Accessibility links

"Пана сұраймын". "Қытайдан қашқан" тағы бір қазақтың соты басталды


"Шекара бұзып өткен" Қытай қазағы Қайша Ақан сотта сөйлеп тұр. Жаркент, 12 қараша 2019 жыл.
"Шекара бұзып өткен" Қытай қазағы Қайша Ақан сотта сөйлеп тұр. Жаркент, 12 қараша 2019 жыл.

12 қарашада Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталған Шыңжаң қазағы Қайша Ақанның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Алғашқы отырыста айыпталушы жауап берді.

ҚАЙШАНЫҢ СОТТАҒЫ СӨЗІ

43 жастағы Қайша Ақан сот отырысында "шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындады". Ол бұл қадамға "Қытайдағы қысымнан қауіптеніп барғанын" айтады. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен.

- Шекарадан өту үшін бір адаммен сөйлестім. Ол менен 1,5 миллион теңге (шамамен 3800 доллар – ред.) сұрады. Ондай ақшам жоғын айттым. Кейін бар ақшама келісіп, Қазақстанға қарасты жерге алып келді. Қалтамда теңге болмаған соң юаньмен бердім. Кейін ол мені кеденге әкеп бір адамдармен сөйлесіп, мені саудагерлерге қалдырып кетті. Кеденде жүк өткізетіндер көп, қарбалас болды. Сол кезде құжат тексеретін адам біреу шақырып кеткен кезде саудагер әйелдер маған "ал енді тауарды итер, еңкейіп өт, басыңды көтеруші болма" деп ескертті. Бірінші постан әйелдерге жәрдемдескен болып, тауарды итеріп өтіп кеттім, - деді айыпталушы сотта.

Қайша Ақан 2019 жылы тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, шекарадан заңсыз өткені жайлы хабарлаған. Артынша ҰҚК Ақанның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Шекараны заңсыз кесіп өткен уақыттан ҰҚК-ға барғанға дейін оны "ешкім іздемеген".

Сот отырысында прокурор Арзыгүл Имярова (Сауытбай ісінде де прокурор болған – ред.) айыптау актісін оқыды. Прокурордың сөзінше, Ақан Қорғас кеден бекетінде адамдар мен туристердің көп болатын сәтін күтіп, кейін құжат тексеретін кабинаның жанынан еңкейіп өтіп кеткен, ешкімге құжаттарын ұсынбаған.

- Кейін Қорғас бекетінің Қазақстан жағындағы көлік тұрағына келіп, бір көлікке отырып, Алматы қаласына жеткен. Қазақстанға келгені туралы заңды органдарға тіркелмеген, - деді прокурор сотта.

Қайша Ақан адвокаты Айман Омаровамен бірген сот залында отыр. Жаркент қаласы, 12 қараша 2019 жыл
Қайша Ақан адвокаты Айман Омаровамен бірген сот залында отыр. Жаркент қаласы, 12 қараша 2019 жыл

Қайша Ақан Қазақстанға келген соң "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған тағы бір этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың сотын қадағалағанын айтады. Ол өз тағдырын Сайрагүл Сауытбай тағдырымен ұқсастырады. Айыпталушының айтуынша, Қытайдың Шыңжаң өлкесі Іле-Қазақ автономиялық ауданының полициясы "айыбын мойындамаса" қайта тәрбиелеу лагеріне қамалатынын ашық ескерткен.

- Осыдан кейін Қазақстанға кетуге бел байлап, Қытай шекарасына үш рет келдім. Қолымда Қазақстанның визасы бола тұра мені жібермеді. Шетелге шығуға тыйым салынғандар тізіміндесің деп қайтарды. Қазақстаннан пана іздеп келдім. Сот мені Қытайға қайтармаса деймін. Ана ретінде мені түрмеге қамамаса екен деймін. Қытайда мені қуғын күтіп тұр. [Қытайда] қылмысыңды мойында деді. "Қылмысыңды мойындасаң, лагерьге қамамаймыз" деп ескертті. Сондағы қылмысым – шекара маңында сауда-саттықпен ұзақ уақыт жұмыс істегенім, Қазақстанға көп барғаным және шетелдіктермен жұмыс істегенім. Шетелдіктер деп отырғаны – қазақстандықтар, - дейді ол.

Қайша Ақан Қытайда 70 жастағы шешесі қалғанын айтады. Жалғыз ұлы да бұрын ажырасқан күйеуінің қолында, Шыңжаңда қалған. Сөзінше, қазір өзі Алматы қаласында пәтер жалдап тұрады, тұрақты жұмысы жоқ.

Қайша Ақан 11 қарашада Алматы қалалық көші-қон полициясынан "Пана іздеуші тұлға" құжатын алған.

Жаркенттегі сотқа Қайша Ақанның адвокаты Айман Омарова, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығының, "Атажұрт еріктілері", "Отандас ел" ұйымының өкілдері қатысты. Отырысқа Қытайдың Қазақстандағы елшілігі келген жоқ. Судья келесі сот отырысын 22 қарашаға белгіледі.

«АУРУХАНАДА ЖАТҚАН ЖЕРІМНЕН ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРДЫ»

Қайша Ақан осыдан бір ай бұрын Азаттыққа сұхбат бергенде Қытайда тергеу мен тексеру көбейіп кеткен соң Қазақстанға қашуға мәжбүр болғанын айтқан.

- 4 мамырда Тоғызтарау аудандық полициясы ауруханада жатқан жерімнен тергеуге шақырды. Онда да тұрақты тіркеу мәселесі бойынша шақыртқан болатын. Негізгі жұмысым жарты сағатта біткен. Бірақ түскі бірден кешкі алтыға дейін ұстап, тергеді, - деген еді ол.

Қайша Ақанның сөзінше, Шыңжаңдағы сол тергеуде оның телефонын тексеріп, Қазақстанға неге жиі баратынын, діни сенімі туралы сұраған.

Қайша Ақан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындап арыз жазуға "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымының өкілі, қазақстандық құқық қорғаушы Айна Шорманбаева қол ұшын берген. Шорманбаева Қайша Ақанның босқын мәртебесін сұраған өтінішін адам құқығын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдарға жолдағанын, әзірге жауап келмегенін айтады.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін" айтқан. Қазір Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр.

Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. Былтыр БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG