Accessibility links

Мен көрген Жаңаөзен


Қақтығыстың басталған сәті. Жаңаөзен. 16 желтоқсан 2011
Қақтығыстың басталған сәті. Жаңаөзен. 16 желтоқсан 2011
Жаңаөзендегі оқиғаны сол кезде басқа ақпарат құралында жұмыс істеген Азаттық тілшісі өз көзімен көрді.

«ӨРКЕН, БІЗДІ АТЫП ЖАТЫР!»

Мен 2011 жылдың 16 желтоқсаны күні Жаңаөзенге бардым. Ақтаудан Жаңаөзенге қарай жолға шығып, қалаға шамамен 50 шақырымдай қалғанда қалтамдағы телефон безек қағып қоя берді.

Хабарласқан жаңаөзендік мұнайшылардың бірінің «Өркен, бізді атып жатыр!» деген ашу мен үрей аралас даусы естілді. Әуелде түсінбей қалдым. «Кімді? Неге? Қалай атып жатыр?» деп сұрап едім «Бізді... Травматика-ау деймін... Сен қашан келесің?» деп жауаптың аяғын сұрақпен аяқтады.

Жалақыға қосымша төленетін аймақтық коэффициентті қалдыруды талап етіп ереуілге шыққан мұнайшылар. Жаңаөзен. 10 наурыз 2010. Жеке мұрағаттағы сурет.
Жалақыға қосымша төленетін аймақтық коэффициентті қалдыруды талап етіп ереуілге шыққан мұнайшылар. Жаңаөзен. 10 наурыз 2010. Жеке мұрағаттағы сурет.
Қысқаша болған тіл қатысудан-ақ оның қатты абдырап тұрғаны байқалды. Осы аралықта Жаңаөзенде жүрген әріптестеріміз де хабарласып, мән-жайдан құлағдар етті. Олардың сөзіне қарағанда, онда нағыз соғыс қимылдары жүріп жатқандай...

Былтыр жаздай мұнайшылар ереуілі кезінде олармен жақсы араласып кеткен едік. Жеті ай ереуілдеген мұнайшылардың қасында айына он бес күннен, алты ай бара жүріп өзім де оларға әбден бауыр басып қалғанмын.

Әсіресе, Тәуелсіздік алаңында ереуілдеген жаңаөзендік мұнайшылармен қарым-қатынасымыз ерекше-тін.



16 ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЖАҢАӨЗЕН

Бір жарым сағаттан аса уақытта Ақтаудан 150 шақырымдық жердегі Жаңаөзен қаласына жеттік. Қалаға жақындап қалғанда, алыстан Жаңаөзен жақтан бірнеше жерден шығып жатқан қою қара түтін көрінді. Артынан білдік, бұл өртке оранған қала орталығындағы шаһар әкімдігі мен "Өзенмұнайгаз" компаниясының өндірістік филиалының ғимараты және "Аруана" қонақ үйі екен.

Уағдаласқан жерде әріптестерімізбен кездестік. Әшейінде көңілді жігіттердің ұнжырғасы түсіп кеткен. Түрлері өрт сөндіргендей. Өздері оқиғаның қандай бағыт алғанын баяндайтын бейне түсіріп үлгерген.

Мұндай жағдайды бірінші рет көрген біз "Қалай қимылдауымыз керек?" деп кеңестік. Ақылдаса келе, екі көлікке мінген екі түсіру тобы бірге жүріп, алаңға жақындайтын болдық.

Жаңаөзендегі өрттің түтіні. Reuters TV видеосынан скрин-шот. 16 желтоқсан 2011
Жаңаөзендегі өрттің түтіні. Reuters TV видеосынан скрин-шот. 16 желтоқсан 2011
Қаланың ішін ыстың иісі алып кеткен. Қою түтін қалың тұман секілді. Көшеде адамдар әрлі-берлі сапырылысып жүр. Бейнебір 120 мың халық мекендейтін Жаңаөзен тұрғындарының бәрі бірдей көшеге шығып кеткендей. Жас та, жасамыс та қаланың орталығына қарай ағылып барады.

Екі көлікке мінген біз алаңның маңындағы бес қабатты үйлердің ауласына келіп тоқтадық. Келісім бойынша, операторлар осы үйлердің төбесіне шығып, камераға түсіруі тиіс. Бұл үйлердің де үстінде жастар өріп жүр. Бәрі Тәуелсіздік алаңына қарап тұр. Кейін білдік, бұл кезде оқ атқан полицейлер алаңнан кетіп үлгерген екен.

Оқиғаның қаншалықты қайғылы екенін ұққан біз қатты абыржыдық, абдырадық. Сондықтан журналист ретінде еркін қимылдай алмадық.

Осылай жүргенде түс ауды. Ал бізге қолдағы мәліметті интернетпен Алматыға жіберу керек. Ол үшін Ақтауға бару қажет. Өйткені қалада ұялы байланыс, интернет өшірілген. Сырт әлеммен байланыс жоқ. Ақтауға аттандық.

ЖАҢАӨЗЕН ЖОЛЫНДА

Жаңаөзеннен шығып, тасжолға түскенімізде қарсы алдымыздан үлкен автобустарға мінген полиция колоннасын көрдік. Полиция көліктері Жаңаөзенге қарай ағылып жатты. Оларды жол полициясы көліктері бастап келеді. Одан кейін әскери көліктер көріне бастады. Мұнан бөлек, қалаға БТР көліктері мен екі тікұшақтың бағыт алғанын көзіміз шалды.

Автобусқа және "Урал" секілді ауыр әскери көліктерге мінген полиция мен әскерилер өздерін жол бойында тым еркін ұстады. Үйлерін кілттеп, Жаңаөзенде қалмас үшін қаладан кетіп жатқан көліктерді жол жиегіне иіріп қойды. Полицияның біреулерге жұдырық түйгенін де көрдік. Мұнысын олар бізге де істеді.

Сол аралықта қалаға қанша полиция барғаны бізге беймәлім. Мәлімі - оқиға болғаны туралы ақпар жетісімен, әскерилер бірінші кезекте қалаға кіре берістегі мұнай өңдеу зауытын күзетке алған. Оны кейін, ойда жоқта анықтадық.

ӘСКЕРИЛЕР ҚҰРСАУЫНДА

Айналасы бірнеше сағаттың ішінде қараңғы түсті. Бұл уақытта біз де Ақтаудағы жалдамалы пәтерімізге жеткен едік. Ол жерде көп болмадық. Жарты сағат шамасында көлікке хабарласып, Жаңаөзенге қайта баратын болдық.

Бұл шешімге келудің өзі оңайға соқпады. Ал бізбен еріп жүруге тиісті оққағар қалаға барудан бірден бас тартты.

Әуелде бізге "Жетібайдың тұсында пост қойылыпты. Ары қарай жібермейді" деген ақпарат жетті. Жетібай – жарты жолдағы елді-мекен. Алайда Жетібайдан кедергісіз өтіп, екі сағат шамасында Жаңаөзенге кірдік. Қала тас қараңғы. Байланыспен қатар электр жарығы да өшірілген. Бірақ көшеде адамдар әлі жүр екен.
Өртенген ғимарат. Жаңаөзен. 17 желтоқсан 2011
Өртенген ғимарат. Жаңаөзен. 17 желтоқсан 2011

Сағат түнгі 11-ден асқан уақыт. Көлік жарығымен көріп келеміз. Күндіз өртенген ғимараттардың қатары толыға түскен. Кафе, дүкендер тоналыпты. Көліктен түсіп, алаңға бармақ болдық. Таксист ол жерге жоламайтынын бірден айтты. Көлігін әрірек, үйлердің арасына қойды. Біршама жер жаяу баратын болдық. Алайда бұл ойымыздан түк шықпады. Жарты жолдан кері қайттық. Таныс мұнайшыларды кезіктіріп қалармыз деген оймен көлікпен қала ішін аралап, айналшықтап жүрдік.

Ақыры ешкімді кезіктірмедік. Сұмдық көріністі көлік терезесінен көріп келеміз. Сол кезде қаланың үрейлі болғаны соншалықты, бүкіл Жаңаөзен қорқынышты кино түсіруге арнайы дайындалған түсіру алаңы секілденіп тұрды. Оған қоса күн таңертең ғана жып-жылы болса, кешке жел күшейіп, аяз қыса бастады. Сол күннен бастап қыс қаһарына шындап мінді. Сол кезде қар да қалың жауды.

Осылайша қаланы айналып шықтық. Үшеуміз де үнсізбіз. Оператор камерасымен әлек. Жүргізуші рөлге жабысқан. Мен өзімше ой үстінде келемін. Осының бәрі түс секілді. Сағат түнгі 12 болып қалды. Қайтатын болдық. Ақтауға апаратын жолға түстік. Бір кезде жүргізуші қаланың шыға берісіндегі мұнай өңдеу зауытына қарай бұрылма жолға түскенін байқадым. Оған кері айналып, негізгі жолға түсу керектігін айттым. Ол ештеңе естімеген адамдай солай қарай тартып бара жатты. Құлағының мүкістігі есіме түсіп, дауыстап айтып ем, "қазір" деді. Бірақ ендігісі кеш еді.

Алдымыздан мұздай қаруланған әскер шығып, көлікті тоқтатты. Бет ауыздарын тұмшалап алған. Екі жүз метрдей жерде зауыттың қақпасы көрінеді. Ол жерде де әскерилер жүрді. Бізді тоқтатқандардың екеуі көліктің екі жағына, енді бірі алдымызға шығып, қаруларын кезеніп тұра қалды. Енді бірі көлікке жақындап келіп кім екенімізді сұрады. Алдында отырған оператор жауап беріп жатыр: "Журналистпіз, Жаңаөзенге келдік..." деген. Қайта сұрады: "Қандай мақсатпен жүрсіңдер?". "Журналистпіз деймін... Куәлігімді көрсетейін бе?.." деп, қолын төс қалтасына сала бергені сол еді, әскери адам артқа қарай ыршып кетті.

Жан-жағымызда мылтық кезеніп тұрғандар қаруларын дәлдеп кезеніп, атып жіберердей бізге қарай ұмсына түсті. Бізбен сөйлесіп тұрған әскери адам "Қажет емес!" деп айқайлады.
Қазақстан қарулы күштерінің теңіз жаяу әскері сарбаздары. Маңғыстау облысы, 22 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстан қарулы күштерінің теңіз жаяу әскері сарбаздары. Маңғыстау облысы, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Содан кейін "Постқа қарай өтіңдер! Іштен адам шығып, ары алып кетсе, алып кеткені. Болмаса, сол жерде қаласыңдар" деді.

Осы кезде операторға қарап: "Біз адасып кеттік. Ақтауға бара жатырмыз. Осы жерден кері айналамыз да, кетіп қаламыз" деп айтсаңшы", - дедім. Ол соны айтып еді, әскерлер "Онда тез кетіңдер!" деді бұйырып.

Бұрылдық та, жедел зымырадық. Қаладан шығар жердегі "Жаңаөзен" деген жазудың қасында камера қосып, «стэнд ап» (журналистің камераға қарап тұрып сөйлеуін айтады - ред.) жасадық.

АҚТАУ АУРУХАНАСЫНДА

Тас қараңғы түн. Ақтауға қарай келе жатырмыз. Бір кезде арт жағымыздан жалт-жұлт еткен «мигалкалар» көріне бастады. Сирена дауысы да жақындаған сайын анық естілді. Байқасақ, жедел-жәрдем екен. Алты-жеті көлік Ақтауға қарай асығып барады. Соңдарынан ердік. Бұл көліктерде Жаңаөзенде оқ тиіп жараланғандар бар екенін ауруханаға келгенде білдік. Межелі жерге жедел-жәрдемнен бұрын жеттік. Облыстық аурухананың маңайы жараланғандардың туған-туыстарына толы екенін де көрдік. Әйелдер жағы жылап жүр. Азаматтардың да еңсесі түскен.

Көп кешікпей жедел-жәрдем көліктері де келе бастады. Ішінен үсті-басы қанға боялған жеті адамды түсірді. Бірінің аяғынан, бірінің қолынан, енді бірінің денесінен оқ тиіпті. Олар өздігінен жүре алмайды.
Шолпан Өтекеева "К+" арнасына Жаңаөзен оқиғасы жайында сұқбат беріп тұр.
Шолпан Өтекеева "К+" арнасына Жаңаөзен оқиғасы жайында сұқбат беріп тұр.

Жаңаөзендік мұнайшы Шолпан Өтекееваны да сонда жолықтырдым. Оның күйеуі аяғынан оқ тиіп, жарақат алыпты.

Аурухана маңында жарты сағаттан астам уақыт айналдық та, түнгі үшке тақау пәтерге қайттық. Ал ертеңінде сол түні ауруханаға жеткізілген жеті адамның екеуі көз жұмыпты деген суық хабарды естідім.

ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН ЖАЗУ

Желтоқсанның 17-сі күні сағат таңғы 10-нан өте Жаңаөзенге келдік. Кешегідей емес, көшедегі адамдардың қатары сиреген. Бірақ соның өзінде мыңдаған адам әлі де алаң маңында жүр. Мұнайшылар ереуіл кезінде тұрақ еткен Тәуелсіздік алаңында полиция жасағы тізіліп тұр. Алаңның ортасында, жан-жағында бірнеше қатарға тізілген мыңдаған полиция мен әскерлер тұрды. Түнімен ұйқы көрмеген мұнайшылар үлкен ақ матаға "Бейбітшілік", "Мир" деген сөздерді жазып алып, көшеде жүрді. Мұнайшылар қызыл бояумен жазылған осы сөздер "төгілген өз қандарымен жазылғанын" айтты.

Мұнайшылардың алдына сол кездегі қала прокуроры шығып, «егер қалада дүкендер тоналып, ғимараттар өртенбей, тыныштық сақталатын болса, заңды түрде ереуіл жасауға мүмкіндік берілетінін» айтты. Әйелдер жағы қолдарына бір
Оқиға орнынан табылған гильза. Жаңаөзен. 19 желтоқсан 2011
Оқиға орнынан табылған гильза. Жаңаөзен. 19 желтоқсан 2011
күн бұрын атылған автомат оқтарының гильзаларын жинап алып, покурордан: "Мынау не? Неге атасыңдар?!" деп ашына сұрап жатты. Халық пен прокурордың арасы - бірнеше қадам. Тойғанбаевтың екі жағында бойлары ортадан төмен, қара киім киген, бір-бірінен аумайтын екі жігіт мылтық кезеніп тұрды.

Осы жерде кейіннен Жаңаөзен оқиғасына қатысы бар деген айып тағылып, үш жылға сотталып кеткен Бауыржан Непесті жолықтырдық. Ол жағдайды күрсіне тұрып баяндап шықты. Алаң маңында біраз болғаннан кейін қонақүйге барып шай ішіп, жылынып келмек болдық.

Байланыс атаулы әлі атымен жоқ. Телефон мен интернет те өшіп тұрды. Сондықтан түскі сағат 13 кезінде алаң маңындағы үйлердің жанында Бауыржанмен кездесуге келістік. Ойымыз – бірге жүру. Уағдаласқан уақытқа үлгермек ниетпен асығып келе жатып, қаланың тар көшелерінің бірінің жиегінде сұлап жатқан адамды көрдік.

Көмек қажет шығар деген оймен, көлікті тоқтатып, тура жолдың шетінде жатқан адамға қарағанымызда, жас шамасы 35-тердегі жігіттің қаза тапқанын көрдік. Шамасы, жақ тұсынан әлдебіреулер мылтықпен атқан. Жағы айырылып кетіпті. Жұрттың дені алаң жақта жүр. Полиция, жедел-жәрдем дегендер мүлде көрінбейді. Көшеде кетіп бара жатқан бірлі-жарым кісі оған назар да аударып жатқан жоқ. Ал біздің онсыз да бойымызды билеген қорқынышымыз одан сайын өршіп, үрейіміз үдей түсті.

Осы күні қалада коменданттық сағат жарияланған еді.

КОМЕНДАНТТЫҚ САҒАТ

Желтоқсанның 18-і күні Жаңаөзенге облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен бір топ журналист баратын болды. Арасында біз де бармыз. Қазақстаннан, Ресейден келген журналистер мен тәуелсіз БАҚ өкілдері де осында жүр. Жалпы саны оннан асады.
Жолда тұрған полицейлер. Маңғыстау облысы. 18 желтоқсан 2011 жыл.
Жолда тұрған полицейлер. Маңғыстау облысы. 18 желтоқсан 2011 жыл.

Алдымызда жол полициясының көлігі жүріп отырды. Қателеспесем, мінген көлігімізді Жетібайға жақындаған жердегі постта тоқтатты. Өйткені біз ерген полиция көлігі біршама озып кеткен. Тоқтаған бойда автомат асынған полицейлер "сыртқа шығыңдар" деп бұйырды.

Көліктен түсіп, журналист екенімізді айтып, куәлігімізді көрсеттік. Шағын автобус ішіндегі камера, штативтерді көрген бір полиция қызметкері қасындағы полицейге "Е, мыналар "Хабар" екен ғой,"- деді.

Жолда қайсыбір әріптестеріміз көлік ішінде анекдот айтып, күліп отырды.

Жаңаөзенге жеткенде қалада әрбір жүз метр сайын қарулы полиция қызметкерлері тұрғанын көрдік. Олар көшедегі жұрттың бірін қалдырмай тоқтатып, тексеріп жатты. Дүкенге нан алуға шығып келе жатып құжатын тексерткен адамдар, қайтып келе жатып та осы бақылаудан өтуге мәжбүр болды.

Бірнеше адам бір жерде жиналуға қауіптенеді. Коменданттық сағат жариялануына байланысты қалада фотоға, бейнекамераға түсіруге де тыйым салынған. Сондықтан журналистер тобынан саяқ қалған тілшілерге полициялардың тап берген кезі де болды. Оларды әкімдік адамдары араша түсіп, алып қалды.

Қаланы аралап, өртенген ғимараттарды көргенімізде, кейбір телеарнада істейтін әріптестерім бар бәлені мұнайшыларға аударып, "стэнд ап" жасап жатты.
XS
SM
MD
LG