Accessibility links

Қытайдың күшті лоббиі және Нұр-Сұлтанның дәрменсіздігі


Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Қытай, 28 наурыз 2019 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Қытай, 28 наурыз 2019 жыл.

Осы аптада батыс басылымдары Қытайға экономикалық жағынан тым тәуелді Қазақстанның қанша тырысса да, "Шыңжаң бас ауруын жаза алмайтыны" туралы жазған. Халықаралық басылымдар бұл тұрғыда Қырғызстанның да жағдайы көршісіне ұқсас екенін айтады. Бұған қоса, халықаралық БАҚ елдегі полигон зардабының ұрпақтан ұрпаққа берілуі, трансгендер жандардың тауқыметі туралы мәселелерді қозғаған.

КӨРШІ ЕЛДЕРДІҢ ҚЫТАЙ АЛДЫНДАҒЫ ДӘРМЕНСІЗДІГІ

Токиода шығатын халықаралық The Diplomat онлайн-журналы жариялаған “Шыңжаң мәселесі бойынша Қырғызстан мен Қазақстан Пекиннің дегеніне көнді” деп аталған мақалада автор Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында “саяси үйрету лагері” деп аталып кеткен орындарға күштеп қамалған қазақтар мен қырғыздардың ауыр тағдырын баяндап, оларға араша түсуде Нұр-Сұлтан мен Бішкектің дәрменсіздік танытып отырғанын баяндайды.

“Әр оқиға жүректі ауыртады. Қырғыздардың классикалық биін тірілтуге көмектескен шыңжаңдық этникалық қырғыз студент 2018 жылғы қазанда Шыңжаңға қайта барып, содан бері Қырғызстанға оралмаған; Үрімжіде ата-анасымен тұрып келген түркиялық ұйғыр әйел визасын жаңарту үшін Түркияға кеткенде әке-шешесінің тұтқындалғанын естиді; Қытай паспорты бар аналар Түркия азаматтығына ие 6, 7 жасар екі баласын Шыңжаңға алып барған, содан бері олардан хабар жоқ; калифорниялық азаматтың әкесі, АҚШ-та заңды түрде тұру құқығы бар 75 жастағы Шыңжаңға барып, жоғалып кеткен...”.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар. Алматы, желтоқсан айы 2018 жыл.
Қытайда туыстары қамалған азаматтар. Алматы, желтоқсан айы 2018 жыл.

Басылым деректеріне қарағанда, Шыңжаңның “қайта үйрету лагерьлерінде” қазір шамамен 1,5 миллион адам қамауда отыруы мүмкін. Олардың көбі - ұйғыр. Дегенмен арасында Шыңжаңда тұратын қазақ, қырғыз сияқты басқа да мұсылмандар бар. Автордың жазуынша, әлем елдері Қытайдың бұл әрекетіне қалай жауап берерін білмей жатыр.

Foreign Policy журналына сілтеме жасаған басылым Қырғызстаннан барған фольклоршы музыканттар мен әртістер, университет профессоры және 20-ға жуық студенттің Шыңжаңнан қайтпай қалғанын жазады. “Жоғалғандардың” ішінде "Қара жорға" биін қырғыздар арасында қайта түлеткен, әйгілі манасшының немересі Тұрғынәлі Тұрсынәлі де бар.

Автордың жазуынша, “қайта үйрету лагерьлерінде” дәл осы Тұрсынәлі сияқты ұлттық дәстүрге жақын адамдар “экстремистік ойлардан” арылып, қайта тәрбиеленіп шығады. Олар 2017-2018 оқу жылындағы қысқы демалыста Шыңжаңға кетіп, содан оралмай қалған. Университеттің бір қызметкері журналиске “сол көктемде тек ұлты қытай студенттердің қайтып келгенін” айтқан.

“Көршілес Қазақстан сияқты қырғыз үкіметі де Шыңжаң мәселесінде аса сақ, үнсіз позиция ұстанады. 2018 жылғы қарашаның соңында парламенттегі кейбіреулер жауап талап етіп, [қамалғандардың] туыстары мен азаматтық қоғам бас көтере бастағанда, үкіметтің үні естілмей қалды. Кейін, желтоқсанда қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков “біз дипломатиялық арналар арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жағдайда Қытай азаматтары туралы әңгіме қозғап отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Басқа елдің ішкі ісіне қалай араласамыз?” деген".

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) және Қытай басшысы Ци Цзиьпин.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) және Қытай басшысы Ци Цзиьпин.

Автордың ойынша, Қазақстан да өз азаматтарын дипломатиялық арналар арқылы босатып, Қытайдағы қазақ ұлты өкілдерінің мәселесін көрші елдің “ішкі ісі” деп қарастыру стратегиясын ұстанады.

“Соңғы апталарда Қазақстан Шыңжаңда ұсталған этникалық қазақтардың мәселесі бойынша Қытайға қысымды күшейту керек деген үгіт-насихатты бәсеңдетуге тырысты. Наурыздың 10-ында Серікжан Біләштің тұтқындалуы Нұр-Сұлтанның бұл мәселедегі толеранттылық шегін айқындаса керек. Ақпарат құралдарының жазуынша, Біләш "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыпталған. Өзі қамаудан босатылып, үйқамаққа шығарылғанымен, ол басқаратын белсенділер тобының болашағы бұлыңғыр” деп жазады The Diplomat.

Бұдан соң басылым Шыңжаң лагерьлерінің бірінде жұмыс істеп, одан соң Қазақстанға заңсыз қашып кеткен ұлты қазақ Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайдың тағдырын мысалға келтіреді. Автордың айтуынша, Сауытбайға саяси баспана беруден бірнеше мәрте бас тарту арқылы Нұр-Сұлтан Қытайдың шамына тимеу саясатын ұстанып отыр.

Оның үстіне, наурыздың 28-і Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов қытайлық әріптесі Ван Имен кездесіп, оған “Қазақстан жағы Шыңжаңдағы “үш күшпен” күрес шараларына және аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылық орнату әрекеттеріне түсіністікпен қарап, қолдау білдіреді” деген.

Басылымның жазуынша, Қытайдың Шыңжаңда адам құқықтарын жаппай бұзып жатқанын дәлелдейтін мысалдар жетерлік.

“Дегенмен, Қытайдың “терроризм, сепаратизм және діни экстремизм деген “үш зұлымдық” туралы әңгімесін қабылдаған, Қытайға экономикалық тұрғыда тым тәуелді көрші елдер үкіметтерінің ақыр соңында Пекиннің ығына жығылып кетпейтіндей амалы қалмай барады” деп жазады The Diplomat.

БИЛІКТІҢ "МОЙЫНДАУЫ" МЕН ЕСКЕРТУІ

Ал ағылшынтілді Eurasianet.org сайтының жазуынша, “Қазақстан қанша тырысса да, Шыңжаң бас ауруын жаза алмайды”.

“Бір жағынан Нұр-Сұлтанның Қытайдың батыс аудандарында мұсылмандарды қоғамға кіріктіру науқанының тұтқыны болған этникалық қазақтарға көмектесе алмай отырғанына наразылық білдірген топтың ашуын басу керек. Олай істесе, Қазақстанның басты экономикалық әріптесі – Қытай басшыларының шамына тиіп алуы мүмкін” деп жазады сайт.

Десе де, журналистің пікіріне сенсек, Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов “тасадан шығып”, Шыңжаңға қатысты бұрын-соңды болмаған анық позиция ұстанды.

“Жабық мекемелерді "кәсіби оқыту орталықтары" деп эвфемизммен атайтын Қытай терминологиясынан бас тартқан Атамқұлов наурыздың 5-і парламентте сөйлеген сөзінде оларды “лагерьлер” деп сипаттады. Оның айтуынша, министрлік туыстарының көмегімен басшылықтың назарына ілінген бір мыңға жуық этникалық қазақтың мәселесімен айналысып жатыр. Бір сөзінде “өкінішке қарай, бұл қысым тек қазақтарға қарсы бағытталып жатқан жоқ” деген Атамқұлов басып-жаныштаудың ауқымын жанама түрде мойындады” деп жазады Eurasianet.

Алайда наурыздың 28-інде Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу кезінде оның “қарқыны бәсеңдеп қалғандай” деп жазады тілші. Бұған дәлел – оның Қытайдың “үш зұлымдыққа” қарсы саясатын қолдаған пікірі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Қытай, 28 наурыз 2019 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Қытай, 28 наурыз 2019 жыл.

Ақпарат құралдары оның бұл сөзін Қытай саясатын қолдауы деп жаза бастаған соң Нұр-Сұлтандағы саяси басшылар абдырап қалған тәрізді. Сыртқы істер министрлігі іле-шала “мәлімделерді дұрыс жеткізуді, ұғымдарды алмастырмауды, әсіресе халық үшін тым нәзік мәселелерде тіркестерді контекстіден жұлып бермеуді сұрап” ақпарат құралдарына арнайы ескерту таратты.

Басылымның жазуынша, Қытайдағы қазақтар мәселесіне назар аудартып жүрген ұйымдар бұл мәлімдемені “екіжүзді пиар саясаты” деп сынаған.

“Үкіметте Қытайдағы қазақтарға қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысып жатқан бірнеше жақсы адам бар... Бірақ бұл жеткіліксіз. Мұнда Қытай лоббиі өте күшті. Төңірек түгел – солардың ақшасы, бұл біздегі ішкі жемқорлықты өршітіп жатыр” деді Германияда тұратын қазақ Өмірхан Алтын Еurasianet.org сайтына берген сұхбатында.

ПОЛИГОН ЗАРДАБЫ ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСАДЫ

Nature халықаралық ғылыми-көпшілік журналы советтік Қазақстанда 40 жылға жуық түрлі сынақтар өткізген Семей ядролық полигонының зардабы туралы көлемді мақала жариялаған. Мақалада автор сынақтардың адам ағзасына тигізер зияны әлі толық зерттеліп бітпеген деген тұжырым жасайды.

“Радиацияның денсаулыққа әсері туралы мәліметтің көбі күшті сәулелену кезінде, Жапониядағы Хиросима мен Нагасаки жарылыстарына немесе Украинадағы Чернобыль ядролық апатына теңестірілген атом сынақтары кезінде алынған. Бұл оқиғалар туралы зерттеулер үлкен жарылыстардың ауыр зардаптарын көрсетті әрі оның жарылыс әсерін сезінген адамдар мен табиғатқа зиянын дәлелдеді. Дегенмен бұл еңбектерде жарылыстардың денсаулыққа әсері ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратыны туралы көп дәлел жоқ” деп жазады журнал тілшісі.

Деректі фильм: Сынақ. Полигон маңындағы өмір (22 наурыз 2019 жыл).

Сынақ. Полигон маңындағы өмір
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:25 0:00

Автордың айтуынша, ядролық жарылыстардан болған дерттердің ұрпақтан ұрпаққа берілуі енді ғана зерттеле бастаған.

“Сарапшылар полигон жабылғалы отыз жыл өтсе де оның біршама зияны бар екенін байқаған. Зерттеулер қатерлі ісік қаупі жоғары екенін көрсетті, өткен жылы жарияланған еңбектердің бірінде радиацияның жүрек-қантамыр жүйелеріне әсері ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратыны айтылады” деп жазады Nature тілшісі.

Қазақстанның генетиктері полигон маңындағы емханаларда қалған мәліметтерді, қазір сонда өмір сүріп жатқан түрлі жастағы тұрғындарды зерттеп, жиналған деректі Ұлыбританиядағы Лестер университетінің мамандарына жіберген. Осы оқу орнының табиғат факторларының ұрыққа әсерін зерттеумен айналысатын ғалымы Юрий Дуброва адамдардың спермасы мен жұмыртқасында ұрпаққа берілетін дерттерді тапқан. Ол қазір полигон маңындағы отбасылардың ДНК-сындағы ұрпақтан ұрпаққа берілетін түрлі мутацияларды зерттеп жатыр.

Семей ядролық полигоны іргесіндегі Саржал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.
Семей ядролық полигоны іргесіндегі Саржал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.

“2002 жылы Дуброва мен әріптестері тікелей сынама нәтижесі бойынша, радиацияға ұшырағандардың ұрықтарындағы мутация жиілігі екі есе жоғары деген қорытынды жасады. Жарылыстың әсерін тікелей сезінбеген келесі ұрпақтардан да радиация әсері байқалған. Сынамадағылармен салыстырғанда, олардың балаларының ұрықтарында мутация деңгейі 50 пайыз жоғары болған” деп жазады басылым.

Дуброваның айтуынша, ғалымдар радиацияға ұшыраған ата-ананың балаларынан табылған мутацияның ерекшеліктерін анықтай алса, онда оның ұрпақтан ұрпаққа берілетін, ұзақ мерзімдік қаупін бағалауға болады.

ТРАНСГЕНДЕР ЖАНДАР ТАУҚЫМЕТІ

Open Democracy әлемдік медиа платформасында жарық көрген Жанна Байтелованың материалында Қазақстандағы трансгендер жандардың басындағы проблемалар айтылады.

Автордың айтуынша, Қазақстандағы ЛГБТ және трансгендер азаматтардың жағдайы Шешенстан сияқты республикалардан әлдеқайда жақсы болғанымен, проблема әлі де көп.

“Бұл тұрғыда Орталық Азия елдерінің мәселелері ұқсас: бір жыныс өкілдерінің үйленуіне тыйым салынған, біржынысты жұптарды мойындамайды, олардың бала асырап алу құқы жоқ. ЛГБТ өкілдері әскери қызмет кезінде де дискриминацияға ұшырайды, оларға құқық қорғау органдарында қызмет етіп, жұмыс істеуге тыйым салынған. Орталық Азия елдерінде дискриминацияға қарсы заңдар да әлсіз” дейді автор.

Жанна Байтелова Қазақстанда трансгендер құқықтарының бұзылатынына дәлел ретінде Виктория Рай мен Қазақстан халық банкі арасындағы дауды мысалға келтіреді. Банк клиенті, трансгендер әйел Виктория Рай 2018 жылғы 11 қазанда банк бөлімшесіндегі кассадан өз ақшасын алуға келеді. Бірақ, кассир оның сырт келбеті құжатында көрсетілген ер адамдікіне сәйкес келмегендіктен, клиентке ақшасын беруден бас тартады. Виктория Рай банк қызметкерінің «сіз трансгендер болғандықтан, ақшаңызды бере алмаймыз» деген сөзін аудиотаспаға жазып алады.

Банк басшылығына бірнеше рет арызданған әйел ақырында жауап болмаған соң «тұлға және азамат ретіндегі құқықтарым бұзылды, дискриминацияға ұшырадым» деп полицияға арыз түсіреді. Полиция да, сот та оның арызын қабылдаудан бас тартады. Виктория Рай бұл проблеманы әлеуметтік желіде көтерген соң ғана сең қозғалады.

«Тоқтамаймын, керек болса, БҰҰ-ға дейін барамын, банктің адамдарды, әсіресе трансгендерлерді кемсітуді тоқтатқанын қалаймын” деді ол журналистпен әңгімесінде.

Alma-TQ трансгендер бастамасының белсендісі, адам құқықтарын қорғаушы Искандер Ксановтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы трансгендерлердің мәселесі бойынша бірнеше зерттеу жүргізілген. Зерттеу нәтижесіне қарасақ, трансгендерлер жұмыс орнында, білім және денсаулық сақтау саласында, құқық қорғау органдарында жиі қағажу көреді екен. Әсіресе мемлекеттік шекараны кесіп өткенде, мемлекеттік және коммерциялық мекемелерге кіргенде оларды көп кемсітетін көрінеді.

«Кісінің трансгендер екенін білгенде, жедел жәрдем қызметкерінің оған көмек көрсетуден бас тарқан кездері болған. Немесе жұмыс беруші қызметкерінің трансгендер екенін біле сала оны жұмыстан шығарған. Білім саласында да сондай. Қызметкерлер мен құрбы-құрдастарының мазақ-келемежіне ұшыраған трансгендерлер мектептен, колледжден, университеттен шығып кетіп жатады” дейді Ксанов.

Кейде тіпті өзге түгіл трансгендердің досы да, отбасы да оны түсінудің орнына сыртқа тебеді дейді автор.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG