Accessibility links

Голодоморды жоққа шығарғаны үшін Украинада президент Януковичті сотқа берді


Президент Виктор Янукович, 5 наурыз 2010 жыл.
Президент Виктор Янукович, 5 наурыз 2010 жыл.

«Украина Ұлттық рухы» қозғалысының жетекшісі 1932-1933 жылдары орын алған Голодоморды жоққа шығарғаны үшін президент Виктор Януковичті сотқа берді. Қазақстанда Аштық тақырыбы осы күнге дейін басшылық тарапынан тежеліп келеді.


ЯНУКОВИЧ КЕШІРІМ СҰРАУЫ КЕРЕК


Еуропалық Кеңестің парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) 27 сәуірде өткен отырысында Виктор Янукович Голодоморды геноцид ретінде жоққа шығарды.

Сөзбе-сөз келтірсек ол былай деп мәлімдеді: «Голодоморды қандай да бір халыққа қатысты геноцид фактісі деп тануды біз дұрыс емес деп есептейміз, бұл әділетсіздік болар еді. Бұл бір кездері біртұтас Совет Одағына енген халықтардың ортақ қасіреті болатын».

Осыдан соң Еуропалық Кеңестің парламенттік ассамблеясы Украина президентінің айтқанына құлақ асқандай болып, бұрынғы СССР-дағы ұлы Аштықтың құрбандарын есте қалдыруға арналған баяндаманы мақұлдап, бірақ осы кезде украин халқына қарсы геноцид жасалды дегенді қабылдаған жоқ.
Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенко (ортада)
және Ресей ортодоксалды патриархы Кирилл (сол жақта)
Киевтегі Голодомор ескерткішіне тағзым етіп тұр.
27 шілде 2009 жыл.


Ассамблея, сонымен бірге, Аштықтан Қазақстанның, Молдованың, Беларусьтің және Ресей халықтарының қаза болғанын қаперге алды. ЕКПА заң бөлімінің Голодоморды украиндықтарға қарсы геноцид болды деп мойындау жөніндегі ұсыныстары қабылданбады.

Геноцид мәселесін қайта қарау жайы Виктор Януковичтің сайлау алдындағы уәделерінде бар болатын. Оның таққа отыру салтанаты болған күні президент сайтынан Виктор Ющенконың кезінде жасалған Голодоморға арналған бөлімі жоғалып кетті.

Владимир Волосюктің сотқа шағымдануына бір себеп, оның ата-анасы да Аштық құрбаны болған екен. Бірақ бұл оның сотқа шағымдануының негізгі себебі емес екендігін айта кеткен абзал.

Волосюктің өз мәлімдемесінде атап өткеніндей, Аштықтың украин халқына қарсы жасалған геноцид екендігін жоққа шығару арқылы президент арызданушының намысын аяқасты еткен. Ол, сонымен бірге, осындай қылмыстық тәсілмен жойылған миллиондаған адамның рухын қорлаған.

Волосюк соттан президенттің шағымданушыдан және украин халқының алдында жария түрде кешірім сұрауын өтінеді. Айыпталушы жақтың өтінішімен сот отырысы 29 маусымға ауыстырылды.

ГОЛОДОМОР ТУРАЛЫ ЗАҢ БАР

Сотқа шағым беруші, сонымен бірге, Аштықты жоққа шығару арқылы Виктор Янукович Украинаның Голодомор туралы 2006 жылдың 28 қарашасында бекітілген заңының нормаларын тікелей бұзғандығын атап көрсетті. Бұл заңның бірінші бабында: «1932-1933 жылы Украинада орын алған Голодомор украин халқына қарсы жасалған геноцид», -деп жазылған болатын.

Заңның екінші бабында: «1932-1933 жылғы Голодоморды жария түрде жоққа шығару Голодомордың миллиондаған құрбандарының рухын қорлағандық, украин халқының намысын таптағандық және заңға қайшы әрекет деп есептеледі», -деп жазылған.
Украинадағы 1933 жылғы аштық жайлаған аймақтарды
қамтыған Голодомор картасы. Львов. 4 ақпан 2010 жыл.


Бұдан бөлек, Владимир Волосюк президент Виктор Януковичті өз ұстанымын Голодоморды геноцид деп таныған шетелдік парламенттердің шешіміне қарсы қойғандығы үшін айыптады. Украина қасіретіне түсіністікпен қараған елдердің тізімі әжептәуір.

Януковичтің әрекеті Эстония, Канада, АҚШ, Аустралия, Польша, Грузия, Литва, Перу, Испания, Колумбия, Мексика, Парагвай, Эквадор Сталиннің украиндықтарға қарсы саясатын геноцид деп бағалаған жағдайда өрістеп отыр.

Аргентинаның, Венгрияның, Латвияның, Чехияның, Чилидің, Словакияның парламенттері, сонымен бірге Еуропалық парламент пен ЮНЕСКО қуғын-сүргін, жаппай кісі өлтіру фактілерін атап өтіп, сол кездегі коммунистік көсемдердің саясатын айыптады.

Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының 58 сессиясында 60 қаралы ел 1932-33 жылдары Украинада орын алған ұлы Аштық – Голодомордың 70 жылдығына орай ортақ мәлімдемеге де қол қойған еді.

Халықаралық қоғамдастықтың бұлайша үн қосуы көбіне-көп Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенко еңбегінің арқасында мүмкін болды. Виктор Ющенконың ұстанымы Ресей тарапынан үлкен шиеленіс тудыратын. Осыған қарамастан ол президент болған бес жылдың ішінде Аштықтың украин халқына қарсы геноцид болғандығы жайындағы әңгіме үнемі жоғары деңгейде айтылып келді.

МӘСКЕУГЕ ҚАРАЙ ЖАЛТАҚТАП

Ұлы Аштық тақырыбына Ресейде, Қазақстанда, Молдова мен Беларусьте азырақ назар аударылады, тіпті назар аударылмайды десе де болады. Бұл елдерде Аштық саясатқа томпақ келуі себепті айтылмайтын тақырыптар қатарына жатады.

Мұның себебін осы елдерге Ресей басшылығының ықпалымен байланыстыруға болады. Олар Сталиннің атына айтылатын сынды барынша жұмсартқысы келеді. Осыдан соң өзге де постсоветтік елдердің басшылары абайлап сөйлеуге мәжбүр болады. Ол тіпті ұлы Аштықпен байланысты тарихтың даусыз фактілерін де көзге ілмейді.
Даладағы қазақтар. Суретке түсірген - Сергей
Прокудин-Горский.
Конгресс кітапханасында сақталған сурет.

Кейбір дерек көздері бойынша, Аштық кезінде пайыздық өлшем бойынша Қазақстан көбірек зардап шегіпті. Бұл жерде Аштықтан қазақ ұлтының жартысына жуығы қырылып қалған. Осының өзі қазір жер бетінде 1932-33- жылғы Аштықтан туыстары қайтыс болмаған қазақтар жоқ деп айтуға мүмкіндік береді.

Бүкіл советтік билік кезеңінде шынайы деректерді билік үнемі жасырып келгендіктен көптеген адамдар өз туыстарының жағдайы жөнінде білмейтін де болар. Бұл мәселе әлі күнге бүркемеленіп келеді.

Бірақ Қазақстанның постсоветтік басшылығы украиндық бастамашылармен салыстырғанда анағұрлым салғырттау. Аштық тақырыбы Украинада Леонид Кучманың тұсында, тіпті оған дейін де қозғала бастады.

Ал Қазақстанда "тек жүрсең, тоқ жүресің" деген күнделікті күйбең логика белең алып кетті. Өйткені, Аштық тақырыбына әу деп ауыз ашсаң болды, Кремль ашуға мінетін болған.

Нұрсұлтан Назарбаев пен парламенттің бұған қадам басқысы жоқ. Қалай болғанда да Қазақстандағы билік осы күнге дейін Киевтің Голодомор туралы заңды талқылағаны сияқты әрекеттерді қолға алуға әзір еместігін көрсетіп келеді.

ҰНАМДЫ ҰСТАНЫМ

Қазақтың үш депутаты – Гүлнәр Сейітмағамбетова, Бекболат Тілеухан және Нұрлан Өнербай мамырдың 19-ында премьер-министр Кәрім Мәсімовке хат жолдап, жаппай ұжымдастыру кезінде Қазақстанда орын алған Аштықты қайтадан ой елегінен өткізіп, зерттеуді қайта бастауға шақырды. Бірақ бұл үндеудің түрі де, мазмұны да украиндықтардың әрекетінен алыстау жатыр.

Мәселенің өткірлігін сылап-сипап жіберген депутаттар Мәскеудің ашуын барынша жұмсарту үшін Аштықты саясатқа айналдырмауға шақырады.

Қазақстан басшылығы бұл бастамаға ләм деп үн қатқан жоқ. Бұны қорқыныш деп айтуға болмайтын шығар. Бірақ бұл көрші елдің жайсыз көзқарасына ұшырамау үшін ұнамды ұстаным болып табылады. Сонымен бірге осы арқылы билік ел ішінен де қолдауға ие болғысы келеді.

Тең жартысы Аштықтан қырылған қазақ халқын есте қалдырмайынша, өз-өзіне көр қазғызу осылай жалғасып жатқан жайы бар.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/ «Азаттық» радиосы Украин редакциясының директоры болып қызмет істеген. Аталған мақалада ол өзінің көзқарасы мен пікірлерін білдіреді. Бұл Азаттық радиосының ұстанымымен сай келмеуі де мүмкін.)
XS
SM
MD
LG