Accessibility links

Мемлекеттің БАҚ-ты қаржыландыруы жөн бе?


Алматыдағы Республика алаңында жүрген ақпарат құралдары өкілдері. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы Республика алаңында жүрген ақпарат құралдары өкілдері. (Көрнекі сурет)

Ақпарат құралдарына бюджет есебінен қаржы бөлуге қатысты түрлі пікір айтылады. Бірақ депутаттар мен сарапшылар бас қосқан жиында мұны сынағандар басым болды.

Алматы тұрғыны, 38 жастағы Айдос Жухан Қазақстанда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) қоғамдық пікірге ықпалы басым екенін мойындайды. Бірақ ол "мемлекет қаржыландыратын БАҚ-тың ақпарат беру тәсілі ескірген" деп біледі.

- Олар үкіметті мақтай-мақтай халық пен билік арасын алшақтатып жатыр. Мәселен, қазір билік қаржыландыратын кейбір БАҚ бір қарияның үйінің төбесінен су аққанын көрсетіп, байбалам салуы мүмкін. Бірақ қоғамды дамытушы саяси-экономикалық мәселелер мүлде айтылмайтын болды. Бұрын кейбір БАҚ-тар ондай мәселелерді қозғайтын, қазір мүлде жоқ, - дейді ол.

«БАҚ МЕМЛЕКЕТКЕ ТӘУЕЛДІ»

Мемлекеттің БАҚ-ты қаржыландыру мәселесі қарашаның 16-сы күні Астанада «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры ұйымдастырған жиында да талқыланды. Оған қатысқан 20-ға жуық адамның арасында депутаттар, блогерлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де болды.
«Сорос-Қазақстан» үкіметтік емес қорының өкілі Аида Айдарқұлова Қазақстандағы БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру тәсілі саясиланған деп санайды. Ол «мемлекеттік тапсырыстың саясилығын төмендету мақсатында» Еуропа елдерінің тәсілін ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, ақпаратқа монополия болмауы керек, қоғамдық пікірге бақылау жасалмауы тиіс.
- Қазір [Қазақстандағы] БАҚ қаржы және идеология тұрғысынан мемлекетке тәуелді. Бұл журналистиканың кәсіби стандарттарына қайшы. БАҚ өзіне цензура қойып отыр, - дейді Аида Айдарқұлова.

Оның пікірінше, «Азаматтар мемлекеттік тапсырыс есебінен, яғни салық төлеушілер қаражатына қандай тақырыптар мен материалдар жарияланатынын білуге құқығы бар. Бұл салада ашықтық жетіспейді».

ВИДЕО: БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыс (орыс тілінде)

БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыс қалай бөлінеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:24 0:00

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының директоры Диана Окремова Батыс елдеріндегі БАҚ-ты мемлекеттік қолдау бәсекелестікті арттыру, монополияға жол бермеу, пікір алуандығы мен шағын басылымдарды қолдау сияқты өлшемдерге сүйенетінін білдірді.

- Бізде БАҚ насихат құралына айналған. Бәсекелестік шарттары бірдей емес. Мемлекеттік тапсырыс алған басылымдар жарнама бағасын түсіре алады. Ал тапсырыссыз қалатын жекеменшік басылымдар табыстан қағылады. Бұдан медиа нарық зардап шегеді. Меніңше, мемлекеттік қолдау негізінен шалғай аймақтардағы басылымдарға, ұлттық-мәдени немесе балаларға арналған басылымдарға көрсетілуі керек, - дейді ол.

Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қорының директоры, Астана, 16 қараша 2015 жыл.
Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қорының директоры, Астана, 16 қараша 2015 жыл.

Окремованың сөзін қостаған қостанайлық жекеменшік «Наша газета» басылымы өкілі Сергей Миролюбов мемлекеттік қолдаудың әділ көрсетілмейтінін айтып, тендерге қатысу тәжірибесімен бөлісті.

- Шарты бойынша әрқайсысы 1 мың 800 теңге тұратын 1 мың материал дайындауымыз керек болды. Олар – әкімдік хабарлары, әкімнің қайда барғаны сияқты ақпараттар. Жалпы лот бағасы - 18 миллион теңге. Әр материалды бір теңгеден әзірлеп, мемлекеттік тапсырысты 1 мың 800 теңгеге орындаймыз дедік. Қалған ақшаны мемлекет басқа маңызды істерге жұмсасын деген ниетіміз болды. Мұны естіген комиссия шешім шығаруды кейінге шегерді. Құжат шарттарын күрделендіріп, тендерді қайта жариялады. Шарттарды біз қатыса алмайтындай етіп ойластырды. Тендерлерді мемлекеттік тапсырысты бұрыннан алып жүрген ақпарат құралдары ғана ұтады, - дейді Сергей Миролюбов.

«ОРТАҚ ИНДИКАТОРЛАР КЕРЕК»

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев мемлекеттің БАҚ-ты қаржыландыруына қатысты осындай сын пікірлерден кейін «алдымен қаржыландыру тиімділігі критерийлерін жасау керек» екенін айтты.

Мейрам Бегентаев, мәжіліс депутаты. Астана, 16 қараша 2015 жыл.
Мейрам Бегентаев, мәжіліс депутаты. Астана, 16 қараша 2015 жыл.

- Қаржыландырудың ортақ индикаторларын шығару керек. Кей ақпаратты жеткізу жолы іш пыстырарлық. Мүмкін, басылым бетінен сантиметрлеп орын алатын материалға қарағанда Twitter-ге жазылатын екі сөйлемнің әсері күшті шығар. Ортақ критерийлер керек, - деді депутат Мейрам Бегентаев.

Ал мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева БАҚ-ты мемлекеттің қаржыландыру кезінде қазіргі экономикалық жағдайдың да ескерілуі керек екенін айтады.

- Мәселен, «Қазақстан-Семей» каналы жабылып жатыр. Ол канал мемлекет қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Ал үкімет шығыны көп мемлекеттік арналардан экономикаға байланысты құтыла бастайды. Меніңше, ол арналарға өздігімен өмір сүруге мүмкіндік беру керек, - деді депутат.

Азаттық пікір сұраған сарапшылар мен депутаттардың көбі түрлі пікір айтқанымен, БАҚ-ты мемлекеттің қаржыландырып отыруы қажет деген пікірге тоқайласты.

«Жетісу» телеарнасының бас директоры орынбасары Серік Әбікенұлы. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
«Жетісу» телеарнасының бас директоры орынбасары Серік Әбікенұлы. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Ал Талдықорған қаласында орналасқан, мемлекет қаржыландыратын «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары Серік Әбікенұлының мемлекеттен қаржы алатын БАҚ-тағы ақпарат сапасына қатысты пікірі басқаша.

- Саяси сараптама, экономикалық зерттеулер жасауға кедергілер бар екені рас. Бірақ мемлекеттік арналар елдің көңілі бір оқиғаға өте қатты алаңдап кеткен кезде сабырлы, салиқалы материалдар беруімен ұтады. Шектеу сонша қатты деп те айта алмаймын. Редактор немесе журналист тәуелсіз ақпаратын жеке шеберлігінің арқасында жеткізе алады. Оған мүмкіндік бар, - дейді ол.

«Құқықтық медиа-орталық» ұсынған дерек бойынша, Қазақстанда 1 мың 364 газет (24 пайызы мемлекеттік) пен 522 журнал (33 пайызы мемлекеттік тілде) тіркелген.

Ресми ақпараттар бойынша, Қазақстан медианарығы екі үлкен акционерлік қоғамнан тұрады. Олар - «Қазақстан» РТРК» және «Хабар» агенттігі». «Қазақстан» РТРК» корпорациясына «Қазақстан» ұлттық арнасы мен оның облыс орталықтарындағы филиалдары, «Балапан», «Kazsport», «Евразия» арнасы кіреді. Ал «Хабар» агенттігі» құрамында «Хабар», «24KZ», «Білім және Мәдениет», «Kazakh TV» арналары бар.

Қазақстан аймақтарында «Жетісу», «СТС «9 арна», «Дидар», «Акцент», «Муниципалды арна» және «Алматы» мемлекеттік арналары да хабар таратады.

Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің мәліметіне қарағанда, мемлекет ақпараттық саясатты жүргізуге 2015 жылы бюджеттен 43 миллиард теңгеге жуық (140 миллион доллар) қаржы бөлген.

XS
SM
MD
LG