Accessibility links

Баланы қара жұмысқа салу тыйылмай тұр


Жазғы демалыс кезінде салқын көже сатып отырған оқушы. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
Жазғы демалыс кезінде салқын көже сатып отырған оқушы. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.

12 маусым – дүниежүзілік балалар еңбегін қанаумен күрес күні. Мамандар Қазақстанда балалар еңбегін пайдалану үйреншікті жағдайға айналып бара жатқанына алаңдайды.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласындағы орта мектептің 7-сыныбын бітірген Берік жазғы каникул кезінде мақта алқабында жұмыс істеп жүр. Ол күзде басталатын оқуына қажет ақша жинап алғысы келеді.

«Жаз бойы мақта күтіміне көмектесемін, кейін оны терісемін. Былтыр да істегенмін. Үйдегілер біледі. Мен ғана емес, ауылдағы біраз оқушы істейді. Былтыр мақтаның әр килограмы 20 теңге болып, күніне 400-500 теңге тапқанбыз. Биыл да солай болатын шығар» дейді оқушы.

«АТА-АНАҒА АЙЫППҰЛ САЛУ КЕРЕК»

Оңтүстік Қазақстанда Берік сияқты жас балалардың еңбегін қанау фактілері жиілеп кеткенін облыстық білім басқармасы да растайды. Облыстық білім басқармасының маманы Айнұр Шерімбеттің сөзінше, ай сайын ол өңірдегі ауыл, аудан, қалаларда балалар еңбегін қанауға қарсы рейд ұйымдастырылады.

«Құқық қорғау органдары мен білім басқармасының мамандары мақта, егіс аумақтарын, базарларды аралайды. Рейд нәтижесінде ай сайын министрлікке есеп беріп отырамыз. Анықталған жағдайда мектептен, ата-анадан жауап сұралады. Құқық қорғау органдары ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қолдан келетіні – осы» дейді Айнұр Шерімбет.

Шенеунік «балалар еңбегін қанауды тыю үшін заңды күшейтіп, баланың еңбегін аяусыз пайдаланған ата-аналарға айыппұл салу керек» деген ұсыныс айтады.

Банан сатып тұрған мектеп оқушысы Әли. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
Банан сатып тұрған мектеп оқушысы Әли. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы балаларды қара жұмысқа салу оқиғасы көп кездесетін жер екенін білім және ғылым министрлігі 2013 жылғы «Балалар еңбегін қанауға қарсы күрестің 12 күндігі» кампаниясы кезінде де айтқан. Министрлік былтыр 76 баланың еңбегі қаналғанын анықтағанын мәлімдеген. 2013 жылы күзде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтарал ауданындағы оқушылардың 80 пайызы оқуға бармай мақта тергенін прокуратура жария еткен.

«Балалар еңбегін қанауға қарсы күрестің 12 күндігі» кампаниясы Қазақстанда биыл да өтті. 1-12 маусым аралығында өткен бұл шара барысында Қазақстанның әр аймағындағы білім басқармалары мен прокуратура өкілдері балалар еңбегін қанау оқиғаларын тексерді. Шара қорытындысы маусым айының соңында жарияланбақ.

«БАЛАНЫ АУЫР ЖҰМЫСҚА САЛДЫҚ ДЕП ОЙЛАМАЙДЫ»

Әлеуметтанушы Гүлсара Қадірова Қазақстанда бала еңбегін пайдалану үйреншікті жағдайға айналып бара жатқанын айтып қынжылады.

«Оңтүстік Қазақстанда мақта мен жеміс-жидек – негізгі күнкөріс көзі. Сабақ басталғанда мақта мен жемістің науқаны қызады. Ата-аналар балаларын жұмсайды. Бірақ олар баланы ауыр жұмысқа шегіп жатырмыз деп ойламайды. Ал Алматыда жас балалар жаз бойы «Барахолка», «Көкбазар», «Алтынорда» сияқты базарларда сауда сатып, ақша тапқысы келеді. Қазақстанның басқа аймақтарында да мұндай фактілер бар, сондықтан тексерісті күшейту керек» дейді ол.

Алматы қалалық халықты әлеуметтік қорғау департаментінің дерегінше, мұнда балалар базарда тауар сатып, көлік жуып, құрылыста жұмыс істейді.

Көшеде киім-кешек сатып жүрген оқушы. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
Көшеде киім-кешек сатып жүрген оқушы. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
Алматылық дәрігер Жанар Болатханова ауыр жұмыс жас балалардың денсаулығына зиян екенін айтады.

«Жастайынан ауыр жұмыс істеген баланың ой дамуы тежеліп, денсаулығына зиян келеді. Ауыр жұмыс істеген бала шорқақ ойлап, ойын жеткізе алмайды. Бала кезінде ауыр көтерген бала кейін есейгенде бел, буын ауруларына шалдығуы мүмкін» дейді дәрігер.

Қазақстанда «Баланың құқықтары туралы заңның» 16-бабы бойынша бала 14 жасынан бастап қана ата-анасының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, дене бiтiмiне, психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн жұмыстарды істеуіне болады.

Халықаралық еңбек қауымдастығының дерегінше, қазір әлемде 14 жасқа толмаған 251 миллион бала қара жұмысқа жегілген.
XS
SM
MD
LG