Accessibility links

Сарапшылар: Балалар өлімі туралы статистика бұрмаланып отыр


Атырау облыстық сәбилер үйіндегі бала. Атырау, 14 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Атырау облыстық сәбилер үйіндегі бала. Атырау, 14 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан премьер-министрінің сайты мен денсаулық сақтау министрлігі «ана мен бала өлімі азайды» деп жар салып жатыр. Алайда тәуелсіз сарапшылар ана мен бала өлімінің «көлеңкеде қалған көрсеткіштері де бар» деп күмәнданып отыр.


Кез келген елдегі бала өлімінің көрсеткіштері бұл елдегі балалардың денсаулық ахуалынан хабар беріп қана қоймай, сонымен бірге бүкіл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының деңгейін де көрсететіні – әлемдік тәжірибеден белгілі жайт.

Мысалы, Батыс пен Азияның Канада, Швеция, Сингапур немесе Жапония сияқты бақуатты елдерін былай қойғанда, шағын мемлекет деген Кубаның өзі мың нәрестеге шаққандағы сәби өлімі жөнінен 2011 жылды бестен төмен (4,9) көрсеткішпен аяқтады.

БҰҰ-ның есебі бойынша, Қазақстанда сәби шетінеуінің орташа көрсеткіші 2005 – 2010 жылдары 27 болып, ол әлем елдері ішінде 116-орынды иеленіпті.

«ЖАҚСЫ ӨЗГЕРІСТЕР БАР»

Ал Қазақстан премьер-министрінің сайты «елде ана мен бала өлімі азайды» деп хабарлайды.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, 2012 жылдың алғашқы үш айында ана өлімі 21,3 пайызға, сәби өлімі 10 пайызға азайған. Айта кетер жайт - сәби өлімінің азаюы ел аймақтарының көбінде байқалған.

Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры және Қазақстанның штаттан тыс бас акушер-гинекологы Талғат Құдайбергенов сәби өлімінің азаюына қатысты біршама дәлірек цифрлар келтіреді.
Тамақ таратушы мен егуші мейірбика тар дәлізге симай тұр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.
Тамақ таратушы мен егуші мейірбика тар дәлізге симай тұр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.

Оның деректері бойынша, егер 2010 жылы дүниеге келген әр мың нәрестенің 16,5-і шетінегені тіркелсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 14,9 болыпты.

Құдайбергенов «Қазақстан 2008 жылдан бастап бала туу критерийлерінің жаңа өлшеміне көшті. Содан бері Қазақстанда кем дегенде 22 апта жүктіліктен кейін туған және салмағы 500 грамнан асқан сәбилердің шетінеуін бала өлімі деп есептейді» дейді.

«Шетінеген нәрестелердің саны 2008 жылдан бастап көбеюінің себебі - осы» деген бас акушер-гинеколог «соңғы жылдары оң өзгерістер байқалғанын» айтады.

- Оның үстіне, бала туудың сондай критерийлерінің енгізілуіне байланысты дәрігер-неонатологтар, педиаторлар өз біліктілігін ұдайы арттырып келеді; перинаталды орталықтар мен перзентханалар жаңа құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Қазір Қазақстанда сәби өлімі азайып келеді. 2008 жылдан бері жағдай түзеліп келе жатқаны байқалады, - дейді ол.

«ДАҢҒАЗА ДЕКЛАРАЦИЯЛАР»

Қызылорданың «Жастар мәселелері орталығы» атты қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Баян Егізбаева «Қызылорда облысында 2010 жылы ана мен баланың өлімінің өте жоғары көрсеткіші тіркелгенін» айтады.

Егізбаева «бұл жағдайдың туындау себебі біреу емес, бірнешеу. Бұл - тек медициналық сипаттағы құбылыс емес» дейді. Оның пікірінше, денсаулық сақтау саласында әлеуметтік қамтудың жүйелі саясаты болмай, жағдай түзелмейді.

«Ауыл тұрғындарының, әсіресе ауылдағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық проблемасы шешілмей, аналар өлімі мен нәрестелердің шетінеуінің бүгінгі ауқымы азаймайды» дейді Баян Егізбаева.
Бір бөлмеге тоғытылған науқас балалардың қамқоршылары . Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.
Бір бөлмеге тоғытылған науқас балалардың қамқоршылары . Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.

Ол «Қазақстан билігінің халық үшін аса маңызды денсаулық сақтау саласында да түрлі ұзақ мерзімді бағдарламалар қабылдауға неліктен құмар екенін және олардың неге көбінесе қағаз жүзінде құр декларация болып қала беретінін» түсінбейді.

Баян Егізбаева «Шындығына келгенде, ауыл әйелдері Талғат Құдайбергенов айтқан, су жаңа перинаталды орталықтар мен перзентханаларға қойылған неше түрлі медициналық құрал-жабдықтардың көлеңкесін де көрмейді. Ал Қазақстан халқының жартысы, көбінесе қазақ әйелдері осы ауылдық жерлерде тұрады» дейді.

«ЖОҒАЛҒАН ЦИФРЛАР»

Алматыдағы «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова денсаулық сақтау министрлігіне қоятын сауалдарының қордаланып қалғанын айтады. Ол кейбір ресми цифрлар алаңдаушылық туғызады дейді. Түменова ресми статистикадан мынадай деректер келтірді: республика бойынша әйелдер арасындағы өлім-жітімнің жалпы көрсеткіші көбейген, бірақ 21 мен 34 жас аралығындағы аналардың өлімі азайған.

Бақыт Түменова осы деректерге сүйене отырып Қазақстанда ана өлімінің «шынайы көрсеткіштері жасырылуы мүмкін» деген пікірін айтты. Ол денсаулық сақтау министрлігіне «Қазақстанда бала туатын жастағы әйелдердің өлім қаупі аса жоғары болып тұрғанда, неге аяқ астынан жас босанған аналардың өлімі азая қалды?» деген сауал қойып отыр.
"Аман-саулық" қоғамдық ұйымының президенті Бақыт Түменова. Алматы, 10 қаңтар 2012 жыл.
"Аман-саулық" қоғамдық ұйымының президенті Бақыт Түменова. Алматы, 10 қаңтар 2012 жыл.

Бұдан кейін ол ресми статистикадан деректер келтірді: 2010 жылы Ақмола облысында қайтыс болған 21 мен 34 жас аралығындағы 116 әйелдің ішінде бір де бір әйел жүкті немесе босанған кезінде қайтыс болмапты, ал Қарағанды облысы бойынша қайтыс болған 278 әйелдің тек біреуі ғана босану кезінде көз жұмған. Мұны "парадокс" деп атаған Бақыт Түменова:

- 21 мен 34 жас аралығындағы жас келіншектерді баудай түсіріп жатқан бұл қандай індет? Егер статистикаға көз салсақ, біздің әйелдер құдды жазатайым оқиғадан, түрлі жарақаттан ғана көз жұмып жатқандай көрінеді, - дейді.

Бақыт Түменова денсаулық сақтау министрлігінен «олар сарбаз немесе кеше ғана әскер қатарына шақырылған жігіттер емес, құқық қорғау органдары немесе ОМОН-ның қызметкерлері емес - әйелдер ғой. Жас әйелдердің өлім-жітімі жайлы мәліметте босану үстінде немесе бала босанған соң қайтыс болған әйелдердің саны қайда жоғалып кетті?» деп сұрайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының бас сарапшысы Гүлнәр Сейітқазинова мен ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы басқармасының төрайымы Тамара Вощенкова түрлі себептерді айтып, бұл пікірталасқа қатысудан бас тартты.

Қазақстандағы ана мен бала өлімі жайлы тақырып талқыланған бұл дөңгелек үстелдің толық аудио нұсқасын мына арадан тыңдай аласыз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:55 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG