Accessibility links

Чулпан Хаматова: Худойназаров кинода өз қолтаңбасымен қалды


Актриса Чулпан Хаматова.
Актриса Чулпан Хаматова.

Азаттықтың Тәжік қызметіне Мәскеу қаласынан берген сұхбатында Чулпан Хаматова режиссерді әлемдік даңққа бөлеген фильмнің қалай түсірілгенін еске алды.

Режиссер Бахтиер Худойназаровтың «Лунный папа» (1999 жыл, Тәжікстан) фильмінде басты рөлде ойнаған актриса режиссердің қазасына қатты қайғырады. 49 жастағы режиссер ұзаққа созылған науқастан сәуірдің 21-і күні Берлинде қайтыс болған.

Азаттықтың Тәжік қызметіне Мәскеу қаласында берген сұхбатында Чулпан Хаматова режиссерді әлемдік даңққа бөлеген фильмнің қалай түсірілгенін еске алды.

Азаттық: Бахтиёр Худойназаровтың қазасы туралы суық хабарды естігенде қандай көңіл-күйде болдыңыз?

Чулпан Хаматова: Жаныма жақын тұтқан досым болғандықтан, оның қазасына қатты қайғырдым. Ауыр науқас екенін білсем де, қазасы жаныма қатты батты.

Азаттық: «Лунный папа» фильміндегі жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз, Сізді ол қалай таңдады?

Чулпан Хаматова: Фильмді Тәжікстанда түсірдік, өте қиын болды. Бір жақсысы, қысқа күнде талай қызықты оқиғалар болып, талай достар табатынбыз. Бұл туынды өмірімдегі ең маңызды фильмдердің бірі болып қалады. Өте көңілді кезең болды. Ал ол өте дарынды адам еді. Ішіндегі ертегіні әдемі жеткізе білетін тамаша ертекші болатын. Әр кадрдағы детальдар топтасып,көркемдігі сан қырынан ашылатын тұтастық беретін. «Лунный папа» фильмін түсіну үшін оны бір рет көру жеткіліксіз. Оның сан қабат қыртысындағы ойларға терең үңілу үшін сан мәрте қайталап көру қажет.

Азаттық: Сізге Бахтиёрдің фильміндегі негізгі идеяны түсіну оңай болды ма?

Чулпан Хаматова: Екеуміздің таныстығымызға дейін бұл картинаға түскім келмеген. Сценарийді ұнатпадым әрі бұл рөлді неліктен маған ұсынғандарын түсінбедім. Жан-дүниеме мүлде жат дүние сияқты көрінді. Кейін екеуміз жолыққан кезде ол фильмге қатысты ойларымен, образдармен бөлісті. Сол сәттен бастап оның дарынына тәнті, өзгеше жаратылған жанарына ғашық болдым. Сондықтан түсірілім алаңында туындаған кез келген қиындықты оңай еңсердім.

Азаттық: Кейбір актерлер онымен бірге жұмыс істеу қиын болғанын айтады. Ол ымыраға көнбейтін жан болды ма?

Чулпан Хаматова: Бұл пікірмен келіспеймін. Суреткерге тән ымырасыздық оның тамаша қасиеті болатын. Мұны түсіне білу керек әрі кино мамандығын таңдаған кезде түсінуге тиіссің. Мүмкін, кейбіреулер оның «шагалшыл» (суретші Марк Шагал - Азаттық) әлемін түсінбеген шығар. Оларға өзгеру қиын болды, сондықтан кейде кикілжің шығып қалатын.

Азаттық: Егер әлі тірі болса, фильмдеріне тағы түсер ме едіңіз?

Чулпан Хаматова: Тірі болса, түсер едім. Тағы қашан шақырар екен деп күтер едім.

Азаттық: Өзге мыңдаған режиссерлерден немесе өзіңіз бірге жұмыс істеген режиссерлерден оның жұмыс тәсілінің қандай айырмашылығы бар?

Чулпан Хаматова: Түсірілім алаңында жұмыс істеу тәсілінде ешқандай өзгешелік жоқ, бірақ кинематографияда ол өзіндік тілімен танылды. Мен оның фильмдерін Шагал картиналарына қатты ұқсатамын. Ол қай актерге қандай рөл жақын екенін жақсы білетін. Идеялары көп еді. Жалпы, «Лунный папа» фильмінің идеясы газетте жарияланған шағын очерктен алынған. Ұшақтан құлаған өгіздің біреуді басып қалғаны туралы жазбадан туған фильм тұтас картинаға айналды.

Азаттық: Оның орны қандай?

Чулпан Хаматова: Мен үшін досым ретінде, тағы кездесуді армандаған режиссерім ретінде оның орны ойсырап қалды. Оның сөздері, ортасы мүлде бөлек жан еді ғой...

XS
SM
MD
LG