ЕНБЕГЕН ЗАУЫТ ПЕН ФЕРМА

Мемлекеттік органдар мен прокуратурадан Иномжан Әбдірасуловтың Ош облысы Қарасу ауданы Қашқар-Қыстақ ауылындағы мүлкі туралы да ақпарат алу мүмкін болмады. Облыс прокуроры орынбасары Маматкарим Айтикулов жазбаша сауалға заң аясында қарстырылған мерзім ішінде жауап беруге келіскенімен, Иномжан Әбдірасуловтың мүлкіне қатысты комментарий беруден бас тартты.

Қарасу ауданының аты-жөнін атағысы келмеген тұрғыны «Әбдірасуловтың мүлкі мемлекет иелігіне өткен жоқ, оны қазір жеке адамдар пайдаланып отыр» деп мәлімдейді.

– Бұрын Иномжан Әбдірасуловтың меншігінде болған мақта тазарту зауыты мен мал фермасы қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ әлгі нысандардың иелері өзгеріп кетіпті. Меніңше, олар билікке жуық адамдар сияқты. Бұрын мақта тазарту зауыты «Эргеш ата» деп аталатын. Қазір ол жерге Cotton Textile Factory деген жазу іліп қойыпты. Бұл екі нысан мемлекет иелігіне өткен жоқ. Оларды әлдекімдерге сатып жібергені немесе жалға бергені белгісіз. Бұл екі нысан тәркіленген мүлік тізімінде де жоқ. Меніңше, бұрынғы қожайындары мен кепілдік бергендер сөз байласқан сияқты, – дейді ол.

ШЕТЕЛДЕГІ ДҮНИЕ-МҮЛІК

2011 жылы Қадыржан Батыровқа қатысты шыққан сот үкімінде оның дүние-мүлкі толық тәркіленуі тиіс деп көрсетілген. Бірақ оның атына Жалал-Абад облысы Созақ ауданындағы шағын жер телімі ғана ресімделгені кейінірек белгілі болды. Батыров атындағы халықтар достығы университеті, «БатырАвиа» компаниясының ИЛ-76 және ЯК-40 маркалы төрт ұшағы, «Достық» акционерлік қоғамы, «Сельхозхимия» фирмасы, медициналық клиника, Жалал-Абадтағы «Шабдалызар» базары, 2 мың бас қой-ешкі, 300 бас ірі қара мал бар ферма, әлденеше гектар жер телімдері оның туыстарының атына жазылғаны тексеру барысында анықталған.

Қадыржан Батыровқа тиесілі делінген ғимарат. Жалал-Абад.
Қадыржан Батыровқа тиесілі делінген ғимарат. Жалал-Абад.

Тергеушілер мұндай ондаған мысал келтіруге болатынын айтады. Олар мүлікті Батыровтың сенімді адамдары атына заңсыз рәсімдеуге жергілікті және орталық билік өкілдерінің қатысы бар деп күдіктенеді.

Оның үстіне шетел ақпарат агенттіктері Батыров пен Әбдірасуловтың Қырғызстаннан тыс жерлердегі бизнесі жайлы ақпаратты жариялаған. Болжам бойынша, Мәскеудегі «Аллстрой-Текс», «Холор», «Арк-Транс» және «Савин» сияқты ірі фирмалар да – Қадыржан Батыровтың меншігі.

Мәскеудегі «ДГЛ-Групп» фирмасы мен Курскідегі «Новость» темекі фабрикасы да Батыровтың меншігі деген болжам бар. Мәскеудегі «Экрос» акционерлік қоғамында, Ферғана мұнай зауыты мен Өзбекстандағы темір жол материалдарын сату фирмасында Батыровтың үлесі бар деген де дерек айтылған. Бірақ құқық қорғау органдары ол нысандардың ешқайсысына қамау салып, мемлекет пайдасына тәркілей алмаған.

XS
SM
MD
LG