Accessibility links

Сот ҰҚК-нің "азаптау дәлізі" болғанын анықтады. Ол жерге түскендер не көрді?


"Азаптау" айыбы тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерлері Ақмола әскери гарнизоны соты шығарған үкімді тыңдап тұр. 22 сәуір, 2024 жыл.
"Азаптау" айыбы тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерлері Ақмола әскери гарнизоны соты шығарған үкімді тыңдап тұр. 22 сәуір, 2024 жыл.

Астанадағы тергеу изоляторында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен қала прокуроры және Астана қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылары бірлесіп жәбірленушілерді азаптайтын арнайы дәліз ашқан. Ақмола әскери гарнизоны соты азаптау туралы істен соң осындай тұжырым жасады. Судья Қазақстан Конситиуциясы мен заңына қайшы әрекетті тексеруді бас прокуратураға жүктеп, арнайы ұйғарым шығарды.

Оқиға 2021 жылы наурызда болған. Сол жылы Семейдегі "Алел" қаржы инвестициялық корпорациясы игеріп жатқан Суздаль кеніші зауытынан "аса бағалы металды жымқырды" деген күдікпен 59 адам қамауға алынған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2021 жылғы наурызда "халықаралық қылмыстық топ" мүшелерін "арнайы операция" нәтижесінде ұстағанын хабарлағанда таратқан фото.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2021 жылғы наурызда "халықаралық қылмыстық топ" мүшелерін "арнайы операция" нәтижесінде ұстағанын хабарлағанда таратқан фото.

"Халықаралық қылмыстық топқа" қатысы бар деп ұсталғандардың туыстары оларды тергеу орындары азаптағаны туралы сан мәрте шағым жазып, 2022 жылы Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ҰҚК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында 46 адам азап көргендер қатарында айтылғанымен, кейін тек 13 адам жәбірленуші болып танылған.

Cотқа дейінгі тергеу де, сот та ұзақ жүрді. Жарты жылға созылған сот тергеуінде ҰҚК қызметкерлері күдіктілерді Астанадағы тергеу изоляторындағы ҰҚК құрған арнайы дәлізде азаптап, алтын ұрлығын "мойындатқаны" айтылды.

"Азаптау" бабы бойынша айып тағылған ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлері мен олардың адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 22 сәуір, 2024 жыл.
"Азаптау" бабы бойынша айып тағылған ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлері мен олардың адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 22 сәуір, 2024 жыл.

22 сәуірде Ақмола гарнизоны әскери соты ҰҚК 5-департаменті 4-басқармасының подполковнигі Еркін Амановты 6,5 жылға, ҰҚК майоры Хамит Әбдуғани, капитан Қайрат Сартаев пен шекара қызметі күзеті тобының маманы Қуандық Мұхтархановты бес жылға бостандығынан айыруға үкім етті. Алдыңғы үшеуіне 3 жылға дейін органда қызмет етуге шектеу қойылса, Қуандық Мұхтархановқа өмір бойына мемлекеттік қызметте, қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Сотталушылар айыптарын сотта ішінара мойындады. Олар сот үкімі қолына тиген соң он бес күн ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.

АРНАЙЫ ДӘЛІЗ ("СПЕЦПРОДОЛ")

Әскери прокурор Кемел Шаяхметовтің айыптау актісінде ҰҚК-нің "арнайы дәлізі" Астананың Байқоңыр ауданындағы Алаш шоссесі 30/1 мекенжайындағы №64 мекеменің (тергеу изоляторы) 1-корпусының үшінші қабатында орналасқаны айтылған. Ол ҰҚК және Астана қаласы прокуроры мен қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшыларымен бірге жасалған жоспарға сай іске асырылған.

Ақмола әскери гарнизоны сотының судьясы Ерлан Ибраимов үкім оқып тұр. Астана, 22 сәуір, 2024 жыл.
Ақмола әскери гарнизоны сотының судьясы Ерлан Ибраимов үкім оқып тұр. Астана, 22 сәуір, 2024 жыл.

– Үшінші қабатқа арнайы дәліз ("спецпродол") деген бейресми атау берілген. Онда қылмысты мойындату үшін адамдарды азаптаған. Тергеу изоляторы қызметкерлері берген жауабында бұл жерге режим тәртібін бақылауға кіре алмағанын айтты. Шекара қызметінің әскери қызметкерлері азаптау мен арнайы дәліз жөнінде білмейтінін айтса да, олар айыпты теріске шығара алмады. Сарапшылардың жауабын, беттестіру кезіндегі жауаптарды, жәбірленушілердің жауаптарын салыстыру арқылы сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді, – деді үкімді түсіндірген судья Ерлан Ибраимов.

Судья Ибраимов арнайы дәлізге тұтқындарды бақылап, күзету үшін айдауыл ретінде ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қол қойған хатқа сай, ішінде Сартаев пен Мұхтарханов та бар он адам іссапарға жөнелтілгенін айтты. Ерғожин 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң тұтқындалып, ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовпен бірге "билікті күшпен басып алмақ болды", "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен 15 жылға сотталған.

– Осылайша Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу изоляторында іс жүзінде ҰҚК-нің жеке тергеу изоляторы құрылған, – деді судья.

Азаттық тілшісі қатысқан сот процестерінің бірінде жәбірленушілер онлайн сұрақ қойды.

– Жалғыз сұрағым бар. Не үшін бізді ұрып-соқтыңдар? Не үшін азаптадыңдар? Жанымызды қинап жатқанда қандай сезімде болдыңдар? – деп сұрады сот процесіне түрмеден қатысып отырған жәбірленушілердің бірі.

Оған ҰҚК қызметкері "білмеймін" деп жауап берді.

Айыптау актісінде ҰҚК қызметкерлерінің жәбірленушілерді ұрып-соғып жатқанын басқа ешкім көрмеуі үшін №64 мекеменің "арнайы дәлізіндегі" 101-камераны арнайы азаптау камерасы ретінде бөліп қойғаны, барлық ұсталғандарды сол жерге апарып ұрып-соғып, керек жауапты растатқызып қол қойдырғаны да айтылған.

Азаттық тілшісі сот процесіндегі үзілісте "спецпродол" кімнің бұйрығымен құрылғанын және күдіктілерге тағылған айып жөнінде сұраған еді. Бірақ не ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері, не олардың адвокаттары жауап бермеді.

БҰЙРЫҚ БЕРГЕН КІМ?

Баян Жұмабаеваның ұлы Низами Жұмабаев – азап көрген 13 адамның бірі. Бұрын полицияда қызмет істеген. Баян Жұмабаева ұлының денсаулығы сотталғанға дейін жақсы болғанын айтады.

– Баламызды көру үшін екі жыл жүгірдік. Тек Қаңтардан соң Мәсімов қамауға алынғаннан кейін ғана бізге жүздесуге рұқсат берді. Балаларымызды қорқытып, ұрып-соғып, "авдокаттан бас тартамын" деген қағаз жаздырып алған. Ол тек ҰҚК қызметкері жазып берген қағазды оқып, қол қойып берген. Әйтпесе тірі қалмас еді. Баламның өне-бойының сау-тамтығы жоқ, бәрін өз ақшама дәрігерге қаратып жүріп дәлелдеп шықтым, – дейді ол.

"Қамауда отырған туысымызды ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағынғандар сотта тұр. Астана, 3 қараша, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
"Қамауда отырған туысымызды ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағынғандар сотта тұр. Астана, 3 қараша, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Ағасы қамауда отырған Құралай Өмірбаева "спецпродол" деген не екенін туысымен қарым- қатынас орнағанда бір-ақ білгенін, басында бұл әңгімеге онша сенбегенін айтады:

– "Спецпродолда" ағамды қатты ұрып-соққан. Бірақ сотталған комитет қызметкерлері оларды асып қойып ұрғанын, басын унитазға тығып, аузына су қайнататын құрал тыққанын, тік ішегіне резеңке таяқ (дубинка) тыққанын мойындамады. Оларға кім бұйрық берді? Біз сол бұйрықты бергендер мен күдіктілерді тергегендерді жауапқа тартуды талап етеміз.

Оның сөзін қоштаған Шолпан Жақыпова баласы Рауан Оспановтың үстін қотыр басып кеткенін айтып берді.

– Көп нәрсе айтылмады ғой. Кадр сыртында қалды. Баламды терезенің теміріне асып қойып ұрған, тізесінің, буындарының сау жері жоқ. Ал сотта тек қолмен, шапалақпен, резеңке таяқпен әр жерден ұрдық деп жауап берді. Ұрып, азаптау заңды ма? – дейді Шолпан Жақыпова.

"ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ КОМИТЕТІ ІСІНЕ ЕШКІМ АРАЛАСПАУҒА ТИІС"

Қылмыстық істермен айналысатын адвокат Ғалым Нұрпейісов әскери сот судьясының ҰҚК "спецпродол" ұйымдастырғаны туралы ашық мәлімдемесін ерекше жайт деп бағалайды. Оның сөзінше, ҰҚК-нің арнайы азаптау орындары туралы бұрын-соңды бұлай ашық баяндалмағанымен, бұл – совет билігі кезінен қалыптасқан тәжірибе. Сот мұны ашық айтқаннан ҰҚК-дегі азаптау толық жойылып кетпес деп топшылайды адвокат.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов
Адвокат Ғалым Нұрпейісов

– Күш құрылымдарындағы қойыртпақ бәрін жалықтыра бастады деп ойлаймын. Жайлап әшкере болып жатыр. Мен мұны ҰҚК-ге [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаев отбасының бұрынғы ықпалының әлсіреуімен байланыстырамын. Ал заң тұрғысынан келсек, қылмыстық атқару жүйесі қалай жұмыс істеуі керегі жөнінде арнайы заң бар және онда бәрі жазылған. Түрмеге келіп "спецпродол" ашу үшін заңда өзгеріс болуы керек. Қылмыстық атқару жүйесі – ІІМ-не қарайтын, сот үкімі орындалатын пенитенциарлық мекемелер мен тергеу изоляторлары шоғырланған орган. Оған араласуға басқа ешбір органның құқығы жоқ, – дейді Ғалым Нұрпейісов.

Жәбірленушілердің туыстары өздері шағым түсіргеннен кейін "спецпродол" жойылғанын айтады.

Сот үкімі шығып, бірнеше органның бірлескен "азаптау дәлізі" болғаны ресми түрде мойындалғанымен, Қазақстанның ішкі істер министрлігі де, оған бағынышты қылмыстық атқару жүйесі комитеті де, бас прокуратура да бұл жөнінде мәлімдеме жасамады. Азаттық осы мекемелерден бұл шулы іске байланысты жедел комментарий ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG