Екі күнге жалғасатын халықаралық жиынның күн тәртібіне әлем және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер шығарылып отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы, Иранның саяси мәдениетінің ерекшелігі мен оның Таяу Шығыстағы маңыздылығы, медиа заңдардың жағдайы мен БАҚ-тардағы сөз бостандығы, әлеуметтік желілердің дамуы мен журналистикадағы этика, саяси имидж сынды бірқатар мәселелер сөз болады деп жазылған. Форумға мемлекеттік қайраткерлер мен әлемдік медиа қауымдастықтың жетекшілері шақырылған.
ТӨРДЕГІ ӘҢГІМЕ ТӨРАҒАЛЫҚПЕН ҒАНА ТҮЙІНДЕЛДІ
Биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған Еуразиялық медиа-форумды, қалыптасқан дәстүр бойынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Шамамен жарты сағатқа созылған баяндамасында мемлекет басшысы елдегі сөз бостандығы мен медиа өндірістің жағдайы туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ.
Назарбаев Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін үлкен жетістік деп атап, одан соң республиканың экономикасына тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде «Қырғызстанның дағдарыстан мүмкіндігінше тез шығуына белсенді түрде атсалысатындығын» атап өте келіп, Қырғызстанда болған жағдай революция емес деп бағалады.
«Ол революция емес. Ол қарақшылық. Революция деп тек - 1917 жылы капитализмнен социализмге өту кезінде болған, Қазан төңкерісін айтуға болады. Қазақстанда да, социализмнен капитализмге өтіп жатқанда революция болды деп те айтуға болады» - деді президент.
Одан соң мінберге көтерілген Дариға Назарбаева медиа форумның төрайымы ретінде жиынға қатысушыларға арналған сәлемінде, Еуропаның әуе жолына бөгет болған исландиялық Эйяфьятлайокудль жанартауының атын жаңылтпай атаумен көпшілікті таңқалдырып алып, әрі қарай форумның бағдарламасын таныстырумен шектелді.
Медиа форумның ашылу салтанатындағы осы екі баяндамаға арқау болған тақырып - Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі бірінші талқылауда әрі қарай жалғасты. Қазақстанның мемлекет хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың жұмыс бабына байланысты бұл жиынға қатыса алмағаны болмаса, шетелдік қонақтар төрағалық мәселесін ұйымның Астанада шақырылатын саммитіне дейін "жеткізіп" тарқатты.
"ЕҚЫҰ - ҚЫЗҒЫЛТ КӨЗӘЙНЕКТІ ШЕШІҢІЗ"
Сөз кезегі төрдегілердің талқысынан кейін ғана көрерменге тигенде Қазақстандағы оппозициялық «Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева баспахана мәселесін көтерді.
ЕҚЫҰ баспасөз мәселелері бойынша өкілі Дуня Миятович Алматыдағы Еуразия медиа -форумында. 27 сәуір, 2010 жыл.
Қазақстандағы баспахана атаулы осы газетті басудан бас тартқандығын баяндап өткен ол мұндай іс-әрекеттің астарында саясат бар деп мәлімдеді. Трубачева медиа форумға қатысушыларға «өзінің бәсекелестеріне техникалық цензура жариялаған Қазақстан ЕҚЫҰ-на қандай серпін беруі мүмкін?» деген сауал қойды.
Спикер сауалды ЕҚЫҰ-ның баспасөз мәселелері бойынша өкілі Дуня Миятовичке бұрған соң, ұйым өкілі бұл газетке қатысты мәселемен жақсы таныстығын және жіті назарда ұсталатындығын, сондай-ақ ұйымға төрағалық етуші елмен келіссөздер жүргізіліп, мұндай тыйым жақында жойылады деп сенетіндігін атап көрсетті.
Мұндай жауап «Голос республики» ұжымын риза қылмаса керек, баспахана қиындығынан газеттерді қолмен түптеп жүрген бас редактор арқасына «ЕҚЫҰ-ның қызғылт көзәйнегі шешілсін» деп жазылған жазуды іліп алып, көпшілік алдында наразылық акциясын өткізді.
"Голос Республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева "ЕҚЫҰ - қызғылт көзәйнекті шешіңіз!" плакатымен Еуразиялық Медиа Форумда. Алматы, 27 сәуір 2010 жыл.
Ал мұның қарсаңында ғана, халықаралық жиын өтіп жатқан «Интерконтиненталь» тұрғындары мен қонақтарын суретші Қанат Ибрагимов өзінің флеш-мобымен таң қалдырған болатын. Скрипкашы қызбен ортаға бірге билеп шығып, қонақ үйдегілердің назарын өзіне аударған ол: «Көп-сөз, боқ-сөз!» деп екі қайтара дауыстап, естіртіп айтқаннан кейін бірден сытылып шығып кете барды. Флеш-моб бір минутқа да жеткен жоқ.
Медиа форумды тағы да қандай тосын сый күтіп тұрғаны әзірге белгісіз. Сәрсенбі күні форум интернет аясын шектеу тақырыбында сөз қозғайды. Бұл мәселе Қазақстан қоғамын да көптен бері алаңдатып келеді.
Былтырғы медиа форум да өзіндік шу-жанжалсыз өтпеген болатын. Оған форум басталған күні «ДАТ» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапидың қамалуы түрткі болған еді. Құрылықтағы журналистердің жиыны басталған күні жергілікті журналистің қамалуы форумды ұйымдастырушыларға абырой әкелмегені анық. Сол кезде форум төрайымы Дариға Назарбаеваның өзі "жоғарыға" телефон соғып, екі сағаттың ішінде Бапи абақтыдан шыққан еді.
Еуразиялық медиа форумның жұмысы сәрсенбіде де жалғасады.