Accessibility links

"Путиннің артқы ауласы" тезисін "жоққа шығарған" Орталық Азия және баланс сақтауға мәжбүрлік


Қазақстан, Ресей, Өзбекстан басшылары.
Қазақстан, Ресей, Өзбекстан басшылары.

Батыс басылымдары бұл аптада шетел баспасөзінің Орталық Азияны «Ресейдің артқы ауласы» деп атағаны неліктен аймақтағы зерттеушілердің шамына тигенін жазды. Сонымен қатар басылымдар Орталық Азия басқа елдермен одақтар құруға талпынып жатқанымен, Мәскеумен қарым-қатынас неліктен күшті болып қала беретінін талдады. Бұдан бөлек аймақта Қытай ықпалы күшейіп жатыр ма және Пекин Мәскеуді алмастыра ала ма деген сұраққа жауап іздеді.

"РЕСЕЙДІҢ АРТҚЫ АУЛАСЫ" АТАУЫНА ШАМДАНУ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫСТЫ КҮШЕЙТКЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

«Америка дауысы» радиосы бірқатар батыс басылымының Орталық Азины «Ресейдің артқы ауласы» деп атағаны аймақтағы зерттеушілердің ашуын тудырғанын жазды.

Қазақстан президенті Тоқаев пен Орталық Азия мемлекеттерінің өзге басшылары жан-жаққа сапарлап, ірі инвестиция келісімдеріне қол қойып, өз елдерінде халықаралық саммиттер өткізіп, аймақты дамытатын бағдарламаларды ілгерілетіп жүр. «Алайда Батыстағы көпшілік және аймақты жақында ғана «Ресейдің артқы ауласы» деген Reuters, Deutsche Welle, The Wall Street Journal мен Time тәрізді басылымдар бұл тенденцияны мойындауға асығар емес», дейді автор Навбахор Имамова.

Қарашаның басында Франция президенті Макронның аймаққа сапарын жазған Bloomberg ақпарат агенттігі «Макрон жаңа достар мен уран іздеу үшін «Путиннің артқы ауласына келді» деген тақырыппен мақала жариялаған.

Орталық Азия мен Батыстағы сарапшылар бұл тіркес өз тарихы, мәдениеті мен жолы бар аймақты кемсітетін мен отаршылдық көзбен қарайтын дүние деп есептейді.

«Bloomberg-тің Қазақстан/Орталық Азияны «Путиннің артқы ауласы» деуі – әдепсіз, қорлау және этикаға қайшы журналистика», деп жазды Джордж Вашингтон университетінің докторанты Ақбота Кәрібаева Х (бұрынғы Туиттер) әлеуметтік желісінде.

Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының ғылыми қызметкері Асель Доолоткелдиева да Х әлеуметтік желісінде Bloomberg-ті сынады. «Мұндай Батыс импершіл дискурсының Ресейдің Орталық Азия жайлы импершіл дискурсынан айырмасы бар ма?» дейді ол.

АҚШ-тағы Caspian Policy Center институтының ғылыми қызметкері Эрик Руденшилд жақында Вашингтонда өткен дөңгелек үстелде: «Орталық Азия – бұл аяқ босату үшін келіп-кететін аймақ емес, бұл – ақырғы аялдама», деген.

Осы жиынға қашықтан қатысқан Ташкенттегі зерттеуші Акрам Умаров Орталық Азиямен қарым-қатынасты дамытқысы келетін елдер аймақта қалыптасып жатқан бірегейлікті бағалауы керек деді. «Орталық Азия өз дамуын көздеп отыр. Ол АҚШ пен басқа серіктестер өз міндетттемесіне берік болғанын және ұзақмерзімді қызығушылық танытқанын қалайды», дейді Акрамов.

Имамованың жазуынша, Қазақстан мен Өзбекстанның ресми тұлғалары аймақ басшыларына Ресей агрессиясы алдындағы қорқыныш және АҚШ пен Еуроодақтың өздеріне сенімсіздік танытуы әсер ететінін мойындайды. Сондықтан Орталық Азия үкіметтері барлық тарапты баланстауға мәжбүр.

Руденшилдтың пайымдауынша, аймақтағы бес ел оқшаулықтан құтылып, жаһандық болашаққа қосылу үшін бірге әрекет етіп жатыр, бұл АҚШ үшін жақсы мүмкіндік.

Қытай, Парсы шығанағындағы елдер мен Еуроодақ Орталық Азияға миллиардтаған доллар инвестиция салуға уәде етті, халық бұл «Ресейдің құрсауынан» босата алады деп үміттенеді. Руденшилд мұнымен салыстырғанда АҚШ-тың уәдесі мардымсыз дейді.

«Вашингтон аймаққа көмек көрсететін маңызды мүмкіндікті қалт жіберіп жатыр. АҚШ дипломаттары мен сарапшылар Орталық Азияға дұрыс сигнал жолдағанымен, оны іске асыру үшін ресурсы жеткіліксіз», дейді Руденшилд.

АҚШ сауда серіктесі ретінде Орталық Азияның көршілерін алмастыра алмайды. Дегенмен Вашингтон аймаққа Мәскеу мен Пекиннің шарттарына тәуелді болмай, өзі қалаған шартпен қарым-қатынас жүргізуге мүмкіндік бере алады.

Орталық Азия істері жөніндегі Oxus қоғамының президенті Эдуард Лемонның пікірінше, соңғы он жылда Орталық Азияның сыртқы қарым-қатынасындағы ең елеулі өзгеріс – аймақтағы байланыстың күшеюі. Алайда аймақ басшылары әлі де біртұтас топ ретінде әрекет етпейді. Лемонның айтуынша, аймақ елдері әлі де Мәскеумен тығыз қарым-қатынас ұстанып отыр, бұл қарым-қатынас Ресей Украинаға басып кіргелі айтарлықтай өзгерген жоқ.

МӘСКЕУМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС КҮШТІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

Орталық Азия елдері басқа серіктестермен балама одақтар құруға талпынып жатқанымен, Ресеймен қарым-қатынас күшті болып қала бермек, деп жазады Алматыда тұратын британдық журналист Джоанна Лиллис Economist басылымындағы мақалада.

Аймақ елдері соғысқа байланысты бейтарап ұстанымда қалып, Ресей басқыншылығын айыптайтын БҰҰ қарарына дауыс бергенде қалыс қалғанын есепке алмағанда, Мәскеуге дипломатиялық қолдау білдірмеді. Джоанна Лиллистің ойынша, бұл ұстаным 2024 жылы да жалғасады. Бірақ аймақ басқа серіктестермен де қарым-қатынасын дамыта береді. Қытаймен де, Батыспен де қарым-қатынас күшейе береді. Орталық Азия, Қытай мен Еуропа елдері Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізін дамытып жатыр, 2024 жылы бұл дәліздегі тар өткелдер кеңейе түспек.

Алайда Мәскеуге тәуелділік жойылмайды, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан Ресейге барып жұмыс істейтін еңбек мигранттарының ақша аударымдарына байлаулы. Қазақстан өз мұнайының 90 пайызын Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттайды.

Қазақстан мұнайын тасымалдайтын Новороссийскідегі мұнай танкерлері.
Қазақстан мұнайын тасымалдайтын Новороссийскідегі мұнай танкерлері.

Лиллистің жазуынша, Ресей өзінің ықпал аймағы санайтын Орталық Азиядан бас тартпайды. Оның ықпалы 2024 жылы да күшті болып қала бермек.

Берлиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров АҚШ-та шығатын Diplomat басылымына берген сұхбатында соғыс басталғалы Орталық Азияның Ресей және Қытаймен қарым-қатынасы қалай өзгергенін талдайды.

Умаровтың айтуынша, Ресейдің аймақтағы позициясы әлсіреп жатыр, алайда бұл – Украинадағы соғыстан бұрын басталған, сарапшылар ондаған жылдан бойы талқылап жатқан үрдіс. Совет Одағы ыдырағалы бері Ресей Орталық Азияда құлдырап жатқан держава ретінде сипатталып келді. Ал Украинадағы соғыс бұл үрдісті күшейтті. Орталық Азия қоғамында Ресейдің серіктес ел болғанын қаламайтындар көбейді. Gallup зерттеуіне қарағанда, былтыр Ресей басшылылығын құптамайтындардың саны Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда күрт өсті.

Биыл мамырда Сиан қаласында мемлекет басшылары деңгейіндегі Орталық Азия – Қытай саммиті өтті. Саммиттен кейін аймақта Қытай ықпалы күшейіп, Пекин Ресейді алмастырғысы келеді дегенді талқылау жиіледі. Алайда Умаров мұндай асығыс қорытынды жасаудан сақ болған жөн дейді. Себебі саммит нәтижесінде ауыз толтырып айтатын өзгерістер болған жоқ.

Умаровтың айтуынша, Қытайдың аймақтағы ықпалы ондаған жылдан бері өсіп келе жатыр. Мұны Пекинмен сауда, инвестиция мен қарыз статистикасы тәрізді көрсеткіштер растай түседі. Сондықтан Қытай мен Орталық Азия басшыларының жиілеген кездесулері Ресейдің әлсірегенін емес, бұрыннан келе жатқан процесті көрсетеді.

Сарапшының пайымдауынша, Орталық Азия бір мемлекетке тәуелділікті екінші мемлекетке тәуелділікпен алмастыруға мүдделі емес. Сондықтан аймақ Қытай мен Ресей ғана емес, басқа да қызығушылық танытқан тараптар келе алатын атмосфера қалыптастыруға ұмтылып жатыр.

Қытай аймақтың маңызды серіктесі болғанымен, ол жалғыз емес. Орталық Азия елдері Пекинге тым тәуелді болғысы келмейді, сондықтан Қытай мен Ресей арасын баланстап, Түркия, Батыс, Таяу Шығыс пен Шығыс Азиядағы серіктестерді тартуға тырысып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG