Accessibility links

Әлеуметтік желідегі кідіріс министрді күмілжітті


Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

Қазақстандық қолданушылар әлеуметтік желілерге кіру қиындыққа кезігіп отырғанын айтады. Кей қолданушылар мұның себебін ықтимал тосқауылдан көрсе, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мәселені "техникалық ақаумен" байланыстырды.

Қазақстандық қолданушылар ел аумағында Facebook, Instagram, YouTube, Telegram тәрізді әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану қиындап кеткенін айтады. Олардың сөзінше, әсіресе кешкі уақытта әлеуметтік желілер мен кей сайттардың жұмыстары күрт баяулап, ашылмай тұрып қалады. Бірақ бірнеше сағаттан кейін желі жұмысы қайтадан қалпына түседі.

ЖЕЛІДЕГІ КІДІРІС ПЕН ӘБЛЯЗОВТІҢ ТРАНСЛЯЦИЯСЫ

Семей тұрғыны Роллан Мәшпиев соңғы кездері кешкі уақытта әлеуметтік желіге кіру соңғы кезде тұрақты түрде қиындап кеткенін айтады.

- Кешке таман балалар сабағын қарап, интернеттен бірдеңе іздей бастаған кезде, немесе мен жұмыс бабымен Facebook әлеуметтік желісі мен YouTube сайтын десем интернет дұрыс істемейді, мүлдем кіре алмайсың. Шамамен кешкі сағат 7-ден кейін басталады, ал 9-дан кейін тіпті қиын, - дейді Роллан Мәшпиев Азаттық тілшісіне.

Семей тұрғыны Роллан Мәшпиев.
Семей тұрғыны Роллан Мәшпиев.

Интернет қызметі үшін айына 8700 теңге төлеп отырғанын айтқан сұқбаттасымыз өзі қызметін пайдаланатын ірі провайдер "Қазақтелеком" компаниясына бірнеше рет шағымданған.

- Олар келіп қарап, "сплиттеріңіз дұрыс істемейді" деді, оны ауыстырдым, бәрібір сол қалпы ешнәрсе өзгермеді. Тағы хабарластым, Айбек деген қызметкері "Қазақстан бойынша кешкі сағат 7-ден кейін осындай жайт байқалып отырғанын" айтты. Компанияға арыз жазып, тиісті дәрежеде көрсетілмеген қызмет үшін төлеген ақшамды қайта есептеткізуге кеңес берді, - дейді Роллан Мәшпиев.

Оның пікірінше, интернеттегі бұл қиындықтар қазір шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушы әрі Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының негізін қалаушы Мұхтар Әблязовтің әлеуметтік желідегі тікелей трансляцияларымен байланысты болуы мүмкін.

"Себебі, күндіз жақсы істеп тұрған интернет байланысы кеш болысымен бәсеңсіп қалады", - дейді Мәшпиев.

ЖЕЛІДЕГІ "ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР"

Интернеттегі жылдамдықтың құбылуына қатысты жағдайды бақылап отырған желі қолданушыларының кейбірі бұл жайтқа Әблязовты кінәлап, оны желіге жұрт көп кіретін уақытта тікелей трансляцияларын өткізбеуге де шақырған. Кей қолданушылар бұл мәселенің қаржылай шығынға түсетін жағы бар деп санайды.

Мәселен, Tolegen Baitukenov деген желі қолданушысы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Фейсбук-аудитория наразылығын айтып қана қояр, ал бұғаттау кесірінен көрілімі азайып, тиісінше ақшасынан да қағылып жатқан ютуберлер не істер екен? Қазақша youtube-те айтарлықтай бюджет айналымда жүр, ал үнемі болатын "профилактикалық жұмыстар" жарнамаға да соққы болып тиіп, сегменттің белсенді өсуін де тоқтатуы мүмкін" деп жазған.

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Әдетте сағат 20.00 - 23.00 аралығындағы уақыт рейтинг өсіміне айтарлықтай әсер ететінін атап өткен ол "жақында танысым бұғаттаудың кесірінен елу мың көрсетілімінен айырылып қалды" дейді.

Қазақстандағы интернет ассоциацияның жетекшісі Шавкат Сабиров желіде не болып жатқанын магистральды арнаға қосылуға рұқсаты барлар ғана біле алатынын айтады.

- Магистральды байланыс арналарына қосылуға рұқсатыңыз болса, оның себебін білуге болады. Ал егер де ондай рұқсат болмаса, сіз ақпарат пакетінің қайда жоғалғанын үйде отырып тек тұспалдай ғана аласыз. Бізде мұндай рұқсат мемлекетте, "Қазақтелекомда" ғана бар. Сосын, үйде интернет байланысы нашарлап кеткенін сөгіп отырғаныңызда компьютеріңізді спам таратушы ретінде пайдаланып жатқанын білмеуіңіз де мүмкін, ол спам барлық арнаны бітеп тастайды, - дейді Шавкат Сабиров.

Ол қазір байқалып отырған ішінара бұғаттаудан желі қолданушылар айтарлықтай қаржы жоғалтып жатыр деу – артық сөз деп санайды.

- Себебі біз кішкентай мемлекетпіз, халық саны аз, сондықтан бізде интернет арқылы қыруар ақша тауып және тиісінше ірі қаржыдан айырылып жатқан бизнес жоқ... Егер Ресейде болсаңыз, онда бірден білінетіні рас, себебі ол елде интернет пайдаланушы 80 миллион адам бар, ал бізде орта есеппен 8-9 миллион ғана, - дейді Шавкат Сабиров.

МИНИСТР ЕСКІ ЖАУАБЫН ҚАЙТАЛАДЫ

Мамырдың 30-ы күні Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтан Азаттық тілшісі ел аумағында интернет байланысы жылдамдығының құбылуының себебін сұрады. "Әлеуметтік желіде интернеттің жұмыс істемеуіне байланысты тұтынушылар наразылығы бар. Осыған байланысты пікіріңіз қандай?" деген тілші сауалына министр сәл күмлжіліп барып жауап берді.

- ...Бұл бойынша бір ғана нәрсе айтуға болады. Біздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы жағдайға байланысты ешқандай іс қолданып жатқан жоқпыз. Бірақ та ондай техникалық "сбой" болуы мүмкін. Оны біз қарастырамыз, - деді Дәурен Абаев.

Министр Абаев әлеуметтік желінің ашылмайтыны туралы:

Абаев әлеуметтік желінің ашылмауы туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:46 0:00

Оның бұл сөзіне байланысты Мұхтар Әблязов Facebook әлеуметтік желісінде министр Дәурен Абаевқа қарата жариялаған постында: "Мен Телеграм, Ютуб, Инстаграм мен Фейсбукте тікелей эфирге шыққан күндері осы платформалар немесе интернет түгелдей бұғатталатынын бүкіл ел біледі. Және тікелей эфир бітісімен бұғаттау да тоқтатылады" деп жазды. Ол Абаевты "батылдық танытып, шындықты айтуға" шақырған.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұған дейін де, 2016 жылғы желтоқсанның 16-сында соның алдында ғана Франция мемлекеттік кеңесі экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойған соң сол елдегі ​түрмеден бостандыққа шыққан Мұхтар Әблязов интернетте тікелей байланыста видеосұхбат берген кезде Қазақстанда бірқатар әлеуметтік желілердің жұмысында байқалған проблемалар туралы да осыған ұқсас пікір айтқан.

"Интернеттегі проблеманың Әблязовтің сұхбатымен қатысы жоқ. Бұл телекоммуникация желісіндегі техникалық ақау. Мұндай жағдай жүйелі болып тұрады" деп мәлімдеген министр.

Ал 2017 жылғы қыркүйек айындағы әлеуметтік желідегі кідіріске қатысты журналистер сұрағына министр: "Менде ондай проблема болған жоқ" деп жауап берген болатын.

Штаб пәтері Парижде орналасқан "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders, RWB) халықаралық ұйымының сәуірдегі есебінде Қазақстан "билігі интернетті бақылауға алған, сайттар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер көп бұғатталатын" сөз еркіндігі баспасөз бостандығының жағдайы нашар ел ретінде аталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG