Accessibility links

"Қылмыстық рөлдер" мен "жалған құлшылық". "Новая жизнь" пасторларына қандай айып тағылды?


"Новая жизнь" шіркеуінде Иса пайғамбарға мадақ айтып тұрған адамдар. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.
"Новая жизнь" шіркеуінде Иса пайғамбарға мадақ айтып тұрған адамдар. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.

Алматыда сырттай сотталған "Новая жизнь" шіркеуінің пасторлары өздеріне қарсы ойдан шығарылған айып бойынша іс қозғалған деп санайды. Олардың адвокаты апелляциялық шағымды қарайтын сотқа дайындалып жатыр. Пасторлар қылмыстық істің астарында діни-этникалық фактор барын айтады. Билік мұны жоққа шығарады.

Қылмыстық іс бойынша тергеуге алынған азаматтың бірнеше жыл ішінде бірде-бір рет түсініктеме беруге шақырылмауы, өз үйінде тұрып, елді еркін аралап, тіпті, шетелге саяхаттауы мүмкін бе? Адвокат Айман Омарова мұндай жағдаймен іс жүзінде кездескенін айтады. Адвокат пен оның қорғауындағы "Новая жизнь" шіркеуінің үш пасторы өздеріне қарсы ойдан шығарылған айыппен іс қозғалған деп санайды.

- Менің қорғауымдағы азаматтарды тергеу жүрген сегіз жыл ішінде неліктен бірде-бір рет түсініктеме беруге шақырған жоқ? Көп жыл бойы тергеуші пасторлардың "қылмысын" іздеуді жалғастырып, олармен сөйлесуден қашып жүрді. Тергеу-іздестіру тобының қызметкерлері оларға сырттай жаза кесуге істі сотқа жіберіп, айыпталушыларға халықаралық іздеу жариялау үшін олардың елден кетуін күтті. Бұл азаматтар өздеріне қарсы сот басталғанын кездейсоқ білген, - дейді Айман Омарова.

Адвокат қазір Алматыда шілде айының соңында шығарылған сот үкіміне байланысты апелляциялық алқаның отырысына дайындалып жатыр. Сот тыңдауы қазан айының басында өтпекші. Бірінші инстанциядағы сот пасторларды "денсаулыққа қасақана зиян келтіру", "заңсыз бірлестік құрып, оның қызметіне қатысу", "алаяқтық" қылмысын жасаған деп тапқан. Максим Максимов бес жылға, оның әйелі Лариса Максимова мен Сергей Заикин төрт жылға түрме жазасына кесілген. Қазір пасторлар АҚШ-та тұрып жатыр. Олар Қазақстанда өздеріне қарсы қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанда қиындықсыз басқа мемлекетке ұшып кетуге мүмкіндік алған.

Қазақстаннан 2014 жылы кеткен Максим Максимов пен елден 2018 жылы қоныс аударған Сергей Заикин өздеріне мемлекет бекіткен, айыпталушылардың атынан оларға қарсы қозғалған іс құжаттарына қол қойған адвокаттар бірде-бір рет байланысқа шықпағанын айтады. Олар өздерінің адвокаттары болғанын Айман Омарова іс материалдарына қиындықпен қол жеткізген кезде бір-ақ білген.

ПАСТОРЛАРДЫ АЙЫПТАУ

Тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан пасторлар сот үкімін Алматыдағы "Новая жизнь" шіркеуін көп жыл бойы қудалаудың заңды жалғасы деп біледі. 2016 жылдан бастап шіркеу мен пасторлардың үйіне бірнеше рет тінту жүргізіліп, республикалық телеарналардан тексеру кезінде "қару мен бағалы заттар табылғаны" хабарланған. Діни бірлестік қызметі бірнеше рет тексерілген. Пасторлар шіркеуге жүздеген адам жиналған кезде жексенбілік құлшылықты тоқтатуға бірнеше рет талпыныс жасалғанын айтады. Сергей Заикин билік шіркеудің гуманитарлық көмегі саналатын "Новый завет" басылымына корпоративті салық салып, 200 мың доллар айыппұл кескенін еске алды.

- Шіркеуден заңсыз қару мен оқ-дәрі "табылғаны" туралы айтылды. Бұл ақпарат тез тарады. Шіркеу қаруды қайтеді? Бізді терроршылар немесе заңсыз әрекет жасауға тырысып жүрген ұйым етіп көрсеткілері келді. Ешқандай қару болған жоқ. Үйімде аңшы қаруы ғана болған, оның құжаты бар еді, сондықтан тәркілеген жоқ, - дейді Заикин.

Сергей Заикиннің Алматыдағы "Новая жизнь" шіркеуінің пасторы болған кездегі суреті 28 қаңтар 2013 жыл.
Сергей Заикиннің Алматыдағы "Новая жизнь" шіркеуінің пасторы болған кездегі суреті 28 қаңтар 2013 жыл.

Пасторлар өздеріне тағылған айыптарды ойдан шығарылған және дәлелі жоқ деп есептейді. Сот үкімінде 1991 жылы Максимовтың адам денсаулығына зиян келтіру мақсатын көздейтін ұйым құрып, оны басқару туралы қылмыстық мақсат қойғаны, сол жылы ол әділет департаментінде "Новая жизнь" діни бірлестігін тіркеп, 10 жылдан кейін әйелі Лариса Максимова және Сергей Заикинмен келісіп, оларға әйелдер пасторы және пастордың көмекшісі ретінде "қылмыстық рөлдерді" бөліп бергені жазылған.

- Тергеуші біз қылмыстық рөлдерді аға пастор, пастор және әйелдер пасторы деп бөлгенімізді жазған. Яғни, біздің "қылмыстық рөліміз" пастор болу, - дейді Максимов.

Тергеушілердің болжамы бойынша, 1991 жылы 21 жастағы Максимовта "қылмыстық ниет" пайда болған кезде оның болашақ "сыбайласы", сол кезде Теміртауда тұратын Сергей Заикин 16 жаста болған.

"Новая жизнь" шіркеуіне құлшылық етуге жиналған адамдар. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.
"Новая жизнь" шіркеуіне құлшылық етуге жиналған адамдар. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.

Іс материалдарында пасторлар "қылмыстық мақсатын жүзеге асыру" кезінде "жалған құлшылықтар" өткізіп, онда "психологиялық және психотерапевтік ықпалы бар әдістерді" қолданған деп жазылған. Бұл техникаларға суггестия, денеге бағытталған және когнитивті мінез-құлық психотерапиясы, "айғайлау, ерекше сөздер қолдану және сыбырлап сөйлеу, қолды кеудеге қою" тәрізді нейролингвистикалық бағдарламалау әдістері, рефрейминг, аудио-кинестетикалық және визуалды-кинестетикалық формадағы "якорь" әдісі, Эриксон гипнозы деген атаулар берілген. Айыптаушы тараптың айтуынша, бұл тәсілдерді шіркеуге келушілердің мүлкін алаяқтық жолмен тартып алу үшін қолданған.

"МИДАҒЫ ӨЗГЕРІС"

Пасторлардың сөзінше, олар қылмыстық істе аталған психологиялық техникаларға не жататынын білмейді. Адвокаттың айтуынша, іс материалдарына қосылған сарапшы қорытындысында жүздеген адам қатысқан құлшылық кезінде "қолданылған" психологиялық техника неге шіркеуден 10 жыл бұрын кетіп қалып, аяқ астынан қылмыстық іс бойынша жәбірленуші боп шыға келген санаулы адамға ғана әсер еткені туралы ештеңе жазылмаған. Жәбірленуші ретінде сегіз адам арыз берген. Олардың арасында шіркеуге 2000 жылдары келіп жүрген ерлі-зайыпты Раушан мен Юрий Харламовтар да бар. Олар діни бірлестікке автомобиль мен ірі мөлшерде ақша бергенін айтады. Юрий Харламовтың сөзінше, олар бұл әрекетке психологиялық ықпалмен барған.

- Олар психологиялық, психотерапевтік әдістерді жақсы меңгерген. Енді мұның бәрін христиан дініне жасалған қысым ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Мүлде олай емес! Мен бұл жағдайды ішінен білемін, түсінесіз бе, ішкі жұмыстарын да, кейіннен жәбірленушілерге қандай зардап келгенін де білемін. Олар ақпарат құралдарымен жақсы жұмыс істейді, осылай адамдардың басын қатырады. Бұл бірлестікте жүрген адамның миында екі жылдан кейін өзгерістер болып, өзі байқамай діни ұйымды жақтауға кірісетіні туралы айтылған жоқ, - дейді Харламов.

Раушан Харламова шіркеуге ақша бергендерін дәлелдейтін құжат жоқ екенін айтады. "Алаяқтар төлемді растайтын қағаз бермейді" дейді ол.

Сот үкімінде пасторлар алаяқтық жолмен жәбірленушілердің ақшасын иемденгені айтылған. Құжатта көрсетілген шығын мөлшері 19 миллион 120 мың теңгені (қазіргі бағаммен шамамен 50 мың АҚШ доллары) құрайды.

"Новая жизнь" шіркеуіне келіп жүрген 61 жастағы Зухра Әубәкірова Алматының шетіндегі шіркеуде жексенбі күні өткен құлшылықтан кейін Азаттық тілшісіне АҚШ-қа кетіп қалған пасторлар туралы ойын айтты.

- Бұл - өтірік және оның шын болуы мүмкін де емес. Олар әр сөзі мен ісіне жауап беретін адамдар, - дейді ол.

"Новая жизнь" шіркеуіне келушілер. Сол жақтағы - Зухра Әубәкірова.
"Новая жизнь" шіркеуіне келушілер. Сол жақтағы - Зухра Әубәкірова.

Максим Максимов пен Сергей Заикин пасторлар кассаға түскен ақшаны мүлде ұстамағанын, бұл қаржыны басқарумен шіркеуде арнайы есеп комиссиясы айналысатынын айтады.

- Адамдар "Шіркеуге келгенде, біз бір түсініксіз күйге түстік. Уағыз тыңдадық. Содан кейін шіркеуге ақша әкеліп бердік" дейді. Осы процесті сот "ақша жымқыру" деп атап отыр. Тергеуші сараптама жүргізді. Сарапшы 15 жыл бұрын шіркеуге ақша берген азаматпен сөйлесіп, психологиялық сараптама негізінде бұл адамның шын мәнінде діни бірлестікке қаржы бергенін растап, "Максимов кінәлі" деген қорытынды шығарады. Сарапшы мұндай қорытындыға қалай келді? Ол мұны қалай анықтады – өткенге барып қайтты ма? Біздің арымыз таза. Мемлекет пен арнаулы қызмет шынымен ақиқатқа көз жеткізгісі келсе бізді ақтар еді, - дейді Максимов.

ПАСТОРЛАРДЫ ҚУДАЛАУДЫҢ СЕБЕБІ ЖАЙЛЫ БОЛЖАМДАР

Қазір АҚШ-та тұрып жатқан пасторлар "Новая жизнь" өкілдерін қудалауды шіркеуге жүздеген қазақтың баруымен байланыстырады. Олардың пікірінше, бұл исламның ханафи мазхабы мен сүннит тармағын және орыстың православ шіркеуін қолдайтын билікке ұнамайды. Сондықтан Қазақстан билігі соңғы жылдары дәстүрлі емес діни ағымдарға қысым көрсетеді деп санайды олар.

- Біз өз телеарнасы, халықаралық беделі бар үлкен ұйымбыз. Енді біздің қатарымызда қазақтардың көп болғаны үшін қудалауға ұшырап отырмыз, - дейді Сергей Заикин.

Алматыдағы шіркеудің қазіргі аға пасторы Иван Крюков билік "Новая жизнь" шіркеуінің бұрынғы басшыларын емес, діни ұйымның өзін қудалап отырғанын айтады. Пастор Азаттық тілшісімен Совет одағы тарағаннан кейін қызметін тоқтатқан электротехникалық зауыттың бұрынғы мәдениет үйі ғимаратында орналасқан шіркеуде жексенбі күнгі таңғы құлшылықтан кейін сөйлесті.

"Новая жизнь" шірекуінің аға пасторы Иван Крюков шіркеуге келушілермен бірге. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.
"Новая жизнь" шірекуінің аға пасторы Иван Крюков шіркеуге келушілермен бірге. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.

Шіркеудегі құлшылық орыс және қазақ тілдерінде өтеді. Иван Крюков Азаттық тілшісіне Алматы қаласы әкімдігінің тамыздың 19-ы күні жіберген хатын көрсетті. Онда әкімдік "Новая жизнь" шіркеуінен үш күн ішінде шіркеуге келушілер туралы дерек беруді, хатқа қосымшада олардың ұлтын көрсетуді сұраған.

- Біз мұндай тізім жүргізбейміз, сондықтан хатқа жауап берген жоқпыз… Мен Оралдағы шіркеуде жұмыс істеп жүргенімде, дін істері жөніндегі басқарма қызметкерлері келіп, "Сіздің шіркеуіңізде неге қазақтар жүр?" деп сұрады. Мен "Ендеше неге қазақтар "Макдональдсте" жүр?" деп ойладым. Оған бұл сұраққа қалай жауап берерімді білмей тұрғанымды айттым. Бізге осындай сұрақ қойғанда, шынымен не айтарымызды білмейміз. Біздің елімізде Қазақстан халықтары ассамблеясы емес, Қазақстан халқы ассамблеясы болғаны сияқты, шіркеуде де тек "Қазақстан халқы" бар деп жауап бере аламын, - дейді Иван Крюков.

Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы Азаттыққа әлгіндей мазмұндағы хат қаладағы барлық діни бірлестіктерге олардың қызметін саралау үшін жіберілді деген ақпарат берді. Шенеуніктер шіркеуге келушілер туралы деректер сұратқан хаттың қосымшасында олардың "ұлты" жайлы сұрақ болғанын жасырмайды. Әкімдік өкілдері шіркеуге келушілердің ұлты, олардың жынысы мен жасы сияқты мәліметтер қалыпты ақпаратқа жататынын айтады.

Алматы қалалық соты "Новая жизнь" пасторларына үкім шығарғаннан кейін "қылмыстық іс қозғауға діни себептердің қатысы жоқ" деген ақпарат таратты. Сот хабарламасында "Қылмыстық іс қозғауға бірнеше азаматтың шіркеу қызметкерлерінің діни уағыз кезінде тыйым салынған психотерапевтік әдістер қолдануынан өз мүлкін шіркеу иелегіне өткізгендерін айтып, арыз жазуы себеп болды" деп жазылған.

Адвокат Айман Омарова қорғауындағы азаматтарға шығарылған үкімнің салдары "Новая жизнь" шіркеуінің қызметіне әсер етеді деп күдіктенеді.

- Сот шешімі аталған діни бірлестік қызметін Қазақстан аумағында заңсыз деп тауып, тыйым салу үшін құзыретті органға жіберіледі, - дейді ол.

"Новая жизнь" шіркеуінде қазақ тілінде өтіп жатқан құлшылыққа қатысушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.
"Новая жизнь" шіркеуінде қазақ тілінде өтіп жатқан құлшылыққа қатысушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис билік неохристиандық діни ағымдарды мемлекет қолдайтын дінге бәсекелес көріп, оларға қарсы "түрлі деңгейдегі тәсілдермен" күресетінін айтады.

- "Новая жизнь" қызметіне келсек, әрине, бұл ақылға сыймайды. Мен сот үкімін көрдім. Бұл - ақымақтық, - дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG