Accessibility links

Қырым түбегі Қазақстанның көпвекторлы саясатына сын болды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко. Астана, 9 қазан 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Осыдан бес жыл бұрын, 2014 жылы наурыздың 18-інде Ресей Украинадан аннексиялап алған Қырым автономиялық республикасының өзіне қосылғанын ресми түрде жариялады. Қазақстан ресми түрде Қырымды Ресей аумағының бөлігі деп таныған жоқ, бірақ бұл мәселе халықаралық деңгейде талқыланғанда көбіне Ресейді қолдап шықты.

«Қырым түбегі Ресейге тиесілі ме, жоқ па?» деген сұрақ Қазақстан билігіне айтарлықтай ауыр тиді. Шын мәнінде Қазақстан Қырым түбегін Ресей субъектісі ретінде ресми түрде мойындаған емес. Көбіне бұл сұрақтан айналып өтуге тырысса да, бірнеше рет ыңғайсыз жағдайда қалды.

ОҚУЛЫҚ ПЕН КАРТА ДАУЫ

Ресей Қырымды қосып алғаннан соң бір жыл өтісімен орта мектепке арналған ірі баспалардың бірі тарих және география оқулықтарында Қырым автономиялық республикасын «Ресей субъектісі» ретінде көрсеткен соң Қазақстан Украинаның наразылығына кез болды. Астанаға наразылық нотасын жіберген Киев оқулықтағы Қырым жайлы ақпарат «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген Қазақстан билігінің ұстанымына да қайшы келетінін» білдірді.

"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары.
"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары.

​Қазақстан Украина талабына қарсы келмей, оқулықтарды түзеу туралы шешім қабылдады. Бұл даулы ақпаратқа Ресей ақпарат құралдары да дереу назар аударып, оқулықтардың мемлекеттік сараптамадан өткенін еске салды.

2015 жылдың күзінде Oxford University Press баспасы да «География. Үшінші деңгей» (Geography for Key Stage 3) оқу құралының төртінші басылымында Қырымды Ресейдің бір бөлігі етіп көрсетіп, Украинаның наразылығына ұшыраған соң өзгертуге уәде берген. 2018 жылдың бас кезінде Чехия да осыған ұқсас жағдайға ұшырап, Қырымды Ресей аумағы деп көрсеткен мектеп картасын дүкендерден алып тастаған.

Қырымға байланысты дау Қазақстанда 2017 жылы жазда тағы да байқалды. Астана орталығына қойылған инсталляция глобустарда Ресей картасы Украинаның Қырым түбегімен қоса берілгеніне Украина елшілігі наразылық білдіріп, глобустың бастапқы нұсқасында Қырым Украина аумағы деп дұрыс көрсетілгеніне назар аударған. Істі саясиландырмауға шақырған Қазақстан ақырында глобустардан карталарды мүлдем алып тастап құтылды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин Петропавл қаласында өткен туристік көрмеде. 9 қараша 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин Петропавл қаласында өткен туристік көрмеде. 9 қараша 2018 жыл.

Осыдан кейін Қазақстанның Қырым мәселесіне келгенде барынша сақ болуға тырысатыны байқалды. 2018 жылы күзде Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі қарсаңында Қырым көпірінің суреті бар стендті екі президенттің көзіне түспейтін жерге қойып, БАҚ назарын аударды. Ал оның артынша, Қазақстанда көрсетіледі деп жоспарланған ресейлік «Крымский мост. Сделано с любовью» («Қырым көпірі. Махаббатпен жасалған») комедиясы анонс жасала тұра түрлі уәжбен көрсетілмеді.

«БІРДЕ ОЛАЙ, БІРДЕ БЫЛАЙ»

Қырымның Ресей субъектісі екенін мойындамай, оқулықтары мен карталарына сақ болса да, Қазақстан бұл мәселе халықаралық деңгейде талқыланғанда көбіне Ресейді қолдап, кейде қалыс қалатыны аңғарылады.

2014 жылы көктемде БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинадан Қырымның бөлінуі туралы референдумды заңсыз деп танитын қарарды көпшілік дауыcпен қабылдағанда Қазақстан қалыс қалды.

2016 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында Украина ұсынған Қырымға қатысты қарарға Астана қарсы дауыс берді, бірақ «дауысымыз Қырым мәртебесіне байланысты ұстанымымызды білдірмейді» деді. Ақорда осылайша бірде қалыс қалу, бірде Ресейді қолдау саясатын әлі жалғастырып келеді.

БҰҰ Бас Ассамблеясында Қырымдағы адам құқығы жағдайына байланысты резолюция жобасы қаралып жатқан сәт. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2018 жыл.
БҰҰ Бас Ассамблеясында Қырымдағы адам құқығы жағдайына байланысты резолюция жобасы қаралып жатқан сәт. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2018 жыл.

Азаттық тілшісі сөйлескен саясаттанушылар, сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкерлері Расул Жұмалы мен Қазбек Бейсебаев Қырым мәселесі Қазақстанның көпвекторлы саясатына сын болғанын айтады. Олар Қазақстан қалай болғанда да Қырым түбегін Ресей аумағы деп ресми түрде мойындамай, өз позициясынан айнымай тұр, ал БҰҰ талқылауларындағы ұстанымы басқа мәселе деп санайды.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясаттағы кейбір белсенділігі өзін қиын жағдайға ұшыратып жатады.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

- Украина мен Ресей арасындағы жанжалдың міндетті түрде талқыланатынын және ол жерде нақты ұстанымын білдіру қажет екенін біле тұра Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі жыл уақытша мүшесі болды. Оның үстіне бір ай төрағалық етті. Қырым түбегі, Ресейге салынған санкция мәселесі талқыланғанда көзге түспей-ақ тыныш отырғаны жөн еді, - дейді ол.

Бұрынғы дипломаттың сөзінше, БҰҰ-ның жай мүшесі мен халықаралық мәселені шешетін 15 мемлекеттің, яғни Қауіпсіздік кеңесі мүшесінің саяси салмағы басқа. Қазақстан 2017-2018 жылдары алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақсыз мүше болып кірген еді.

- Қауіпсіздік кеңесі – үлкен саяси сахна. Қазақстан үлкен сахнадан көрінгісі келеді. Сол үлкен сахнада тұрып, бірде олай, бірде былай сөйлейді. Бұл ұстаным міндетті түрде көзге түседі және ескерусіз қалмайды, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саясатта «көпвекторлы бағыт» ұстанатынын жариялаған. Содан бері халықаралық даулы мәселелер бойынша Астананың көршілес Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдерін, я Батыс мемлекеттерін біржақты қолдамай, бейтарап қалуға тырысатыны байқалады.

Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, саясаттанушы Расул Жұмалы Украинаның аумақтық тұтастығын мойындай отырып, Ресейге қолдау көрсетуді көпвекторлы саясатқа жатқыза алмайды.

- Көпвекторлы саясат бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін алға қояды. Егер Қазақстанның басына да Украинадағыдай жағдай туып, өзге мемлекеттер де екіұшты ұстанымда отырса қалай болады? Сондықтан Қазақстан Ресейге сынай қарайтын әлемдік қауымдастықтың көпшілік жағында болуы керек еді, - дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Расул Жұмалының айтуынша, Қазақстан ресми түрде «Қырым – Ресейдікі» деп мойындамаса да, жоғары лауазымды қызметкерлер мен сыртқы істер министрлігінің ұстанымы бірізді болмаған. Кейбірі «Қырым – тарихи тұрғыдан Ресейдің жері» деген емеурін көрсеткен.

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған еді. Наурыздың 16-сында Ресей Қырымда «референдум» өткізіп, түбекті өз аумағына қосқан. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптамай, айыптаған.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинадан Қырымның бөлінуі туралы референдумды заңсыз деп танитын қарарды көпшілік дауыcпен сол жылы наурыз айында қабылдаған. Осы жиында Армения, Беларусь, Боливия, Венесуэла, Зимбабве, Куба, Никарагуа, Ресей, Сирия, Солтүстік Корея мен Судан ғана референдумды заңды деп танитынын білдірген. Дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған. Астана осы кезде Қырымға байланысты ұстанымын «Қазақстанда Қырымда өткен референдумды автономиялық республика халқының еркін түрде ерік білдіруі деп қабылдап, Ресей федерациясының шешіміне түсіне қарайды» деп білдірген.

Бес жыл бұрын Украинадағы билік еуропашыл оппозицияның қолына өтіп, Кремль қолдаған президент Виктор Янукович Ресейге қашқан соң Мәскеу Қырым түбегін басып алып, Шығыс Украинадағы Донецк және Луганск облыстарының бірнеше ауданындағы сепаратистерге дем берген. Киевтің есебінше, содан бері тыншымай тұрған Донбастағы қарулы қақтығыстан қаза тапқандар саны 13 мыңға жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG