Accessibility links

VIP сұхбат

Уильям Мозер: "Тоқаев әкімшілігіне адам құқығын қорғауда реформа жасау керегін айтып келеміз"


АҚШ елшісі Қазақстандағы билік транзиті мен наразылықтар жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:26 0:00

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозердің Азаттыққа берген сұхбаты. Нұр-Сұлтан, 11 қазан 2019 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы билік транзиті, бейбіт митингі туралы заң және Қытайдың Шыңжаң аймағындағы жағдай туралы айтты.

2019 жылдың басында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болып тағайындалған Уильям Мозер Азаттық тілшісімен сұхбатта Қазақстандағы наразылықтар мен Қытай елшісінің сөзіне қатысты да пікір білдірді.

"МҰНАЙ МЕН ГАЗ ӨМІР БОЙЫ ПАЙДА ӘКЕЛЕ БЕРМЕЙДІ"

Азаттық: АҚШ 30 жылда Қазақстанға 30 миллиард доллар инвестиция құйған екен. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрғанда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, инвестициялық келісімге қол қойған. АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясының қазіргі жағдайы жайлы айтып өтсеңіз.

Уильям Мозер: АҚШ компаниялары Қазақстанды инвестицияға және бизнеске қолайлы деп есептейді. Көп жылдар бойы АҚШ Қазақстанға 30 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Бұл Қазақстанның мұнай саласын дамытуға септігін тигізді. Бұған қоса, [АҚШ] Теңіз кенішін игеру үшін "Теңізшевройл" компаниясына 36,7 миллиард доллар инвестиция салды. Қазақстанның потенциалына сенеміз. Біз тек мұнай және газ секторында ғана жұмыс істеп жатқан жоқпыз. 2018 жылы қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған тарихи келісімшарттың аясында Америкадан Қазақстанға бірнеше сауда компаниясы келді. Олардың арасында пайдалы қазбаларды игерумен айналысатын, технология саласындағы және ауылшаруашылық компаниялары бар. Осы үш секторда қарым-қатынасты дамытқымыз келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның мол мүмкіндігі бар. Америкалық компаниялар Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ дейді. Себебі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында әлемде көшбасшы қатарға шығуға мүмкіндігі мол.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер (сол жақта) Азаттық журналисі Қасым Аманжолға сұхбат беріп отыр. Нұр-Сұлтан, 11 қазан 2019 жыл.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер (сол жақта) Азаттық журналисі Қасым Аманжолға сұхбат беріп отыр. Нұр-Сұлтан, 11 қазан 2019 жыл.

Азаттық: АҚШ инвестициясының негізгін бөлігі мұнай-газ секторына құйып келеді. Сіз 20 жыл бұрын да Қазақстандағы елшілікте жұмыс істедіңіз. 20 жылда Қазақстанда қандай өзгеріс болды? Қазақстан мұнайға тәуелділіктен құтыла алды ма? Мұнайдан түскен пайда халыққа жетіп отыр ма?​

Уильям Мозер: Жиырма жылдан кейін Қазақстанға келген соң бұл елдің өскенін, дамығанын байқадым. Елдің басқа аймақтарын да араладым. Байқағаным, қазір ауылдарда да қаржы бар. Менің ойымша, халық мұнай мен газдың пайдасын көріп отыр. Бірақ үкіметтің экономиканы әртараптандыруын қолдаймыз. Себебі мұнай мен газ өмір бойы пайда әкеле бермейді. Сондықтан біз де ауыл шаруашылығы саласында жұмыс бастап жатырмыз. Қазақстанда басқа да салалардың дамығанын қалаймыз.

Алғашқы советтік атом бомбасының өтеуі кейін белгілі болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:58 0:00


Азаттық: Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас әуелде ядролық қарусызданудан басталған. Бұл саладан да хабарыңыз бар. Қазір осы саладағы қарым-қатынас қалай?

Уильям Мозер: Елбасының (Нұрсұлтан Назарбаевты айтады – ред.) ядролық қарусыздандыру ісінде атқарған жұмыстарына алғыс айтамын. Совет одағы ыдыраған соң әлемдегі төрт ірі полигонның бірін (Семей ядролық сынақ полигоны – ред.) жабу үшін елбасы жұмыс істеді. 1993 жылы АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Альберт Гор Қазақстанмен ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл бізге Қазақстанда кең ауқымды жұмыс бастауға мүмкіндік берді. Келісімге сай, Қазақстанға ядролық қарусыздандыру жобасы үшін 840 млн доллар, қоршаған ортаны қалпына келтіруге 200 млн доллар құйдық.

Азаттық: АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасында жаңа бағыттар бар ма?

Уильям Мозер: Қазақстанның қоршаған орта министрлігін құрғанына қуаныштымыз. Бірнеше жылдан бері Қазақстанда бүркіттер мен киіктерді сақтап қалу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Энергетика министрлігімен бірлесіп Қазақстан ауасының сапасын арттыруға күш салып жатырмыз. Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде адам саудасы мәселесін шешуге атсалысып жатқан бірден-бір мемлекет. Бірақ АҚШ мемлекеттік департаментінің адам саудасы бойынша жыл сайынғы есебінде (Trafficking in Persons Report – ред.) Қазақстан екі жылдан бері төмендеу топта тұр. Демек, Қазақстан адам саудасымен күресті күшейтуі керек. Қазақстан адам саудасы мәселесін толық шешу үшін заңдарына өзгерту енгізгені жөн. Біріншіден, Қазақстанда адам саудасы мәселесіне тап келген шетелдік азаматтар құқық қорғау органдарының тергеуіне қатыспаса, бірден елден депортацияланады. Ондай адамдар белгілі бір деңгейде Қазақстанның қорғауында болуы керек. Адам саудасы қылмысына қатысы бар адамдарды жазалауды күшейту қажет. Одан бөлек, адам саудасы қылмысынан зардап шеккен шетелдіктерге баспана беруі тиіс. Осы үш мәселе ел заңына енгізілгені жөн.

БИЛІК ТРАНЗИТІ МЕН НАРАЗЫЛЫҚ ЖАЙЛЫ

Азаттық: Сіз Қазақстанға елші болып тағайындалған тұста елде билік транзиті болып жатты. Қазір сыншылар елде екі билік орнады деп сынайды. Бұған не дейсіз?

Уильям Мозер: АҚШ билігі Қазақстандағы бейбіт түрде болған билік транзитін қолдады. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігімен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Оның Қазақстандағы жағдайды жақсарту үшін ұсынған бастамаларын жүзеге асыруда бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Біз Қазақстанда екі билік бар деп есептемейміз.

Азаттық: Қазақстанда болған билікке қарсы наразылық шаралары жайлы не білесіз? Елде наразылыққа шыққандардың құқығы қорғалып жатыр деп ойлайсыз ба?

Уильям Мозер: Біз Қазақстан билігімен адам құқығы мәселесін жиі талқылаймыз. Бұл – екі ел арасындағы жиі талқыланатын мәселе. Президент Тоқаев әкімшілігіне адам құқығын қорғауда нақты реформалар жасау керегін айтып келеміз. Тоқаев мырза бейбіт митингі өткізу туралы заңды өзгерту жөнінде ұсыныстар айтты. Осы заңдар өзгерсе, елде адам құқығының жағдайы жақсарады деп ойлаймын.

Бейбіт митинг: Биліктің позициясы һәм елдегі жағдай
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00


Азаттық: ЕҚЫҰ соңғы есебінде Қазақстандағы сайлауда хаттамалар жарияланбағанын айтты. Елдің сайлау комиссиясының сайлау хаттамаларын жарияламауы демократиялық принциптерге сай ма?

Уильям Мозер: ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлау туралы есебін толық қабылдаймыз. Себебі біздің әр елде өткен сайлауды қадағалайтын өкілдеріміз бола бермейді. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға сенеміз.

Азаттық: Бірақ ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен барлық сайлауға оң баға бермеді ғой...

Уильям Мозер: Иә, оны білеміз.

"АҚШ КОМПАНИЯСЫНДА ІСТЕЙТІНДЕРДІҢ 90 ПАЙЫЗЫ - ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ"

Азаттық: Қазақстанда жұрт Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтар мәселелерін жиі көтереді. Қытайда қалған жақындарына көмек сұраған адамдардың жағдайымен таныссыз ба? Бұл мәселені шешуде тараптардың жұмысын қалай бағалайсыз?

Уильям Мозер: АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұл мәселеде Вашингтонның ұстанымын нақты айтты. Қытайдың Шыңжаңдағы әрекеті адам құқығын өрескел бұзады. АҚШ күллі әлем елдерін Қытайдың бұл ісін қолдамауға шақырады. Қазанның 8-і күні АҚШ "Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым жасауға қатысы бар" 28 компанияға санкция салды және кей шенеуніктерге виза алуға шектеу қойды...


Азаттық: Сол АҚШ-тың қара тізіміне енген Қытайдың Hikvision компаниясы Қазақстанда жұмыс істейді. Бұған не дейсіз?

Уильям Мозер: Біз Қазақстанның тәуелсіздігін құрметтейміз. Қазақстанға қай елмен я қай компаниямен қарым-қатынас орнату керегін айта алмаймыз. Ал АҚШ-қа бұл компанияның Шыңжаңдағы қудалауға қатысқаны ұнамайды.

Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Ақтөбе, 5 қыркүйек 2019 жыл.
Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Ақтөбе, 5 қыркүйек 2019 жыл.

Азаттық: Соңғы айларда Қазақстанда Қытай инвестициясына қарсы наразылық акциялары өтті. Сол кезде Қытайдың Қазақстандағы елшісі журналистерге "Қазақстандағы Қытайға қарсы наразылықтың артында үшінші күштер тұр, Қазақстанда басқа елдердің де мұнай компаниялары бар ғой" деп АҚШ-ты меңзеген еді. Елдегі наразылыққа үшінші күштерді айыптайтындарға не айтар едіңіз?

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер. Нұр-Сұлтан, 11 қазан 2019 жыл.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер. Нұр-Сұлтан, 11 қазан 2019 жыл.

Уильям Мозер: "Теңізшевройл" Қазақстанда 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ең көп салық төлейтін компания. Қазақстанға инвестиция салатын 20 компанияның салығын қосқанда "Теңізшевройлға" жетпейді. Қытай елшісі осы компанияны айтты ма, әлде басқа компанияны меңзеді ме, білмеймін. Бірақ бұл компанияның Қазақстанға беріп жатқаны мол. Америка компанияларының Қазақстанда өте жақсы жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айтамын. Америкалық компанияларда жұмыс істейтіндердің 90 пайызы – Қазақстан азаматы.

Азаттық: АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін, елшілік миссияңыздың аясында қандай мәселелерді шешкіңіз келеді? Қандай мәселелер шешілуі тиіс деп ойлайсыз?

Уильям Мозер: Қазақстанда ағылшын тілін оқытудан бастап, қауіпсіздік мәселесі, Қазақстанның өз азаматтарын Сириядан елге әкелуі сынды жұмыстар екі ел арасындағы негізгі принциптер аясында жүзеге асып жатыр. Бұл – АҚШ-тың Қазақстанның тәуелсіздігін құрметтейтінін көрсетеді. Халықаралық аренада негізгі ойыншылардың біріне айналып келе жатқан Қазақстанға қашанда көмек қолын созамыз. Бұл - менің де міндетім.

Азаттық: Сұқбатыңызға рақмет.


  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG