Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

21:47 9.6.2019
Полиция сайлауға наразылық білдірген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция сайлауға наразылық білдірген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында полиция 500-ге жуық наразыны ұстады. Бұл туралы жексенбі күні кешке ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді. Маусымның 9-ы күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте наразылық шаралары өткен болатын. Нұр-Сұлтан мен Алматыда алаң маңына шыққан жүздеген адам көшеге шығып, "Қазақстан!", "Бостандық!", "Бойкот!" деп айғайлады. Жиналған азаматтар президент сайлауына бойкот жариялағандарын мәлімдеді. Оларды полиция ұстап әкетті.

21:42 9.6.2019
Кезектен тыс президент сайлауына дауыс беріп тұрған сайлаушы. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауына дауыс беріп тұрған сайлаушы. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сағат 20.00-дегі мәлімет бойынша, маусымның 9-ы күні Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына тізімге алынған сайлаушылардың 77,4 пайызы дауыс берген.

Сайлаушылардың дауыс беру белсенділігі аймақ бойынша мынадай:

Ақмола облысы - 83 %

Ақтөбе облысы - 84,6 %

Алматы облысы - 89 %

Атырау облысы - 71,2 %

Шығыс Қазақстан облысы - 84,5 %

Жамбыл облысы - 81,3 %

Батыс Қазақстан облысы - 66,2 %

Қарағанды облысы - 77,1 %

Қызылорда облысы - 77,6 %

Қостанай облысы - 84 %

Маңғыстау облысы - 68,3 %

Павлодар облысы - 79,5 %

Солтүстік Қазақстан облысы - 79,8 %

Түркістан облысы - 84,8 %

Нұр-Сұлтан қаласы - 68,3 %

Алматы қаласы - 52,2 %

Шымкент қаласы - 67,1 %.

ОСК мәліметінше, Қазақстанда дауыс беру құқығына ие 11 814 019 сайлаушы бар.

21:00 9.6.2019

Нұр-Сұлтан полициясы маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы жайлы хабар дайындап жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді екінші рет ұстап, кейін босатты.

Жексенбі күні кешкісін Нұр-Сұлтанда полиция Сәния Тойкен мен тағы он шақты адамды қаладағы Есіл аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Тілші бөлімшеде отырған кезде полиция тағы ондаған адамды сонда жеткізгеніне куә болған. Бір әйел өзіне полицияның күш қолданғанын айтып шағымданған. Өзін Кәмшат Сапаровамын деп таныстырған әйел отбасында екі бала тәрбиелеп отырғанын, наразылық шарасына қатыспағанын, тек сырттан бақылап тұрғанын айтты.

Маусымның 9-ы күні түс ауа Нұр-Сұлтанда Жастар сарайы маңында полиция кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп жиналған азаматтарды ұстап әкеткен еді. Олардың арасында Азаттық тілшісі Сәния Тойкен де болған. Полиция кейін Азаттық журналисін босатқан болатын.

Қазақстанда президент сайлауы өткен күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүзден астам адамды ұстады. Елде интернет жұмысында кідіріс байқалды.

20:46 9.6.2019
№151 сайлау учаскесіндегі дауыс санау. Алматы облысы, Іле ауданы, 9 маусым 2019 жыл.
№151 сайлау учаскесіндегі дауыс санау. Алматы облысы, Іле ауданы, 9 маусым 2019 жыл.

Маусымның 9-ы күні жергілікті уақытпен сағат 20:00 Қазақстандағы сайлау учаскелерінің басым көпшілігінде дауыс беру аяқталды. Қазақстанның шығысы мен орталығымен бөлігімен салыстырғанда уақыт айырмашылығы бар батыс аймағында дауыс беру бір сағаттан соң аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Қазақстан бойынша 9970 сайлау учаскесінде дауыс беру жексенбі күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7:00-де басталған болатын. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, сайлаушылардың 72,9 пайызы сайлау бюллетеньдерін алған.

Бұл жолғы сайлауда жеті кандидат бәсекеге түсті:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG