Accessibility links

«Терроризм» айыбымен сотталғандар туысы үкімге наразы


Сотталушы Сапархан Абдубайтовтың туысы Есімхан Абдубайтов. Шымкент. 24 шілде 2014 жыл.
Сотталушы Сапархан Абдубайтовтың туысы Есімхан Абдубайтов. Шымкент. 24 шілде 2014 жыл.

Шымкентте терроризм айыбымен сотталған төрт адамның екеуінің – әкелі-балалы Абдубайтовтардың туысы үкімге наразы. Абдубайтовтар – Сирияда жүрген қазақстандықтардың бірінің жақындары.

Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты шілденің 21-інде төрт адамды – 50 жастағы Сапархан Абдубайтовты, 27 жастағы Асылжан Абдубайтовты, 31 жастағы Бекжан Байжарқыновты және 47 жастағы Марат Бекмырзаевты терроризмге байланысты айыптап, бес пен тоғыз жыл аралығында түрме жазасына кескен еді. Сот-тергеу процесі екі ай бойы көпшілікке жария болмай өтіп, үкім шыққан соң ғана жұртқа жария болды.

Олардың екеуі – «террористік топ құрып, оған жетекшілік жасады және қызметіне қатысты», «экстремизмді не террористік әрекетті қаржылай қолдады», «Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қылмыстық топ құрды» деген айыппен 8 жылға сотталған Сапархан Абдубайтов пен 9 жылға сотталған Асылжан Абдубайтов – әкелі-балалы адамдар.

Абдубайтовтардың туысы Есімхан Абдубайтов жақындарының «еш дәлелсіз сотталып кеткенін», «саясатпен ісі жоқ, несібесін өз еңбегімен тауып жүрген қарапайым отбасының мүшелеріне әділ үкім шықпағанын» айтады.

«СОТ ЕШБІР ДӘЛЕЛ ҰСЫНА АЛМАДЫ»

Ағасы Сапархан Абдубайтовтың 2007 жылдан бері қант диабетіне шалдығып, жұмысқа жарамай қалғанын айтқан Есімхан Абдубайтов «Сапархан Сирияда террористер жағында соғысып жүрген немере інісі Ержан Абдубайтовқа қаржылай көмектесті» деген сот пікірімен келіспейді.

– Ержан Дубайда тұрғанда Сапарханды сол жаққа шақырды. Ауырып, ота жасалатынын айтқан соң ағам барды. Үш ай көлемінде басында отырып, қарады. Шаршағанын айтқан Ержан отбасымен бірге шетелде демалып келетінін сөз еткен. Содан кейін Сапархан Ержанды көрмеген, − дейді Есімхан Абдубайтов.

Оның сөзінше, ағасы Сапархан Дубайдан қайтарында қатты ауырған соң баласы Асылжанға хабарласып, «Қазақстанға келе жатқанымды ешкім білмесін, ағайын уайымдамасын» деген.

"Сирияда соғысып жүр" деп жарияланған қазақ жиһадшыларының Youtube сайтына 2013 жылы жарияланған видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)
"Сирияда соғысып жүр" деп жарияланған қазақ жиһадшыларының Youtube сайтына 2013 жылы жарияланған видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

– Бір күн өткеннен соң ағама барсам, орнынан тұра алмай әлсіреп жатыр екен. Ертеңінде ауруханаға түсті. Кейін интернеттегі видеодан Сирияда жүрген қазақстандықтардың арасынан Ержанды танып, оның қайда жүргенін білдік. Оған дейін Ержанның Сирияда екенін ешқайсымыз білген жоқпыз. Таяқтың бір ұшы ағам мен баласына тиетінін де түсіндік, − дейді ағасының «Қазақстанға келе жатқанымды ешкім білмесін» деген сөзін соттың ілік еткенін айтқан Есімхан Абдубайтов.

Ол ағасы Сапархан Абдубайтовты – «ақкөңіл, ауыр сөз айтпайтын, ағайын-туысқа қолынан келген көмегін беріп, соңғы жылдары ауырып жұмысқа жарамай қалған соң бес уақыт намазын оқып үйде отырған адам» деп сипаттайды. Ал немере інісі Асылжан Абдубайтовты «айтқанды екі етпейтін, шешесі қайтыс болған соң мінезі тұйықталған, тапсырған жұмысты тиянақты орындайтын бала» деп суреттейді.

– Асылжан Сирия былай тұрсын, осы күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облысынан бір қадам алысқа шықпаған. Тек қана Шымкент пен Жетісайдың арасындағы жолды білетін еді. Тіпті соғысқа қатысу ойына келмейді, – дейді Есімхан Абдубайтов.

Оның айтуынша, Асылжан Абдубайтов отбасымен бірге Ержанның Шымкенттегі үйіне қарауыл болып, тазалығына қараған, балаларына азық-түлік сияқты күнделікті қажетті заттарын тасып берген, сол үшін айына 40 мың теңге жалақы алған.

Әкелі-балалы Абдубайтовтарға шыққан үкіммен олардың адвокаты Алтынсары Сейітханов та келіспейді.

Дубай. (Көрнекі сурет)
Дубай. (Көрнекі сурет)

– Сот Сапарханға «Дубайда болдың, басқардың» десе де, бірде-бір дәлелдеме келтіре алмады. Ал Асылжан өтірік айту былай тұрсын, екі сөздің басын құрай алмайды. Ол Сирияға кетіп бара жатқан келіншекке билет алып бергені үшін сотталды. Асылжан «Ержанның Сирияда екенін, соғысып жүргенін білмеймін» дейді. Білетіні жөнінде сот та бірде-бір дәлелдеме ұсынған жоқ, – дейді адвокат Алтынсары Сейітханов.

Ол міндетті түрде апелляциялық шағым түсіріп, Сапархан Абдубайтов пен Асылжан Абдубайтовты ақтауды сұрайтынын айтады.

– Соттың ұсынып отырған дәлелдемелерінің бәрі болжам ғана. Сапархан Абдубайтовтың Ержан Абдубайтовқа қаржы аударғаны туралы бірде-бір нақты дәлел жоқ. Ал Қазақстан заңнамаларында болжамдарды дәлелдеме ретінде қолдануға болмайды, − дейді Алтынсары Сейітханов.

«СОТ КУӘГЕР СӨЗІНЕ, ҰҚК ЖАЗБАСЫНА СҮЙЕНДІ»

Айыптау материалында сотталған азаматтардың «2011 жылдың қазан айынан 2013 жылдың қарашасына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасап, терроризмді насихаттағаны және террористік іс-әрекетке қаржылай немесе өзгедей қолдау көрсеткені, сонымен бірге Сирия аумағында террорлық актілер жасаған террористік топтың қызметіне қатысқаны» айтылған.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Шара Бийсимбиева сотталған төрт адамның ішінде жазасы жеңілдеу болған – «қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз сатып алды және сақтады» деген айыппен 5 жылға сотталған Марат Бекмырзаев екенін айтады. Судьяның сөзінше, Марат Бекмырзаев – «Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы» видеода көрінетін, «Дәуіт жамағаты» атты топ құрып, оған адам жинап, басшылық жасады» деп сырттай айыпталған Талғат Бекмырзаевтың туған інісі.

"Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар" деп «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне 2014 жылы жарияланған видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)
"Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар" деп «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне 2014 жылы жарияланған видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)

– Ағасының нұсқауын орындап, 11 түрлі қару-жарақты жасырып, сақтаған Марат Бекмырзаев сотта айыбын толық мойындады, – деді судья Шара Бийсимбиева Азаттыққа.

Судья әкелі-балалы Абдубайтовтардың «Талғат Бекмырзаевтың оң қолы және ол басшылық жасайтын топты қаржыландырумен айналысады» деп сипатталатын, Сирияда жүрген Ержан Абдубайтовтың немере ағайындары» екенін айта келе:

– Ержан Сапарханның атынан Қазақстанда фирма ашып, сол арқылы банктен есепшот ашқызған. Сапархан істің бәрін бақылап, есепшотпен немере інісіне ақша жолдап отырған, – дейді.

Судья Шара Бийсимбиеваның сөзінше, төртінші сотталушы – 9 жыл түрме жазасына кесілген Бекжан Байжарқыновтың айыбы да Абдуайтовтардыкімен бірдей.

– Асылжан Абдубайтов пен Бекжан Байжарқынов Сирияда соғысып жүрген содырлардың отбасын құжаттандырып, Қырғызстан мен Түркия арқылы шетелге асырған, – дейді судья Азаттық тілшісіне.

Шара Бийсимбиеваның сөзінше, Бекжан Байжарқынов сотта тағылған айыпты жартылай мойындаған.

Судья «сот бұл адамдарға үкім шығарарда қылмыстық істегі дәлелдерге – куәгер сөздеріне, сонымен бірге ҰҚК қызметкерлері жасаған аудиожазбаларға сүйенгенін» айтады. Ол сот-тергеу процесі екі ай бойы көпшілікке жария болмай өтіп, үкім шыққан соң ғана мәлім етілгенін істің «өміріне қауіпті болғанымен» түсіндірді.

«ЖИҺАДШЫЛАР ВИДЕОСЫНАН» СОҢ СОТТАЛҒАНДАР

«Сириядағы террористік топтарға қатысы болған» деген айыппен түрме жазасына кесілген қазақстандықтар жоғарыда айтылған шымкенттік төрт азамат қана емес.

"Сириядағы қазақстандық жиһадшылар" деп 2013 жылы жарияланған видеодағы олардың балалары. Скриншот Youtube сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)
"Сириядағы қазақстандық жиһадшылар" деп 2013 жылы жарияланған видеодағы олардың балалары. Скриншот Youtube сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)

Биыл мамыр айында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «Сириядағы террористік топтың қызметіне араласып, соғысқа қатысқаны үшін» 29 жастағы Камил Абдулинді жеті жарым жылға соттаған. Сот материалдарында оның Сирияда көп ұлттан құралған «Көне Түркістан» тобының құрамына кіріп, соның базасында әскери дайындықтан өткені айтылады.

Наурыз айында Екібастұз қаласының тұрғындары Азамат Қазыбаев пен Абдусалам Мурзубаев (екеуі де 23 жаста) «Сириядағы соғыста лаңкестік топ ісіне қатысқан» және «лаңкестікті насихаттаған» деген айыптармен жеті жылға бас еріктерінен айырылып, мүліктері тәркіленген.

Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы сөз былтыр қазан айында интернетте «Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топ» туралы видео тараған соң шыққан. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер барысында видеодағы кейбір адамдардың аты-жөндерін анықтаған еді. Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бұл видео жарияланған соң, 2013 жылы қарашада Лондонға барған сапарында «қазақстандық жиһадшыларды» елге қайтаруға күш салып жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG