Accessibility links

174-бап бойынша сотталғандардың өз құқықтары үшін күресі


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов

"Алауыздық тудыру" айыбы бойынша сотталып, жазасын өтегендер (соңғы жылдары Қазақстанда бұл баппен ондаған белсенді сотталды) банк және сақтандыру қызметін қолдана алмайды. Тіпті жеке заттарын ломбардқа да өткізе алмайды.

Құқық қорғаушылардың бұндай шектеуге келіспей, қарсылық танытқаны әзірге, еш нәтиже бермеді. Сот шағымдарын қарамады. Құқық қорғаушылар кассациялық инстанцияға өтініш берді.

Билік ұсынған жер реформасына қарсы митингіге қатысқаны үшін сотталып, көктемде түрмеден шыққан азаматтық белсенді Талғат Аян қаржылық құқығы (ол ғана емес) шектелгенін айтады. Ол өзінің банк картасын пайдалана алмайды, көлігін сақтандыра алмайды, тіпті ломбардқа зат өткізу құқығынан да шектелген.

Азаматтық белсенді Талғат Аянды түрмеден қарсы алу сәті. (Кепка киген Талғат Аян ортасында)
Азаматтық белсенді Талғат Аянды түрмеден қарсы алу сәті. (Кепка киген Талғат Аян ортасында)

Банктер мен ұйымдардың дерекқорында жеке бас куәлігі "тыйым салынған" деген хабарламамен шығады. Талғат Аян бұл туралы жақында Facebook парақшасына жазды. Билік "экстремизм бабы" бойынша сотталғаны үшін оны "қара тізімге" енгізген.

Қылмыстық кодекстің 174-бабы "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" деп аталады. Құқық қорғау ұйымдары тұжырымдаманың түсініксіз екенін айтып, бірнеше рет сынағанү

Алматы облысының 43 жасар тұрғыны Абылайхан Шалымбаев Азаттық тілшісіне "діни экстремизмді насихаттау", "діни алауыздық тудыру" бабы бойынша сотталып, бес жыл түрмеде жазасын өтеп келген соң жұмысқа орналаса алмай жүргенін, тіпті фамилиясы "қара тізімге" енгендіктен темір жол билетін де сатып ала алмайтынын айтты.

Абылайхан Шалымбаев
Абылайхан Шалымбаев

"ҚАРЖЫЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫМ БҰЗЫЛДЫ"

Жақында Азаттық тілшісіне қоғамға онша танымал емес азаматтық белсенді, атыраулық 78 жастағы Тұрарбек Құсайынов хабарласып, қаржылық құқығы бұзылғаны туралы айтты. "Рулық алауыздық тудырды" деген айыппен сотталған Құсайынов төрт жыл түрмеде жазасын өтеген, бір жыл бұрын бостандыққа шығыпты.

Тергеу органдарының дерегінше, ол "электронды поштасынан хат жіберген". Онда "Маңғыстау облысының ақсақалдары бір жоғары лауазымды шенеунікті Қазақстан президенті болуға шақырып, оған қолдау көрсетуге уәде берген". Құсайыновтың айтуынша, "іс құпия" деген желеумен үкімін өзіне ешқашанда көрсетпеген, бірақ ол үкімде қаржылық құқығын шектеу туралы нұсқау болмағанына сенімді.

2012 жылы "әлеуметтік алауыздықты қоздырды" деген айыппен 7 жыл 6 айға сотталған, "Алға!" партиясының (сот экстремистік деп танып, тыйым салған партия) бұрынғы жетекшісі, екі жыл бұрын мерзімінен ерте шартты түрде босаған Владимир Козлов қаржылық құқығы бұзылғанына шағымданып қана қоймай, оны қалпына келтіру үшін белсенді күресіп жүр.

Козловтың пікірінше, "Қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру (ізін жасыру) және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру туралы" қазақстандық заңда мониторинг жасау қаржы операцияларына тұтастай тыйым салумен ауыстырылған.

- Әзірге, тек нотариалды мекемелердің бетін бері қараттым - нотариустар базасына өзгерістер енгізілді, енді нотариустар алдына келген азаматпен жұмыс істеу-істемеуді өздері шешеді. Бұған дейін ондай адамның ЖСН-ін (жеке салық төлеушінің нөмірі) алған база ары қарай әрекет етуді тоқтататын, - дейді Владимир Козлов.

Владимир Козлов
Владимир Козлов

ШЕКТЕУГЕ ҚАРСЫ ТҰРУ

Қазақстандық Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро (АҚХБ) жоғарыда аталған Владимир Козлов, Тұрарбек Құсайынов, Абылайхан Шалымбаев пен қоғамға аз танымал белсенді Серік Борамбаевтың ("ұлттық алауыздық тудырды" деген айыппен екі жылға қамалып, 2012 жылы ақпанда түрмеден шыққан) сотқа жазған өтініштерін алты мемлекеттік мекемеге (Қаржы министрлігі, СІМ, бас прокуратура, Әділет министрлігі, ҰҚК дәне ІІМ) жинап өткізді.

Өтініште құқық қорғаушылар "алты" мемлекеттік мекеме бірлесе қабылдаған бұйрықты заңсыз деп тануды сұраған. Бұйрық 2016 жылы ақпанның 5-і күні Әділет министрлігінде тіркелген. Онда "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйым мен тұлғаларды" тізімге кіргізу туралы ереже бекітілген. Козлов, Құсайынов, Шалымбаев пен Борамбаев заңдық тұрғыда адвокат Инара Масанованың көмегіне сүйенген.

Мамыр айында адвокат Масанова төртеудің атынан Астана қаласының Есіл аудандық сотына жүгініп, алты мемлекеттік мекеменің бірлескен бұйрығын заңсыз деп тануды сұраған.

"Козлов, Құсайынов, Шалымбаев пен Борамбаев "экстремистік" қылмысы үшін (әлеуметтік, діни, ұлттық және рулық алауыздық тудырды деп) сотталса да, экстремизм мен терроризмді қаржыландырғаны үшін сотталған жоқ, олардың үкімінде меншік құқығы мен өзге де құқықтарын шектеу көрсетілмеген" дейді адвокат Инара Масанова.

2018 жылы шілденің 3-і күні Астана қаласының Есіл аудандық сотының судьясы Бақыт Батталова шағымды қабылдаудан бас тартып, оны азаматтық сот ісі тәртібінде қарауға келмейді деген ұйғарым шығарған. Себебі "өтініш берушілердің талаптары Халықаралық міндеттемелерге сай келмейтін ережелермен байланысты, ал азаматтық процессуалды кодекс (АПК) нормаларына сәйкес сотта халықаралық келісімдерді талқылауға болмайды".

Есіл аудандық сотының ұйғарымы үстінен Астана қаласының сотына шағым түсірілді. Алайда тамыздың 7-сі күні Астана қаласы сотының судьясы Гүлмира Каженова мынадай анықтама шығарған: "Астана қаласының Есіл аудандық сотының 2018 жыл, 3-шілдедегі ұйғарымы өзгеріссіз қалсын. Өкілдің жеке шағымы қанағаттандырылмасын".

Азаттыққа адвокат Инара Масанованың айтуынша, ол кассациялық тәртіппен Астана қалалық сотының анықтамасына шағымданған.

ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІМЕН "ЖЕКПЕ-ЖЕК"

"Рулық алауыздықты қоздырды" деген айыппен төрт жылға сотталған Тұрарбек Құсайынов 2016 жылы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Содан бері ол қаржылық құқығының шектеліп келе жатқанын айтады.

"Әділдік пен ақиқатқа қол жеткізу" жолындағы күресі нәтижесінде Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитетінен 2017 жылдың мамырында жауап келді. Жауап басында жеке тұлғаны тізімге кіргізу себебі берілген, бұдан соң тізімнен шығару себебі көрсетіліпті.

Құжатта өкілетті мекеменің тізім жасайтынын, оны ресми интернет-ресурсқа салатынын, содан соң тиісті мемлекеттік мекемелерге электронды түрде жіберетінін айтыпты. Хаттың соңында "осы кезге дейін Т.Қ. Құсайыновқа қатысты сотталушылар тізімінен шығару немесе алып тастау туралы ақпарат комитетке түспеді" деп хабарлаған.

Қаржы министрлігі Құсайыновтың хатына берген жауабында Қазақстанның терроризмді ескерту және алдын алу мен оны қаржыландыру бойынша халықаралық міндеттемені мойнына алғанын баса айтады. Құрылымы мен мазмұны тура осыған ұқсас хатты былтыр қазанда Серік Борамбаев та алған болатын.

"ЭКСТРЕМИЗМДІ ШЕКТЕУ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫРДЫ"

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттыққа Қазақстан билігі сілтеме жасап отырған терроризмді қаржыландырумен күрес туралы халықаралық конвенцияға сай оған қатысушылар терроризм актісін қылмыс ретінде танып, сол актіні ешкім қаржыландырмауы үшін күресуі керек дейді.

Жовтистің айтуынша, конвенцияда бұл күрес капиталдың заңды қозғалысына ықпал етпеуі керек деп нақты жазылған. Қазақстанның қылмыстық кодексінде терроризм актісі анық жазылған, егер Халықаралық конвенция ережесіне сүйенсе күмәнді қаржы аударымдарын бақылап, ол ақша терроризмді қаржыландыруға бара жатқаны анықталса, дереу қылмыстық іс қозғау керек.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

- Біздікілер "терроризм" түсінігін кеңінен түсіндіре бастады. Олар оған "экстремизмді" қосып қойды. "Экстремизм" заңдық тұрғыда түсініксіз ұғым. Халықаралық құқық тілінде "экстремизм" термині жеке қолданылмайды, "зорлықшыл экстремизм" деген термин бар, оны "жоғарғы" шегі терроризмге жеткен, зорлық-зомбылыққа қатысты экстремизммен байланысты қолданады. Бізде "экстремизм" түсінігін адамдардың құқығын шектеу құралына айналдырып алды, - дейді Евгений Жовтис.

"Заң үстемдік ететін елдерде айыптау үкімі, соның ішінде бас бостандығынан айыру туралы үкім жеткілікті болып саналады, оған қосымша жаза тағайындамайды" дейді Жовтис.

Сондықтан еуропалық құқық қорғаушылар Қазақстанда тұтқындарды қоғамға бейімдеудің орнына түрмеден шыға сала қаржылық құқығынан айыру сияқты қосымша жаза тағайындап, одан әрі қоғамнан алшақтатуын түсіне алмайды екен.

"Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар" тізімі Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау жөніндегі комитетінің ресми интернет-ресурсына салынған. Қазіргі кезде тізімде бір жарым мыңға жуық адам тұр. Екі жыл бұрын онда 500 жуық адамның фамилиясы тұрған еді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG