Accessibility links

Нобель сыйлығының Обамаға берілуіне қазақстандық саясаткерлердің пікірі әрқилы


Барак Обама Ақ үйдегі кеңсесінде телефонмен сөйлесіп тұр. Вашингтон,9қазан, 2009 жыл.
Барак Обама Ақ үйдегі кеңсесінде телефонмен сөйлесіп тұр. Вашингтон,9қазан, 2009 жыл.

Бейбітшілік Нобель сыйлығына халықаралық дипломатия мен әлем елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Барак Обама лайықты деп танылды. Қазақстандық саясаткерлер АҚШ-тың қара нәсілді тұңғыш президентінің сыйлығына қатысты ойларын Азаттыққа білдірген еді.

АҚШ президенті Барак Обама бүкіл әлем жұртшылығының жақсы болашақ болады деген үміт- сенімін оятқаны, ядролық қару қорларын қысқартуға шақырған бейбітшіл қадамдары үшін Нобель сыйлығын жеңіп алды.

Норвегия Нобель комитетінің төрағасы Торберн Ягланд Ослода сөз сөйлей отырып, "Комитет Обаманың ядролық қарусыз әлем деген көзқарасы мен атқарып жатқан жұмысына аса назар аударып отыр, сондай-ақ халықаралық саясатта жаңа ахуал қалыптастырды" деп атап көрсетті. Мұндай сирек жетістікке бұған дейін көп ешкім қол жеткізе қоймаған деп атап көрсетілген комитет шешімінде.

Саясаттанушы Әміржан Қосановтың пайымдауынша, әр саясаткер тұлғаның өз ауқым, деңгейі болады. Ол ауқым – оның қандай тұлға екендігіне не болмаса оның іс-әрекетіне ғана байланысты емес. Ол - өзін айрықша көрсете алатын ортадағы еңбегінің нәтижесіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Барак Обама - жақсы басшы әрі жақсы саясаткер дейді Әміржан Қосанов. Барак Обаманың АҚШ-ң ішкі саясатын ғана емес, сыртқы саясатын да өзгерте алғандығын, американдықтармен қатар дүние жүзі халықтары байқап отыр. Мүмкін дәл осы әрекеті оның бұл сыйлыққа лайықты еткен болар,- дейді Әміржан Қосанов.
Норвегия Нобель комитетінің төрағасы Турборн Ягланд Барак Обаманың суретін көрсетіп тұр.Осло, 9 қазан, 2009 жыл.


"БҰЛ ОБАМАҒА ЕМЕС ОНЫҢ ЕЛІНЕ БЕРІЛГЕН СЫЙЛЫҚ"


Американың афро-американдық тұңғыш президенті осы жылдың қаңтар айында Ақ үйдің табалдырығын аттаған аттаған сәттен бастап, әлемді қарусыздануға шақырып, Таяу Шығыс бейбіт процесін қайта жаңғыртқан болатын. Дегенмен, саясаттанушы Дос Көшім Обама Нобель сыйлығын алатындай әзірге айтарлықтай ешнәрсе жасай қойған жоқ деп есептейді.

- Нобель сыйлығы дүниежүзіндегі бейбітшілікті орнату бағытындағы саяси жұмыстар үшін беріледі. Ал Барак Обама әзірге ондай нәтижеге жете қойған жоқ. Менің ойымша бұл – аванс және ол Американың демократиясына берілген сыйлық сияқты. Себебі қара нәсілді адамның президенттікке қол жеткізуі, оның осы бағытта жүзеге асыра алған іс-әрекеттері кез-келген мемлекетте болмауы да мүмкін ғой. Сондықтан мен бұл сыйлықты Барак Обамаға емес оның еліне берілген сыйлық деп түсінемін, - дейді біздің радиомызға сұхбат берген Дос Көшім.

Тәуелсіз журналист әрі саяси сарапшы Эдуарда Полетаевтың пайымдауынша, бұл - Еуропаның Америка алдында тізе бүгуінің бір көрінісі.

- Мен шынымды айтсам Нобель комитетінің бұл шешіміне таңданып отырмын. Меніңше бұл Америка сияқты алып державаның президентіне көрсетілген құрмет. Ол мүмкін, Американың өзге елдерге қатысты басымдығын тежеу мақсатында немесе Еуропа елдерінің Америкадан сескенуінен де туындауы мүмкін, - дейді Эдуард Полетаев.
...Мен шынымды айтсам Нобель комитетінің бұл шешіміне таңданып отырмын. Меніңше бұл Америка сияқты алып державаның президентіне көрсетілген құрмет...

"БАРАК ОБАМА - НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ЛАЙЫҚТЫ ТҰЛҒА"

Ал саясаттанушы Айдос Сарым АҚШ президенті Барак Обаманың бұл сыйлыққа нағыз лайық адам екендігіне сенімді.

- Жақында Буштың әкімшілігі бастап кеткен Шығыс Еуропада зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орнатпау жөніндегі, ядролық мүмкіндіктерді қысқарту жөніндегі басқа да ұсыныстары, кешегі дүниежүзінің 20 елі жиналған басқосудағы Иранға қатысты көтерген мәселелері, соған барлығын көндіруінің өзі де Обаманың үлкен еңбегінің арқасы. Сондықтан мен оны әбден лайықты деп есептеймін және оның осы сыйлықты алғанына өз басым қуаныштымын, - дейді Айдос Сарым Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Жұма күні әлемнің көп бөлігі алдымен білген бұл жаңалықты Барак Обаманың өзі көп кейін естіді. Нобель комитетінің шешімі жарияланғанда Америкада таң атқан жоқ еді. Жаңа лауреат Барак Обаманы таңғы ұйқысынан осы жаңалықпен оның баспасөз хатшысы Роберт Гиббс ұйқысынан оятқан деп хабарлайды әлемдік ақпарат агенттіктері.

Хабарларға қарағанда, АҚШ президенті Нобель сыйлығымен марапатталғанын естігенде бір түрлі ыңғайсызданғандай сезімде болған, дегенмен аса таңдана қоймапты.

ӘЛЕМДІК ӘРІПТЕСТЕРДІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ МЕН ЛЕБІЗДЕРІ


АҚШ президенті Барак Обаманы бейбітшілік Нобель сыйлығының лауреаты атануымен халықаралық қауымдастық жетекшілері де бірден құттықтап, өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың баспасөз хатшысының айтуынша, Обама «ғаламдық қарым-қатынастардағы өзінің жаңа көзқарасы» үшін бұл сыйлықты жеңген лайықты адам. Еуропа комиссиясының басшысы Жозе Мануэл Баррозу сыйлық қауіпсіз әлем құруға үміттенген адамдарды ынталандырады деп атап көрсетті.
АҚШ президенті Барак Обама Нобель сыйлығымен марапатталуына байланысты сөйлеп тұр. Вашингтон. 9 қазан, 2009 жыл.


Палестина автономиясы Обаманы құттықтап, бұл сыйлық АҚШ президентінің Таяу Шығыста бейбітшілік орнату мақсатындағы күш-жігерін одан әрш де ұштай түседі деп үміттенетіндіктерін айтқан.

Обаманы мәртебелі сыйлығымен Нобель сыйлығының бұған дейінгі иегерлері, бұрынғы Совет одағының соңғы президенті Михаил Горбачев пен Бангладеш экономисі Мухаммад Юнус және Оңтүстік Африканың бұрынғы президенті Нельсон Мандела қызу қуаттады.

Иран президентінің баспасөз кеңесшісі Әли Акбар Жаванфекр Обама Нобель сыйлығын алған соң, әлемдегі әділетсіздікті тоқтату бағытында көп жұмыс істеуі тиіс деп атап көрсетті.

Ал Талибан Обамаға бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын беру шешімін айыптап, АҚШ президенті Ауғанстанда бейбітшілік жолында ешбір қадам жасамады ол бейбітшілік сыйлығын алуға лайықты емес деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG