Accessibility links

"Назарбаев отбасына жасалған ең үлкен соққы". Самат Әбішке қатысты тергеу элитааралық күрестің белгісі ме?


Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның немере інісі, сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбіш марапаттау рәсімінде. Астана, 6 мамыр, 2014 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның немере інісі, сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбіш марапаттау рәсімінде. Астана, 6 мамыр, 2014 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты тергеу элитааралық күрестің жаңа кезеңін көрсете ме деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар осы аптада Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының отырысы аясында өткен АҚШ – Орталық Азия басшыларының саммитінде не сөз болғанын және нендей мәселелер көтерілмей қалғанын талдады.

САМАТ ӘБІШКЕ ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ: "НАЗАРБАЕВ РЕЖИМІ КӨЛЕҢКЕСІМЕН КҮРЕСТІҢ ЖАЛҒАСЫ"

Eurasianet басылымы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты тергеу элитааралық күрестегі жаңа кезеңді көрсететінін жазды.

19 қыркүйек күні бас прокуратура Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Мақала авторы Алмаз Куменов бұл мәлімдеме Қаңтар оқиғасынан бергі Назарбаев отбасына жасалған ең үлкен соққы болғанын айтады.

Бас прокуратура істің бүге-шігесін ашып айтпады, тергеуде көп құпия құжат зерттеп-зерделенеді делінді. Әдетте бұл ары қарай да көп нәрсе жария болмайтынын білдіреді.

Самат Әбіш.
Самат Әбіш.

Самат Әбіш былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК-нің өзге жоғары лауазымды тұлғаларымен бірге қызметтен босатылған.

Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың ұзақ жыл бойы сенімді серігі болған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Тергеу оны Қаңтар оқиғасын ұйымдастырудағы рөлі үшін «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» және «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасары Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Әсіпов үш жылға сотталған.

Автордың жазуынша, осы күнге дейін тергеуге тек куәгер ретінде қатысқан Әбішке қатысты іс қозғалуы мемлекеттің ұстанымы өзгергенін көрсетеді.

Бас прокурор Берік Асылов биыл қаңтар айында журналистерге Самат Әбіштің Қаңтар ісі бойынша куәгер ретінде жауап алынғанын айтқан. Тілшілердің «Әбіш жаппай тәртіпсіздіктің дайындалып жатқанын білді ме?» деген сұрағына Асылов «бұл сұраққа жауап жауап беру қиын» деп қайырған.

Самат Әбішке қатысты тергеу басталғаны туралы хабар Алматыда Қаңтар оқиғасы бойынша істе айыпталушылардың бірі, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовтың Әбіш туралы сотта айтқан сөзінен кейін шықты. Ысқақов 18 қаңтар күні сот отырысында Қаңтар кезінде өзіне бұйрықты Самат Әбіш бергенін мәлімдеді. Руслан Ысқақовқа "билігін асыра пайдаланды", "адамды бостандығынан заңсыз айырды", "қылмыстық топ құрып, басқарды" дейтін айыптар тағылған. Бұл іс бойынша Ысқақовтан басқа 40 шақты айыпталушы бар. ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері бұған дейін оған Әбіш туралы ақпаратты жария етуге рұқсат етілмегенін айтты. Қазір не өзгергені белгісіз.

Автор Ысқақов сөзінің ертесінде Әбішке қатысты тергеудің хабарланғаны алдын ала ұйымдастырылған қойылым болуы мүмкін дейді.

19 қыркүйек күні бас прокуратура Әбіш Қазақстанда екенін, елден етпеу туралы қолхатпен жүргенін мәлімдеді.

Тергеу Қаңтар оқиғасы үшін негізгі кінәні Кәрім Мәсімовке артты. Eurasianet-тің жазуынша, сарапшылар Әбіштің бұл оқиғадағы рөлі Мәсімовтікінен асып түспесе, кем түспейтінін бұрыннан айтып жүр. Ол экс-президенттің етжақын туысы болғандықтан, қудалауға ұшырамады деген долбар бар.

Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Талған Есмағамбетов Тоқаев пен Назарбаев арасында экс-президенттің жақын туыстары қудаланбайды деген келісім болды деп есептейді. Сарапшының ойынша, Мәсімовтің басқа орынбасарлары жауапқа тартылғанда, Әбіш неліктен нысанаға алынбады деген сұрақ көбейген.

Есмағамбетов Әбішке қатысты тергеудің артында элитааралық күрес жатуы мүмкін деп есептейді.

«Тоқаевқа билік жүйесіндегі позициясын күшейту үшін белгілі бір уақыт керек болды. Сондықтан біз ескі режим көлеңкесімен күрестің жалғасын көруіміз мүмкін» дейді ол.

АҚШ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАСШЫЛАРЫНЫҢ САММИТІ НЕНІ КӨРСЕТТІ?

Diplomat басылымы осы аптада Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының отырысы аясында өткен АҚШ – Орталық Азия басшыларының саммитінде не талқыланғанына тоқталған.

АҚШ президенті алғаш рет Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшысымен саммит форматында кездесті. АҚШ пен Орталық Азия арасында C5+1 форматындағы кездесулер 2015 жылдан бері өте бастады, бірақ ол бес елдің сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысының деңгейінде болды. АҚШ президенті мен аймақ басшылары деңгейіндегі алғашқы саммитті сарапшылар Ресейдің Украинадағы соғысқа реакциямен байланыстырды. Олар Украинадағы соғыстан соң Ресей ықпалы әлсіреп жатқан уақытта Батыс елдері Орталық Азияға көбірек назар аудара бастады дейді.

Байден саммит кезінде Ресейді ауызға алмаса да, аймақтың аумақтық тұтастығының маңызын атап өтті. Сарапшылар Байден осы арқылы Ресейден келетін қауіпті меңзеді деп топшылады.

АҚШ пен Орталық Азия елдері басшыларының "C5+1" форматы аясындағы кездесуі. Нью-Йорк, 20 қыркүйек 2023 жыл.
АҚШ пен Орталық Азия елдері басшыларының "C5+1" форматы аясындағы кездесуі. Нью-Йорк, 20 қыркүйек 2023 жыл.

Тараптар терроризммен күрес мәселесін талқылады, Байден осы салада және шекара қауіпсіздігі мен құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уәде етті. Кездесуде сауда және экономикалық қарым-қатынас та сөз болды. Байден американдық компаниялармен саудаға және жекеменшік сектордың инвестиция құюына септесетінін мәлімдеді.

Байденнің саммитте адам құқықтары мәселесін көтермегені белсенділер мен бақылаушылардың көңілін қалдырған болуы мүмкін. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы саммит қарсаңында Байденді аймақ басшыларымен келіссөзде адам құқықтары мәселесін басты орынға қоюға шақырған. Ұйым өз мәлімдемесінде аймақта адам құқықтары өрескел бұзылатынына тоқталған.

«Америка дауысы» да Байденнің Орталық Азия басшыларымен кезесуде адам құқықтары мәселесін көтермегенін жазды. Дегенмен саммиттен кейін Ақ үй жариялаған кездесу хаттамасында Байден әріптестерінің Орталық Азия елдерінің егемендігін, тұрақтылығын және өркендеуін одан ары нығайту үшін бірге жұмыс істеп, C5+1 серіктестігі арқылы адам құқығын бірлесе ілгерілету туралы айтқан пікірін құптағаны жазылған.

Сарапшылар Ресей Украинадағы соғыспен әуре болып жатқанда АҚШ үшін аймақпен қарым-қатынасты күшейтетін оңтайлы мүмкіндік туғанын келтіреді. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей мен Орталық Азия істері бойынша бұрынғы аға директоры Эрик Грин Ресей Украинаға басып кірген соң, көптеген ел дипломатиялық қарым-қатынасты қайта сүзгіден өткізді дейді. Оның ойынша, бұл кездесу соғыс басталғалы аймақта геосаяси ахуалдың өзгергенін көрсетеді. Ресеймен шекаралас елдер саяси, экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ұстанымын қайта қарастырып, баланс ұстау мен қарым-қатынасты әртараптандыруға талпынып жатыр.

Гриннің пайымдауынша, аймақта интеграция бойынша ілгерілеу байқалады. Климат, су мен энергетика тәрізді мәселелер бойынша әртүрлі деңгейде өтіп жатқан кездесулер осыны әйгілейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG