Accessibility links

"Тізімде өлі адамдар бар, кім екенін айтпаймыз". Қазақстанда партия тіркеудің машақаты


Тіркелмеген "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясының белсенділері партияны тіркеуді, саяси қудалауды тоқтатуды, саяси тұтқындары босатуды талап етіп тұр. Алматы, 21 тамыз, 2022 жыл
Тіркелмеген "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясының белсенділері партияны тіркеуді, саяси қудалауды тоқтатуды, саяси тұтқындары босатуды талап етіп тұр. Алматы, 21 тамыз, 2022 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы наурызда саяси партияларды тіркеу талаптарын "жеңілдеткен". Содан бері жаңадан екі партия тіркеліп, оның бірі мәжіліске өтті. Ал билікті үнемі сынап жүрген партиялар түрлі себеппен тіркеуден өте алмай отыр. Олар мұның саяси астары бар десе, әділет министрлігі құжаттар "заң талабына сай емес" дейді, бірақ қай талаптың қалай бұзылғанын ашып айтпайды.

2 қарашада Жоғарғы сотта "Алға, Қазақстан" партиясының әділет министрлігінің үстінен түсірген шағымы бойынша сот отырысы өтуге тиіс еді.

– Бірақ бастамашыл тобымыздағы Амангелді [Жахин] мен Марат [Жыланбаев] қамауда отыр. Мен және Әсет [Әішев] Алматыдамыз. Сондықтан біз сотты онлайн өткізсе екен деп өтініш жасағанбыз, өтінішіміз жауапсыз қалды, – дейді "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Бибігүл Иманғалиева.

Бұл "алғалықтардың" кейінгі бір жарым жылда сотқа түсірген 12 шағымының бірі бойынша өтуге тиіс процесс еді. Бастамашыл топ осылайша өзін тіркемей жатқан әділет министрлігінен ең болмағанда сот арқылы мардымды жауап алғысы келеді.

"СӘЙКЕС КЕЛМЕЙТІНДЕР"

2022 жылдың көктемінде оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин "Алға, Қазақстан" партиясын құратынын мәлімдеген.

Жасарал Қуанышәлин (ортада) мен жақтастары "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының құжаттарын тіркеуге тапсыруға келіп тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 18 сәуір, 2022 жыл
Жасарал Қуанышәлин (ортада) мен жақтастары "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының құжаттарын тіркеуге тапсыруға келіп тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 18 сәуір, 2022 жыл

1994-95 жылдары Жоғарғы кеңес депутаты болған Қуанышәлин кейін оппозицияға өтіп, түрлі оппозициялық ұйымдардың қатарында билік саясатын ашық сынаған. Ол бұған дейін де партия құруға тырысқанымен, билік оның партияларын тіркемеген. Биыл мамырда қайтыс болған саясаткер "Алға, Қазақстанды" тіркеуге тырысып, өмірінің соңына дейін күресті. Көзі тірісінде бірнеше рет әділет министрлігіне барып, құжат тапсырды, наразылық акциясына да қатысты.

Қуанышәлин өмірден өткен соң, оның жақтастары партия тіркеу талпынысын жалғастырды.

– Былтыр мамырда әділет министрлігіне 1584 адамнан тұратын тізім мен құжаттарды тапсырдық. Сол күні министрлік "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына сілтеп, тіркеуден бас тартты. Біз ұсынған тізімде "сәйкес келмейтін адамдар" бар-мыс. Тізімдегі 638 адам "қайтыс болған" деген сылтау айтты. Біз оларды есімін атауды сұрадық, жауап бермейді. Амалсыз сотқа бердік. Сот арқылы "сәйкес келмейтіндердің" аты-жөнін атауды талап еттік. Бұл жолы "дербес деректерді қорғау туралы" заңға сілтеп, тізімді бермей қойды. Ал сол дербес деректер жазылған тізімді өзіміз бергеніміз ескерілмеді. Олар тек "сәйкес келмейтіндерді" белгілесе, біз оны тізімнен алып тастап, түзетілген тізімді қайта берер едік, – дейді "Алға, Қазақстан!" партиясы бастамашыл тобының мүшесі Әсет Әбішев.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшелері 19 наурызда өткен парламент сайлауының ресми қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп отыр. Астана, 27 наурыз, 2023 жыл
"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшелері 19 наурызда өткен парламент сайлауының ресми қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп отыр. Астана, 27 наурыз, 2023 жыл

Тізімде қайтыс болған адамдар бар деген жауап алған соң, бастамашыл топқа кіргісі келгендер әлеуметтік желіде видео жариялай бастады. Онда өздерінің аты-жөні мен құжаттарын көрсетіп, өз еркімен партияға кіргісі келетінін айтады. Алайда министрлік оған да иліккен жоқ.

Былтыр көктемнен бері партия құруға талпынған топ әділет министрлігіне 20 рет құжат тапсырды. Министрлік әркез "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына сілтеп, ұйымды тіркеуден бас тартатыны туралы жауап қатты. Жауаптар бірінен бірі айнымайды.

Заңның "Саяси партияға мүше болу" деп аталатын бабында, партияға кәмелет жасына толмағандар, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ, қайтыс болған адамдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар мүше бола алмайтыны жазылған.

"Алғалықтар" тізіміндегі кімдер және не үшін сәйкес емес екені нақты болмаған соң, алғашқы 1584 адамның тізімін өзгертпей, оған тек партияға кіргісе келгендерді қосып, құжаттарды қайта тапсырумен келеді. Қазір бастамашыл топтың жаңартылған тізімінде 3147 адамның аты-жөні бар.

– Тізімдегі үш мыңнан аса адамның 1,5 мыңға жуығы аты-жөнін айтып, құжатын көрсетіп, өз еркімен бастамашыл топқа кіргісі келетінін мәлімдеген видео-дәлелі бар. Мен ол адамдарға сенемін. Ал бұл заң талап ететін 700 адамнан көп. Соның өзінде де бізді тіркемей отыр, – дейді Әбшев.

САЯСИ ЖҮЙЕНІ ЖАҢҒЫРТУ

Қазақстан билігі демократиялық өзгерістердің нышаны ретінде осы саяси партиялар туралы заңды атап келеді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 16 наурызда халыққа жолдауында "Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады" деп, партия тіркеу ресімі "едәуір жеңілдейді" деп мәлімдеген. Сөйтіп партия құру жөніндегі бастамашыл топқа қажет адам саны 1000-нан 700-ге, мүшелікке қажет адам саны 20 мыңнан 7 мыңға төмендетілген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында елде саяси партия тіркеу тәртібі "едәуір жеңілдейді" деп мәлімдеген. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 наурыз, 2022 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында елде саяси партия тіркеу тәртібі "едәуір жеңілдейді" деп мәлімдеген. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 наурыз, 2022 жыл

Сол жолдауда Тоқаев "өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады" деп мәлімдеген.

Осыдан кейін әділет министрі екі жаңа саяси ұйымды – "Байтақ" жасылдар партиясы мен Respublica партиясын тіркеген. Бұл екі партия іле-шала биыл көктемде өткен парламент сайлауына қатысты. Біріншісі 2,3 пайыз дауыс алып, мәжіліске өте алмады; екіншісі 8,59 пайыз дауыс жинап, алты мандатқа ие болды. Екі партия да салыстырмалы түрде жылдам тіркелді және Қазақстанның қазіргі билігін аса сынай қоймайды, саяси жүйені өзгертуді талап ете бермейді. Оның үстіне екеуі де белгілі бір салаға, тақырыпқа маманданғандай. Жасылдар деп аталған "Байтақ" экология мәселесін алға тартса, Respublica өздерін "патриот кәсіпкерлер" партиясы ретінде көрсетеді.

Ал осы тұста биліктің қолайына жақпайтын қозғалыстар мен бастамашыл топтар партия тіркетпек түгілі, қудалаудан көз ашпай келе жатқанын айтады.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың лидері Марат Жыланбаевтың соты. Астана, 30 қазан, 2023 жыл

Жыланбаевтың ашық сотын судья жабық қылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

Мәселен "Алға, Қазақстан" партиясының бастамашыл топ лидерлерінің бірі, белгілі марафоншы Марат Жыланбаев "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты, оны қаржыландырды" деген айыппен сотқа тартылып, ол сот жабық өтіп жатыр.

"Демократиялық партия" құру жөніндегі топтың лидері Жанболат Мамайдың бостандығы шектелген. Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыппен сот оған алты жыл шартты жаза кескен.

"Ел тірегі" атты партиясын тіркемек болған бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев та биыл маусымнан бері қамауда отыр. Оған "пара алды" деген айып тағылған. 31 қыркүйекте басталған сот жабық режимде өтіп жатыр.

– Билік шынымен бізден қорқады. Қазіргі болып жатқан оқиғалардан мұны анық байқауға болады. Үкімет құқық қорғау органдары арқылы қысым жасап отыр. Марат Жыланбаевты қамап, жабық сот өткізу – репрессияға ұқсайды. Мұның бәрінің саяси астары бар емей немене? – дейді Әсет Әбішев.

ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ: САЯСИ АСТАР ЖОҚ

Әділет министрі Азамат Есқараев осы аталған партиялардың тіркелмей жатқанында саяси астар бар дегенді жоққа шығарады. Ол сөзіне дәлел ретінде әлгі екі жаңа партияның тіркеуден өткенін алға тартады. Ал "Алға, Қазақстанға" келгенде, "заң талаптарын сақтамаған, құжатын реттесе, тіркейміз" дейді министр.

– Әділет министрлігі саяси орган емес, ол – тек қана тіркеуші орган. Заң бойынша, көзделген талаптарды орындайтын болса, оны тіркемей қоюға ешқандай құқығымыз жоқ. 20 рет болсын, қанша рет болсын заңның талаптарын толық сақтай отырып өткізсе, біз тіркеуге міндеттіміз, – дейді министр.

Қазақстан әділет министрлігінің қызметкері (сол жақта) "Атажұрт" саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелерінен партияны тіркеу құжаттарын қабылдап жатыр. Астана, 9 тамыз, 2023 жыл
Қазақстан әділет министрлігінің қызметкері (сол жақта) "Атажұрт" саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелерінен партияны тіркеу құжаттарын қабылдап жатыр. Астана, 9 тамыз, 2023 жыл

Парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспан да партиялардың тіркеле алмауына саясат емес заңның талаптары кедергі деп біледі.

– Ол [тізімдегі] адамдардың арысында аласы да құласы да кіріп кетуі мүмкін. Бұл жерде талаптарды жеңілдету керек. Өйткені әрбір адамның жеке басына жауап беру партия жетекшісіне қойылып отырған өте ауыр міндет. Заңдағы кедергілердің көптігіне байланысты өте алмай отыр деп есептеймін. Ал ол кедергілер белгілі бір партияларға бағытталған болуы мүмкін. Өткізем дегенін өткізеді, өткізбеймін дегенін өткізбейді. Елеуіш секілді, – дейді депутат.

Әділет министрлігінің тіркелмеген партиялар жөніндегі қорытындысымен танысқан ол ұнаса да, ұнамаса да қазіргі бар заңға мойынсұну қажет деген уәж айтады.

Депутат тіркеле алмай жатқан партиялар сотқа жүгінгені жөн дейді.

Сотқа 12 шағым түсіріп, оның барлығында өтініші қанағаттандылырмаған, апелляциялық инстанциядан да қолдау таппаған "Алға, Қазақстан" партиясының бастамашыл тобы Жоғарғы соттан да аса үміті жоғын айтады. Дегенмен алған бетінен қайтар ойы жоқ.

– Тамшы тама берсе, тас теседі. Қол қусырып, бәрін тастау керек пе? Біз Тоқаевтың партияларды тіркеу жеңілдеді, мұндай еш проблема жоқ деген сөзінің жалған екенін әлемге көрсеткіміз келеді. Проблема бар, партиялар, әсіресе оппозициялық партиялар тіркелмей жатыр, – дейді Әсет Әбішев.

Қазақстанда қазір ресми тіркелген жеті саяси партия бар. Оның алтауы мәжіліске өткен. Атауын өзгерткен билік партиясы "Аманат" төменгі палатада басым күшке ие. Партиялардың көбі бағдарламасының ауқымы жағынан билік партиясына жол береді. "Ауыл", Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы), "Ақ жол" салалық тақырыпқа басымдық береді. Кезінде оппозициялық партия ретінде танылған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия қазіргі биліктің бастамаларын қолдайды.

Жергілікті және халықаралық байқаушылардың пікірінше, Қазақстанда шынайы оппозициялық партиялардың жұмысына кедергі көп. Партияны тіркетуден бөлек, сайлауға жіберілген күннің өзінде дауысын түгел саната алмауы мүмкін. Орталық сайлау комиссиясы атқарушы билікке бағынады, ал жер-жерде сайлау процедурасын жергілікті билік пен оларға бағынышты мектеп ұжымдары атқарады. Кейінгі жылдары байқаушылар қозғалысы күшейіп, билік олардың да жұмысын қиындатып тастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG