Accessibility links

Парламентаризм отанындағы парламент тарату ерекшеліктері


Лондондағы Ұлыбритания парламенті ғимараты.
Лондондағы Ұлыбритания парламенті ғимараты.

Ресейлік тарихшы Игорь Ковалёв Азаттыққа берген сұхбатында парламентті тарату процедурасы Ұлыбританияда қалай жүретінін әңгімелеп берді.

Қазақтанда 2016 жылғы наурыздың 20-сына белгіленген ерте парламент сайлауына дайындық жүріп жатыр. Бірақ «сайлау саяси ландшафтты өзгерте алмайды немесе болмашы ғана өзгертеді» деген пікірлер бар.

Парламентаризм отаны саналатын Ұлыбританияда парламент - нақты билік орталығы әрі «пікір таластыратын орын». Бірақ парламент билік құқығын корольдік династиялармен ұзақ күресіп барып алған. Ал парламентті тарату нағыз революцияға ұласқан кездер де болған.

Тарих ғылымының докторы әрі британдық парламентаризм туралы бірнеше кітаптың авторы Игорь Ковалёв Азаттыққа берген сұхбатында Ұлыбританияның парламентті тарату тәжірибесі жайлы және оның Қазақстан мен Ресейден өзгеше тұстары қандай екенін айтып берді.

ПАРЛАМЕНТ ҚАЛАЙ ТАРАЙДЫ?

Азаттық: - Ол жақта парламентті тарату процедурасы қалай өткен?

Игорь Ковалёв: - Ерте заманнан бастап қазірге дейін парламентті тарату процедурасы корольдің тиісті үндеуі (прокламация) негізінде жүреді. Бес жылдық парламент билігі туралы заң қабылданғандықтан, қазір үндеу мәртебесі қағаз жүзінде ғана қалды, сондықтан оны кенет, мысалы премьер-министрдің қалаған кезде тарата салуға болмайды. 20-ғасырда ондай жағдай мүмкін болатын, ал қазір болмайды, өйткені парламент өкілеттігі мерзімі туралы заң бар, сондықтан бес жыл сайын мамыр айында жаңа сайлау өтеді.

Ресейлік тарихшы Игорь Ковалёв.
Ресейлік тарихшы Игорь Ковалёв.

Азаттық: - Ұлыбританияның саяси тарихында парламент өзін таратуды сұраған жағдайлар болып па еді?

Игорь Ковалёв: - Парламент өз бастамасымен тарай алмайды. Бұл өкілеттік бұрын монархтың құзырында болатын, ал қазір премьер-министрдің құзырына жатады. Бірақ парламент өкілеттігі ұзартылатын жағдайлар Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болған. Соғыс басталып кеткендіктен, 1910 жылы сайланған парламент 1918 жылы ғана таратылған, ал оған дейін өкілеттігін жыл сайын ұзартып отырған.

Азаттық: - Парламент мұндай ауыр кезеңде қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік алатын ба еді?

Игорь Ковалёв: - Мұны парламенттің жауапкершілік алуы емес, саяси элитаның мұндай кезде сайлау өткізуге жағдайдың жоқ екенін әрі қосымша ақша шығындау қауіпті екенін түсінгені деп білу керек. Форс-мажор деп түсіндірілетін мұндай жағдайларда сайлау өткізу тиімсіз деп танылып, парламент өкілеттігі жағдай түзелгенше ұзартылатын.

Азаттық: - Бұл соғыс кезі ғой. Ал парламент жұмысына экономикалық дағдарыстар әсер еткен кезі болды ма?

Игорь Ковалёв: - Орта ғасырларда парламентті тарату монарх құзырында болатын, сондықтан оның мұндай шешімді қабылдауына қандай себептер, саяси немесе экономикалық жағдайлар түрткі болғанын түсіну қиын. Ал қазіргі кезге келсек, 20-ғасырда экономикалық дағдарыстар сайлау өткізуден бас тартуға негіз болып көрген жоқ. 1929 жылы да, 1930-шы жылдардағы ұлы депрессия кезінде де сайлау өткен, лейбористердің экономикалық проблемаларды шешуге дәрменсіздігі байқалған соң коалициялық үкімет құрылған.

Сайлау Ұлыбритания экономикасындағы жағдай мәз болмаған 1970 жылдары да өткен. Тіпті 2010 жылдың сайлауы да ел экономикасы қаржы дағдарысынан әлі есін жимаған тұста өткен. Сайлау мерзімін ауыстыруға экономикалық проблемаларды пайдаланған кездер өте сирек.

САЯСИ СОҒЫСТАР

Азаттық: - Парламент әу бастан корольдің шектен тыс билігінен қорғану құралы ретінде құрылды ма?

Игорь Ковалёв: - Әрине, парламент корольдің жеке-дара билеп-төстеуіне қарсы құрылып, монархты жаңсақ шешімдерден сақтандыратын орган ретінде жұмыс істеген. Ұлыбританияда алғашқы ресми парламент 1295 жылы бекітілді, ол «Бірінші Эдуардтың мінсіз парламенті» деген атпен белгілі. Ал екі жылдан кейін парламент аса маңызды екі өкілеттікке ие болды, оның бірі – заң шығару құқығы, екіншісі одан да маңызды - салық мөлшерін белгілеп, жинау құқығы. Парламент іс жүзінде қазынаны қадағалап, корольдің ірі реформаларына, соғыс сияқты науқандарға ақша бөліп отырған.

Азаттық: - Бұл тәртіп монархтарға ұдайы ұнай бермеген шығар?

Ұлыбритания парламентінің тарихы

Ұлыбритания парламентінің тарихы

11-ғасырдың аяқ шенінен бастап, яғни Вильгельмді (Жаулаушы Вильгельм) тұсында құрылған тұңғыш парламент әуелі корольдік кеңес, ал кейін «25 барон кеңесі» деп аталған. Ірі жер иеленушілерден тұратын кеңес көбінесе кеңесу функциясын ғана атқарды, сондықтан оның мүшелері корольдің де ниеттестері болды әрі үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғады.

1215 жылы барондар Иоанды (Жерсіз Иоанна атанып кеткен – ред.) монарх ретіндегі өкілеттігін өз еркімен шектеп, аса маңызды шешімдерді бірлесіп қабылдауға келіскен Ұлы еркіндік хартиясына қол қоюға күштеп көндіреді.

1265 жылы парламентке рыцарьлар мен қала тұрғындары, яғни орта тап өкілдері қосылды. Кандидаттарға дауыс беретіндер үшін мүліктік шектеу енгізіліп, жылына шамамен 40 шиллинг рента (сома көлемі әр қалада әрқалай бекітілді) төлегендер ғана дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

1295 жылы І Эдуард «мінсіз парламент» құрды, ол 1327 жылы ІІІ Эдуард билікке келетін тұсқа қарай толық қалыптасып болды. Қазір жұртқа белгілі екі палатаға бөлу сол кезде басталған. Оның бірінде аристократия мен дінбасылар, екіншісінде рыцарьлар мен қала тұрғындары мәжіліс құрған. Қазіргі саяси терминологияда бірі - лордтар палатасы, екіншісі қауымдар палатасы деп аталады. Сол кезден бастап парламенттің қос палатасының мақұлдауынсыз елде бірде-бір заң қабылданбайтын болды.

1689 жылы ІІІ Вильгельм конституциялық монархия билігін іс жүзінде нығайтқан Құқық туралы билльге қол қойған соң парламент билігі түпкілікті орнады.

Игорь Ковалёв: - Кейде ұнамағаны анық, әрине. Бірақ монархтар парламентпен көбінесе санасып отырған, тіпті олардан салық жинап немесе ақша беруді талап етпей, өтінетін болған. Ал кейін бұл тәртіп бұзылып, монархия мәселелерді парламентсіз шешуге тырысқан кезде ағылшын буржуазиялық революциясы болып, монархия құлады. Бірақ оның орнын басқан республикалық биліктің ғұмыры ұзаққа бармай, бұрынғы тәртіп қайта орнады. Бірақ монархия парламентпен жанжалдасудан ешқашан опа таппағаны белгілі.

Азаттық: - Ағылшын буржуазиялық революциясы - монарх пен парламент арасында болған ең ірі қақтығыс па?

Игорь Ковалёв: - Иә, айтып отырғаныңыз «қысқа» және «ұзақ» парламент қой. «Қысқа» деп аталатын парламент құрылды [1640 жылдың 13 сәуірінде], бірақ І Карлдың ығына жығылмаған соң оны бірден таратып [1640 жылдың 5 мамырында] жіберді. Ал 10 жылдан аса ғұмыр кешкен келесі парламент «ұзақ» деп аталды, ал буржуазиялық революция дәл осы тұста болып, бірінші Карлды дарға асты.

Азаттық: - Бұдан бөлек, парламент монархпен ылғи тығыз байланыста жұмыс істеді ме әлде екеуі алауыз болған кезеңдер де болды ма?

Игорь Ковалёв: - Бұл белгілі бір тарихи кезеңге қарай реттеліп отырды. Мысалы, ІІ Карл абсоютизмді қайта орнатқысы келіп, елді біраз уақыт парламентсіз басқарды [17 ғасырдың ортасында]. Мұның ақыры оның бауыры Яковтың таққа отырғанын көргісі келмеген парламенттің оппозицияға кетіп, Яковты биліктен тайдыруына ұласты. Ал кейін билікке Вильгельм келіп, оның тұсында абсолюттік монархияның орнын конституциялық билік басты. Яғни саясаттағы жағдайды бақылау толығымен парламентке өткеннен кейін монархтың бұған көнбеске лажы қалмады.

ЕЛІКТЕУ ҮЛГІСІ

Азаттық: - Саяси жүйе функциясы тұрғысынан алғанда, ағылшын парламентаризмін қаншалықты мінсіз үлгі деп санауға болады?

Игорь Ковалёв: - Мұны ағылшын парламентінен нені үйренуге болады деген тұрғыдан қарау керек сияқты. Ұлыбритания парламентаризмі көп елдерге үлгіге айналып, оның тәжірибесінен Ресей мен Қазақстан қос партиялықты, заңдарды мақұлдау тәртібі сияқты көп дүниелерді алғанына қарамастан, ештеңені ойсыз көшіре беруге болмайды. Ресей, Қазақстан немесе Грузия түгілі, Францияның өзі Ұлыбритания емес екенін естен шығармау керек. Оның өз дәстүрі, ұстанатын қағидалары бар. Әрине, тәжірибеден үйрену керек , бірақ әр елдің ұлттық ерекшелігін ескеру қажет. Мұндайда құр көшіріп ала салатын дайын шешім, рецепт болмайды.

Оның үстіне, бізде көптеген дүниелер тайыз қарастырылады әрі идеологиялық тұрғыдан алдын ала кесіп-пішіледі. Мысалы, сайланбалы орган болмағандықтан, лордтар палатасы көпке дейін өткеннің сарқыншағы саналды. Кезінде оны «қазіргі демократияның отаны деуге болатын елде көрсеқызар ақсүйектер отырып алып, халыққа қатысты шешім қабылдайды, бұл – сұмдық әрі орта ғасырдың сарқыншағы» деп сөккен. Ал егер тереңірек үңіліп қарасақ, мұның өз артықшылықтары бар. Лордтар палатасының ешкімге тәуелсіз мүшелеріне сайлаушыларды алдаудың, біреулердің ығына жығылып, мүддесін қорғаудың немесе жұртқа үйіп-төгіп уәде берудің қажеті жоқ. Отырған орнынан ешкім айыра алмайтындықтан, олар шындықты қорықпай айта алады.

Азаттық: - Ел басшысы мен парламент арасындағы ымыраласу мен тартысу жүйесі неліктен Ұлыбританияда іске асып, Ресей немесе парламентке президенттің ықпалы күшті, ал мәжілісі мерзімінен ерте таратуды сұрайтын Қазақстанда іске аспайды?

Игорь Ковалёв: - Меніңше, бар айырмашылық ұлттық және мәдени дәстүрлерде жатыр. Парламенттегі халық өкілдігі мен элитамен ынтымақтасу дәстүрлері ерте феодалдық Ұлыбританияда да болған. Мысалы, корольдің ұлы корольдік кеңес бекітпей король деп саналмайтын. Басқаша айтқанда, елді басқаруға бір топ адам болса да қатысатын.

Ал Ресейде бұлай болған жоқ. Бізде парламент 20-ғасырда ғана пайда болды, ал Ұлыбританияда 13-ғасырда құрылып қойған. Бізде парламентте халық атынан өкілдік ету мәдениеті мүлде жоқ. Сондықтан жұртты мысалы мемлекеттік саясат саласында не болып жатқаны емес, транспорттың жолақысы, дүкендегі нан мен нақты бір қаладағы электр жарығының тарифі сияқты жайттар көбірек мазалайды. Ал провинцияда тұратын адамдардың көбі ел астанасында қандай заңдар қабылданып жатқанынан мүлде бейхабар. Бұл жағынан алғанда, дәстүр айырмашылығы қатты байқалады.

XS
SM
MD
LG