Accessibility links

Орман кесу жоспарына қарсылық күшейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандағы ластанған қалалардың бірі Қарағанды шетіндегі қайың орманын кесу туралы жоспарға экобелсенділер қарсы, жергілікті тұрғындар наразы. Жасыл желекті Астанаға апаратын трассадағы жолайрық құрылысы үшін шаппақ.

«ЗАЛАЛЫ КӨП БОЛМАҚ»

Аумағы жағынан Қарағандыға қарайтын Пришахтинск қалашығының кіреберісіне он шақты жыл бұрын егілген қайың тоғайының жойылуы мүмкін екенін тұрғындар жақында ғана білді. Электронды үкімет порталынан «Орман қоры жекелеген телімдерін басқа санаттағы жерге ауыстыру» қаулысын көрген белсенділер дабыл қақты.

Құжат бойынша, аймақтағы 13 гектардан астам жерді (екі гектары – орман) өнеркәсіп жер санатына енгізбек. Құжатта бұл жер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында президент бұйрығын жүзеге асыру үшін, «тиімді көлік-логистика инфрақұрылымын жасау арқылы макроаймақтарды біріктіру үшін қажет» екені көрсетілген.

Үкімет қаулысы жобасын көпшілік талқылауына салған соңғы күні Қарағанды журналистері, экологтары мен қала болашағына алаңдайтын тұрғындар әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджері арқылы орманға төнген қауіп туралы жаза бастады. Әлеуметтік желі қолданушылары пост жазып, билікті тоғайды сақтап қалуға шақырды. Көлік жол айырығын салғанда ағаштар жапа шекпейтіндей етіп, жобаны қайта қарауды сұрады.

Қарағандылық эколог, «Облыстық экологиялық музей» қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков билік алдын-ала өткізуге тиіс экологиялық тыңдау туралы естімегенін айтады.

- Халық экологиялық тыңдау туралы да, ағаштарды кесу мәселесі көтерілгенін де білмейді. Мүмкін оны аздаған адамға өткізген шығар. Залалы өте көп болмақ. Орманның оннан бір шаршы километрі кетпек. Бұл - 30-40 жыл бұрын қолдан егілген орман. Оның бір бөлігін онсыз да шауып жатыр, шетінен әкетіп жатыр. Бұрын қарағаш, қарағай бар еді. Қазір олар да қалмады. Жол бойына егілген жалғыз орман алабы, ары қарай жазық дала. Жол керек екені белгілі. Бірақ жасыл желекті айналып өту керек немесе орнына басқасын егу керек. Мысалы, Астанада ағашты жақсы егіп жатыр, адамдар риза. Қарағандыда да егіп жатқан сияқты. Бірақ көрер көзге ағаш азайып барады, - деді Дмитрий Калмыков Азаттық тілшісіне.

БИЛІК: БӘРІН БІРДЕЙ ШАППАЙМЫЗ

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі орман қорындағы жерді беру туралы қоғамдық тыңдау өткенін айтады. Әкімдіктің сөзінше, мұндай тыңдау Қарағанды мен Теміртауда 2015 жылы өткен. Екінші тыңдау 2017 жылы болған. Азаттық тілшісі табиғи ресурстар басқармасының пікірін сұрады. Олар тұрғындарға газет арқылы хабарландыру жасағанын, тыңдау кезінде еш ескерту болмағанын айтты. Тыңдаудан соң комиссия құрылып, жерді беру туралы шешім қабылданған.

- Балама нұсқалар ұсындық, бірақ жол салушылардың өз ережесі бар. Біз оларға "сәл айналып өтсеңдер, аздаған ағашты ғана кессеңдер" дедік. Бәрін шауып тастамайды ғой. Кейбір бөлігін қайта отырғызуға болады. Орман шаруашылығы мыңнан астам ағаш отырғызады. Қазып алуға келмейтін бөлігін шауып алып, орман шаруашылығы коммуналдық балансына өткізеді. Бұл - қазір емес, күзде болатын жағдай, - деді Азаттық тілшісіне ерекше қорғауға алынған табиғи ресурстарды басқару және табиғат қорғауды реттеудің табиғи аумағы мен жануарлар әлемін қорғаудың орман шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Бақтияр Санбаев.

Шілденің 13-і күні Қарағандыда жол құрылысына тапсырыс беруші, «ҚазАвтоЖол» компаниясы филиалы директорының орынбасары Игорь Гафтон журналистерге жаңа жол мен ескі жол түйісетін тұстағы ағаштар ғана шабылатынын айтты. Гафтонның есебінше, бұл - «шамамен 140 ағаш» немесе 38 кубометр қайың. «Орман алабын толықтай айналып өту мүмкін емес» деген Гафтон тоғайдың торап үстінде орналасқанын түсіндірді.

Қарағанды облысы.
Қарағанды облысы.

Аймақтың табиғи ресурстар басқармасының пайымдауынша, үкімет қаулысын қабылдаған жағдайда орманды алқап шығыны өтеледі, құрылыс қайта жас ағаштарды отырғызған соң басталады.

Пришахтинскідегі жер телімін беру туралы үкімет қаулысы жобасын түсіндірмеде «жобаны қабылдаса әлеуметтік-экономикалық және құқықтықтық жағынан зияны болмайды» деп жазылған.

Экологиясы нашар өңірдің тұрғындары мұндай пікірмен келіспейді. Экобелсенділер жобаның қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау жөніндегі құжаттарды таппағанын айтады. Биліктен мәліметтерді жариялап, қайта қоғамдық тыңдау өткізуді сұрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG