Қазақстанда теңге құнсызданғаннан соң негізгі азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы әсіресе табысы аз тұрғындардың тұрмысына қосымша салмақ салды. Азаттық тілшісі туған ауылына сапары кезінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы кейбір елдімекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан еді.
Шалғай ауылдар тұрмысы
 
1
Оңтүстік Қазақстан облысында автокөлік жолының кейбір тұстарын жұмысшылар әлі жөндеп бітпей жатыр. Жолдың ойқы-шойқы тұстарынан өту үшін жылдамдықты бәсеңдетуге мәжбүр болатын көлік жүргізушілері көп уақыт жоғалтатындарын айтады.
 
2
Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылға кіреберістегі мына жазуды көрген Азаттық тілшісі көлікті тоқтатып, оны суретке түсіріп алды.
 
3
Жамбыл облысында жол үстінде тұрған полиция патрулі көлігі жанында тұрған ер адам Азаттық тілшісіне өзін полицияның «көмекшісімін» деп таныстырды. Ол өз аты-жөнін атаған жоқ, ешқандай құжат та көрсетпеді. Ол жанында тұрған көліктегі полиция қызметкерлері бұл жігітті «өз адамымыз» деп атады.
 
4
Жол бойындағы дәмханада келушілерге ұсынатын түстік мәзіріне бірінші және екінші тағамдар, ыстық шай кіреді. Түстік бағасы – бір мың теңге шамасында.
 
5
Жол шетінде жайылып жүрген мал көлік астына түсіп қалатын оқиғалар да жиі болып тұрады.
 
6
Қазақстанда теңге девальвациясынан соң ауыл дүкендерінде азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Жұмыртқаның он данасы 250 теңге, қанттың келісі - 280 теңге, бір килограмм ұнның бағасы - 170 теңге тұрады.
 
7
Қызылорда облысында тұратын Зүпан Қожамқұлова ай сайын алатын 35 мың теңгенің жартысын дәрі-дәрмекке жұмсайтынын айтады. Әйелдің сөзінше, ұлттық ақша құнсызданғаннан кейін азық-түлік бағасының қымбаттауы отбасы бюджетіне қиын тиген. Ол биліктен ең болмағанда ұн мен қанттың бағасын қымбаттатпауды сұрайды.
 
8
Сексеуіл – ауыл тұрғындарының қыс маусымындағы негізгі отыны. Мынадай шағын жүк көлігіне тиелген, 15 мың теңгеден сатылатын сексеуіл бір немесе бір жарым ай отын қылуға жетеді.
 
9
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы мектеп оқушылары.
 
10
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы орта мектептің ішкі көрінісі.
 
 
