29 қыркүйекте Молдованың бұрынғы президенті Игорь Додон жетекшілік ететін "Патриоттық сайлау блогы" саяси альянсының жақтастары Кишиневтегі парламент ғимараты алдына жиналып, жексенбіде өткен парламент сайлауының нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.
Додон қазіргі президент Майя Сандудың "Әрекет және ынтымақ партиясын" (PAS) "билікті тек диаспора дауыстарының арқасында сақтап қалды" деп айыптады. Ол Орталық сайлау комиссиясына шағым түсіретінін айтып, өз блогы басқа оппозициялық күштермен бірге ел ішінде PAS-тен көп дауыс алды деп мәлімдеді. Әйткенмен Додон жақтастарын тарауға шақырып, тек өзі белгі бергенде ғана қайтадан көшеге шығуға үндеді.
Азаттықтың Молдова қызметінің хабарлауынша, наразылық акциясы шамамен 15 минутқа ғана созылған, ұсақ-түйек кикілжің болған.
Шара болып жатқан маңынан өтіп бара жатқан бір адам "Украина жасасын!" деп айқайлаған сәтте наразы топ ысқырып, шулап қоя берген. Жағдайға полиция араласып, әлгі адамды ұстаған, ал наразылардың кейбіреуі ресейшіл ұрандар айта бастаған.
Молдовада 28 қыркүйекте өткен сайлаудың қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 50,16 пайызы қолдау білдірген PAS партиясы парламенттегі 55 орынға ие болды. Ал Додон бастаған "Патриоттық сайлау блогы" екі есе аз дауыс жинаған.
Шетелде дауыс берген Молдова азаматтарының шамамен 80 пайызы президент Майя Сандудың партиясын қолдаса, 5 пайыздан сәл астамы Додон альянсына дауыс берген.
Кейінгі айларда Молдова билігі ресейшіл құрылымдардың елге іріткі салуды көздеген әрекеттерін бірнеше рет әшкерелегенін мәлімдеген еді. Ресей шетелдегі сайлау іс-шараларына араласады деген айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.