Азаттық радиосы

Қазақ даласынан жеткен хат. "Отанын сатқан" ұлдың анасының ақтық сөзі

Майкл СКОЛЛОН

Там. 13, 2020

Польшадан Қазақстанның қазіргі Ақтөбе облысы аумағына жер аударылған әйелдің жазған хаттары үш ұрпақ арқылы бүгінге дейін жетіп, күллі әлемге тарады.

"Аналарың шалғайдағы Сібірде бөтен жұрттың арасында, тау мен тастың ортасында, ызғарлы жел өтінде ешкімнен қайыр болмай, аштық пен суықтан өлетініне жандарың ауырмайды ғой…"

76 жастағы Юзефа Буйдоны жас шағында орыс жігітіне тұрмысқа шығып, ұл туғаны үшін тұтқындаған. Оның ұлы ержеткен соң Польша полициясында қызмет еткен.

Юзефа Буйдо.

Советтік оккупациялық билік Юзефаны Совет одағы 1940 жылы сәуірде жаулап алып, Беларусь ССР-інің құрамына қосқан аумақтан ұстаған. Оны мал таситын вагонға салып, жазасын өтеуге шығысқа – 2500 километр қашықтағы қазақ даласына жер аударып жіберген.

Алты баланың анасы өз отбасынан алыстағы бөтен жерге айдалған жалғыз адам еді. Бұл оқиға Совет одағының Польшаны өзара бөліп алу туралы Германиямен құпия келісім жасаған соң Юзефаның Отанына басып кіргеннен жеті айдан кейін болған.

Юзефа іс жүзінде өзіне кесілген өлім жазасын қазіргі Ақтөбе жерінде өтеген.

Бірақ жақында табылған, Юзефаның балаларына жазған хаттарында ананың үміті уақыт өткен сайын қалай солғанын көруге болады. Бұл хаттар бізге дейін жетіп, дүйім жұртқа мәлім болғанша талай ұрпақтың қолынан өтіп, бірнеше құрлықты шарлап шыққан.

Қазақ ССР-іне жіберілген жолаушылар тізімінде Юзефа Буйдоның аты-жөні бар. 13 сәуір 1940 жыл.

ШАРАСЫЗДЫҚҚА ТОЛЫ ХАТТАР

Юзефаның басына түскен қасыреттің негізгі себепкері оның сүйікті әрі тірі қалған жалғыз ұлы Алоизе болған.

1939 жылы Совет одағы Шығыс Польшаны оккупациялағаннан кейін НКВД құпия полициясы «жау элементтер» тізімін жасаған. Полиция қызметкері болып жұмыс істейтін Алоизе назарға іліккен. Ол тұтқынға түсіп, «аға офицер» ретінде есепте тұрған. Бірақ Алоизе Польшадағы мыңдаған полиция, әскери қызметкер мен интеллигенцияның қайғылы кебін кимей, тұтқыннан қашудың сәті түскен.

Ал Юзефа тағдыр тауқыметінен құтылып кете алмады.

Буйдо отбасы 1930 жылдары Петрді жерлеу рәсімінде тұр.

Ол тұтқындалып, "Отанын сатқан" деген айыппен сотталып, дереу поезбен шығысқа жөнелтілген. Осылайша Польшаның шығысындағы шекараға жақын аймақтардан Совет одағының шалғай аудандарына күштеп жер аударылған 1,2 миллион поляктың арасында Юзефа да болды.

Ақтөбеге жеткен соң, Юзефа "күзеті бар үйге" түскен. Ол қаланың орталығындағы адам лық толы пәтердің ас үйіндегі бір төсекті жалға алған. Тігіншілікті білетіні кәдеге жарап, Юзефаға азын-аулақ ақшасы бар жұмыс берген.

Юзефа ескі поляк және орыс тілін араластырып, сирек кездесетін диалектіде үйіне 20 хат жазған. Кейін бұл хаттарды Юзефаның немересі Ұлыбританияға алып кеткен. Бірінші хатта қарт әйелдің Ақтөбеде мәңгілік қаламын деп ойламағаны аңғарылады.

Юзефаның үйіне жазған алғашқы хаты.

Хатта Юзефа үйіне оралған соң отбасын тігін тігіп асырау үшін отбасылықтігінмашинасын өзінеқалдыруға күш салатынын айтады. Бірақ ол жоспарын іске асыруға келіні кедергі болғанға ұқсайды:

"Бұл [тігін] машинасы оған емес, ұлым [Алоизеге] тиесілі. Ол ұлымның еңбегінің арқасында теріге де, басқа заттарға да – бәріне қол жеткізді. Ұлымның дүниесінде менің де үлесім бар. Машина – менікі, оны ешкімге бермеймін".

Бірақ аштық пен ауру Юзефаның мінезін өзгертіп, ол туған жеріндегі балаларының жағдайы жақсы деген оймен олардан қолған келгеннің бәрін жасап, өзіне көмектесуін сұрайды:

"Әттең, мен болсам қартайдым, ауырамын! Мұнда бәрі сұмдық қымбат: картоптың келісі – 4 рубль, ұн – 6 рубль, ет – 20 рубль, шошқа майы – 50 рубль тұрады. Қалған тауардың да бағасы осындай қымбат, тапқаным ештеңеге жетпейді".

Ақтөбедегі еңбекпен түзету лагеріндегі әйел.

"Маған аяушылық танытыңдар деп отырған жоқпын – [бұл] жұмысым үшін керек. Оларда шошқа майы мен кептірілген ет бары есімде. Өтінемін, соларды жіберіңдерші. Сендердің орындарыңда болсам, ешқашан ұмытпас едім. Сендер мейірімді болсаңдар, ай сайын шамалы болсын сәлем-сауқат жіберіп тұрар едіңдер".

Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай, пәтерақысын төлемесе баспанадан айырылып қалу қаупі төнген Юзефа балаларына шағынып, өкпе-наласын айтады:

"Күн сайын біреуге хат немесе сәлем-сауқат келеді… олар маған жүгіріп, "сізге хат немесе сәлемдеме келді ме?" деп сұрайды. Ал анаң болса қайғыдан қан жұтып, "маған келген жоқ" деп жауап береді. Бұл не деген сөз? Ештеңе. Маған хат не сәлемдеме келмейді, сондықтан меңдеген ауру ұяттан жер болып, мұңға толы кеудеме төменшектеген басымды, жастан ісінген көзімді тесіп шықсын".

1930 жылдардағы колхоздағы жұмыс.

АТА-АНАНЫҢ БАТАСЫН АЛМАЙ НЕКЕЛЕСУ

Юзефа 1864 жылы қазір Беларусь елінің аумағына кіретін ауылда дүниеге келген. Ол кезде бұл ауыл Ресей империясының бір бөлігі еді. Кейін Екінші Польша республикасының құрамына өтіп, Молотов - Риббентроп пактінен кейін Совет одағы мен нацистер оккупациясына ұшыраған.

1892 жылы Юзефа Ресей империясының азаматы, католик дінін ұстанбайтын Константин Буйдоға тұрмысқа шыққан. Юзефаның бұл ісін отбасы құптамаған.

Константин мен Юзефаның шаңырағында екі ұл, төрт қыз дүниеге келген. Тіпті қуғындағы Польша үкіметі Совет одағының поляктарды күштеп көшіру шешімін қайта қарау үшін Кремльмен біржақты келісімге отырғаннан кейін де Юзефаның тұтқындар лагерінде қалуына негізгі себептердің бірі осы болған еді.

Отандастарының көбі босап, кетіп жатқанда Юзефа ондаған жыл бұрын Ресей азаматымен некеге тұрғаны үшін таза поляк емес, советтік азшылық өкілі ретінде танылып, бостандық ала алмаған. Өкінішке қарай, поляк азаматтары босатылғанымен, соғысқа дейінгі азшылық өкілдеріне мұндай мүмкіндік берілмеген.

Юзефаны Ақтөбенің түбіндегі Шибаевка ауылындағы (кейін атауы Нұрбұлақ деп өзгерді) колхозға көшірген. Ол жерде Юзефаны киім тігіп, сібірткі тоқуға мәжбүрлегенге ұқсайды.

Юзефаның шөбересі Майкл Даниэль Сагатис әжесінің хаттарын 2015 жылы Оңтүстік Уэльстен тапқан. Ол Азат Еуропа - Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында Юзефаның қыздарының да тағдыры "адам төзгісіз ауыр болғанын" айтты.

Юзефа мен Константин Буйдоның 1935 жылы түскен суреті.

Сагатистің айтуынша, "жер аударылған анасы қыздарына жолын тауып, ақша мен тамақ жіберіп, жанын аман алып қалуға көмектесуді сұрап хат жазған". Ол кезде Юзефаның қыздары да "тауқыметі мол жағдайда өмір сүрген. Оларға қиын-қыстау заманда тірі қалу үшін қара басының қамын ойлауға тура келген".

Сагатис нацистер басып кіргеннен кейін пошта қызметінің жұмысы тоқтап, хаттар келмей қалғанын айтады.

ВАНДА – ҮЙДІҢ КЕНЖЕСІ

Юзефа хатының көбін қыздары Мария (Манья), Янина (Янечка) мен Вандаға (Вандечка, Вандзия, Вандзю) жазған. Бұл хаттарда Алоизе, марқұм ұлы Петр мен күйеуі Константин, соғысқа дейін Польшаның құрамында болған Вильнюсте тұрған тағы бір қызы Еленаның (Хеля) есімі жиі аталады.

1938 жылы Константин Буйдоны жерлеу рәсімінде отбасы мүшелерімен түскен суретте: Алоизе (жоғарыда сол жақта), Ванда (үстіңгі қатарда, сол жақтан екінші тұр); Юзефа (ортада отыр), Янина (үстіңгі қатарда, оң жақтан екінші тұр) және Мария (оң жақтан екінші отыр).

Юзефаның кенже қызы Вандаға жазған хаттары жылылыққа толы. Бірақ қарт ана кейде қызын өзін кінәлі сезінуге мәжбүрлейді.

"Қымбатты Вандзю, жылы хатыңа көп рақмет. Бірақ анаңның кім екенін, сүйікті қызы Вандзю үшін не істегенін, денсаулығыңды күтіп, аштық пен суықта қалдырмағанын есіңе алсаң тіпті жақсы болар еді".

Ванда Италия мен Солтүстік Уэльске сапарының алдында Венада отыр.

"Вандамның менде еш шаруасы жоқ. Ар-ұятың мазаламай, тыныш ұйықтап жүргеніңе таңым бар. Мүмкін түсіңе ұлыған жел мен шулы орман кіріп, айналадағы белестер айқайлап, бейтаныс біреу аянышты үнмен «Анаңды құтқар» дейтін шығар. Бірақ дауыл мен қорқынышты жел тыйылатын кез де келер".

Сагатис ұлы әжесін, соғыс пен Отанына жасалған оккупация кесірінен, НКВД ағасын қудалағаннан кейін қиын жағдайда қалған және де сол кезде жаңа ғана тұрмысқа шығып, аяғы ауыр болған Ванданы аяйды.

Юзефа хат жазғанда қағаздың бос жерін қалдырмай пайдалануға тырысқан.

– Юзефадан өкпе-назаға толы, әсіресе Вандаға жазған хаттар келіп жүрген сол кезең туралы үнемі ойланамын. Анасынан ауыр сөздер естіген Ванда өзін қалай сезінді екен? Отбасындағы кенже қызға 2500 километр қашық жердегі анасының өмірі үшін жауапкершілік сезімін артып қойған. Олар сол кезде әлі де хат алысып тұрған. Ал кейін хат келмей қалды, осы кезде өзіңіз білетіндей, Зофия дүниеге келді, – дейді Сагатис.

ЖАНЫ ЖҰМБАҚ ЗОФИЯ

Зофия – өзін өзі монах деп жариялап, ақырзаман қашан болатынын болжаған Мария Габриэль әпке ретінде танылған жаны жұмбақ адам. Оның бүкіл затты жинайтын әдеті отбасына өткен тарихқа үңілуге мүмкіндік берді.

Ол бес жасында ата-анасымен бірге Альпі тауы арқылы Орталық Еуропаны кесіп өтіп, Италияның оңтүстік-шығысындағы поляк ауылына жету үшін ұзақ жол жүрген.Олар осы ауылдан теңіз арқылы Ұлыбританияға жетіп, Солтүстік Уэльстегі поляк босқындарға арналған лагерьге түскен.

Зофия Сагатистің 1953 жылы Манчестерде түскен суреті.

Ванда сол жерде екінші баласы – Сагатистің әкесін дүниеге әкелген. Немересінің айтуынша, Ванда кейінірек Лондонда тұрақтап, нағыз католикке айналып, қаладағы поляк қауымдастығымен тығыз араласып тұрған.

1990 жылдары Мария Габриэль әпке Галлей кометасының 1991 жылы жарылатынын дәл болжағаннан кейін Зофия әлем назарына іліккен. Кейінірек британ басылымында жарияланған "ғарыш туралы жаңалықтар шығарылымында" ол кометаның Юпитермен соқтығысатынын болжап, бұл Құдайдың барлық халық пен үкіметке "Жердегі қылмысты тыйыңдар!" деген ескертуі екенін, "оған құлақ аспаса бүкіл адамзатты от шашқан астероид жойып жіберетінін" айтқан.

Ол көп кітап жазған. Бір кітабында Зофия 1991 жылы комета жарылардан бірнеше ай бұрын Ресей елшілігіне осы жағдайды болжаған қолжазбасын алып барғаны жайлы әңгімелейді. 2010 жылы Orchestral Maneuvers In The Dark ағылшын тобының Sister Marie Says әні шыққаннан кейін Зофияның мұрасы поп-мәдениет тарихына енді.

Қазақ ССР-інде шыққан "Большевик колхоздары үшін" газеті.

Сагатис бала күнінде Зофия әпкесінің үйіне қонаққа барып, еденнен төбеге дейін жиналған сөмке мен қораптарды көргенін еске алады. Зофия "Плюшкин синдромымен ауыратынын жасыру үшін" сөмкелер мен қораптардың бетін мата, төсек жаймасымен жауып қоятын болған.

Кейін Зофия ағасына жақын жерде тұру үшін Оңтүстік Уэльске көшіп, 2014 жылы өмірден озғанға дейін сонда тұрған. Сагатис әпкесінің тылсым табиғатын оның бала күнінде алған жан жарасымен түсіндіреді.

Ақтөбедегі әйелдер лагері. 1942 жыл

Зофиядан қалған мүлікті қайда жіберуге болатынын ойланған отбасы оның жылдар бойы жинаған заттарын мұқият зерттеуді ұйғарған. "Зофия кітаптарды жинап, зерттегенде, құжаттардың бірнеше көшірмесін жасап, сақтаған" дейді Сагатис.

Оның айтуынша, Зофияның мүлкінің арасынан Юзефаның қыздары жинаған хаттар табылған. Соғыстан кейін Юзефаның қыздары коммунистік Польшаға оралып, хаттарды 1963 жылы елге қыдырып келген Вандаға берген.

Сагатис хаттарды тапқаннан кейін отбасының шежіресіне, 20 ғасыр туралы әңгімелерге және жақындарының басынан өткен қасыретті тарихты тереңірек зерттеуге қызығушылығы оянған.

Сагатис Юзефаныңөмірі туралы дерек пен дәйек жинау үшін әпкесімен бірге Литва, Қазақстан, Украина және Ресейге бірнеше рет барған. Жақындаол Юзефаны ресми ақтаумәселесін талқылау үшін Беларусь елінде де болған.

Сагатис жүргізген зерттеудің арқасындахалықаралық көрмелер сериясы өтіп, TEDx-те ұрпақтар естелігі тақырыбы сөз болып, қысқаметражды деректі фильм түсірілген.

Қазір ол өз тәжірибесі туралы көпшілік арналған ғылыми баяндама дайындап жатыр.

ӨЛІМ АУЗЫНДА

"Енді бір рет талып құласам, өлемін. Қорқып жүрмін. Өмірім тыныш болса, алдыма жақсы ас қойылса өкпем мен жүрегім жазылып кетер еді. Мынадай өмір кешіп, көмек қолын созар ешкім болмай өліп тынатын шығармын. Жалғыз кінәлі адам өзіммін. Балаларымның көмегінсіз бірер ай тірі қалуға шамам жетті. Машинаны екі ай бұрын сату керек еді... біз бір-бірімізден ажырамауымыз керек еді".

Сагатис өз зерттеулеріне сүйеніп, Юзефа 1943 жылы көз жұмған және Қазақстандағы бұрынғы Шибаевка, қазіргі Нұрбұлақ ауылына жақын жердегі төбеге жерленген болуы ықтимал деп топшылайды.

Ол жерде Юзефаныңаты-жөні жазылған тас жоқ, бірақ бірнеше отбасылық суретпен оның соңғытілегі жазылған хат қойылған:

"Вандзю, сендер [бәрің] мені ұмытсаңдар, бұл өте қиын, бірақ сенен, тіпті қандай азапқа душар болсаң да, сүйікті жандарым: әкең [Константин] мен Пётречекті ұмытпауды бұйыра сұраймын. Менің осы тілегім үнемі жадыңда болсын. Оны елеусіз қалдырсаң, мен өлгеннен кейін де ар-ұятың маза бермейді. Сендерге оралуым үшін бірнәрсе жасауды тағы да сұраймын. Вандзю, менің Вандзюім, бәрің мені ұмытсаңдар да, сенің бейнең жүрегімде мәңгі сақталады. Жүрегім қан жылап, жан дүниемнен ақтарылған сөздерге нүкте қоямын. Сені шын жүректен жақсы көретін анаң".