Accessibility links

Өзбекстан: ҰҚҚ "рөлінің" төмендеуі және ұлттық гвардияның өрлеуі


Өзбекстанның ұлттық гвардиясының сарбаздары.
Өзбекстанның ұлттық гвардиясының сарбаздары.

Шавкат Мирзияев билікке келген соң Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі белсенділігін баяулатты. Есесіне жаңа режим тұсында ұлттық гвардияның жұмысы жандана бастады.

Ширек ғасыр бойы Өзбекстан азаматтары ұлттық қауіпсіздік қызметінен сескеніп келді. Сол себепті Шавкат Мирзияев билікке келген соң елдегі ең ықпалды күштік құрылымын бақылауына алып қана қоймай, оның жұмысын сынап, ара-тұра мысқылдай бастады. Ал Өзбекстан халқы президенттің бұл әрекетін құптады.

Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметінің орнын енді жаңа күштік құрылым басатынға ұқсайды. Жылдар бойы самарқау ғана қызметін атқарып келген ұлттық гвардияның ықпалы артып бара жатқаны сонша жақын арада "маңыздылығы" жағынан ҰҚҚ-дан асып түсуі ықтимал.

ЖАҢА ӨКІЛЕТТЕР

Ұлттық гвардия 1992 жылы Өзбекстанның қарулы күштер құрамы аясында жасақталды. Оның міндеті стратегиялық нысандар мен "маңызды тұлғаларды" күзету болды. Гвардияда шамамен мыңға тарта жауынгер қызмет атқарды деп айтылады.

2017 жылы Мирзияев арнайы жарлыққа қол қойып, ұлттық гвардияны қарулы күштер құрамынан шығарып, тәуелсіз институт ретінде құрды. Содан бері әкімшілік және қылмыстық кодекстерге түзетулер енгізіліп, арнайы декреттер мен жарлықтардың күшімен бұл ведомствоның өкілеті едәуір кеңейді.

Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев.

Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, ұлттық гвардия бұрынғыша "мемлекеттік маңызы бар, дипломатиялық, консулдық және өзге де өкілдіктерді қорғау мен күзетуге" жауапты. Оған сонымен бірге "жеке және заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлкін" қорғау міндеті жүктелген.

Бұған қоса, гвардия енді "қалалар мен елді мекендердегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті" қамтамасыз етуге үлес қосады, "терроризм және экстремизмнің алдын алуға" септеседі.

Ұлттық гвардияға жүктелген міндеттер қатары мұнымен аяқталмайды. Бұл ведомство "елдің территориялық тұтастығы мен қорғанысын қамтамасыз етуге" атсалысады, "қару-жарақтарды алу, сақтау, импорттау, экспорттауды" қадағалайды.

Шілде айындағы Қылмыстық-процессуалдық кодеске енгізілген түзетулерден кейін ұлттық гвардия өкілдері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе алады, азаматтарды ұстап, қамай алады.

Егер бірнеше жыл бұрын гвардия құрамында шамамен мың сарбаз қызмет атқарса, қазір олардың саны еселеп артқан. Гвардия өкілдері елдің барлығы-дерлік өңірінде жұмыс істейді.

Өзбекстанның батысындағы Хорезм облысында үйлердің сүрілуіне қарсы наразылық шарасы кезінде полициямен бірге ұлттық гвардия жасақтары да жолды жапқан жүздеген адамды таратуға келді. Митингіге қатысқан кейбір азаматтардың айтуынша, полицейлер шерушілерді жолды ашуға шақырса, гвардиялықтар шерушілерді оқиға орнынан күшпен қуып, кейбір тұста адамдарды да ұстаған.

КІМ БАСҚАРАДЫ?

Бұл ұйымды кім басқарады? Ұлттық гвардияны бұрынғы қорғаныс вице-министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Баходир Ташматов басқарады.

Ұлттық гвардия басшыларының аты-жөндері жазылған сайттан алынған скриншот. Батыр Турсунов - Шавкат Мирзияв құдасы.
Ұлттық гвардия басшыларының аты-жөндері жазылған сайттан алынған скриншот. Батыр Турсунов - Шавкат Мирзияв құдасы.

Оның орынбасары ретінде кезінде карьерасын арнайы қызметтен бастаған Батыр Турсунов тағайындалған.

1991 жылдан кейін Турсунов ішкі істер министрлігіндегі терроризмен күрес департаментін басқарды. Сол кездері Турсунов құқық қорғаушылар мен оппозиция белсенділерін түрмеге тоғытқан шенеунік ретінде аты аталды. Батыр Турсунов - Мирзияевтің құдасы. Оның ұлы Ойбек Тұрсынов президенттің қызы Саида Мирзияеваға үйленген.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттықтың ұстанымын білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG