Accessibility links

Көп балалы аналарға көмек жоқшылықты жоя ма?


Экономист Меруерт Махмұтова және AzattyqLive жүргізушісі Қасым Аманжол. Алматы, 1 наурыз 2019 жыл.
Экономист Меруерт Махмұтова және AzattyqLive жүргізушісі Қасым Аманжол. Алматы, 1 наурыз 2019 жыл.

Қазақстан билігі көп балалы және әлеуметтік жәрдемге мұқтаж отбасыларға көмек берудің жаңа жоспарын жариялай бастады. AzattyqLIVE тікелей эфирінде биліктің әлеуметтік көмек шараларын талқылады. Хабар сарапшысы – экономист Меруерт Махмұтова.

Ақпанның 28-і күні Астанада еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көп балалы отбасыларға қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.

Министрдің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін өседі. Бұл көмек отбасының табысына қарай есептеледі.

"Қаулыларды өзгертіп, парламентке өткіземіз. Шілденің 1-інен бастап төлене бастайды. Күнкөріс деңгейін 20 789 теңгеге көтердік. Егер көп балалы отбасының жан басына шаққандағы табысы 20 789 теңгеден төмен болса, әр балаға 20 789 теңге төленеді. Отбасының табысын есептегенде мүгедектігі үшін алатын жәрдемақы, "Алтын алқа", "Күміс алқа" үшін төленетін ақша, стипендия есепке алынбайды. Олар бұған дейін есепке алынып келген" деді министр.

Сапарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта әр отбасының әлеуметтік картасы жасалады. Сол карта арқылы отбасының табысы анықталып, қанша жәрдемақы төленетіні белгіленеді. Министр мүгедек баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы 31 мың теңгеден 41 мың теңгеге өсетінін айтты.

Бұдан бөлек "аз қамтылған отбасыларға арналған 40 мың жалдамалы пәтер салынатыны", "тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық үстемесі 2-3 пайызбен тұрғын үй заемдерін беру" туралы да айтылды.

Қазақстанның түрлі аймағында болған аналар наразылығынан кейін жарияланған билік шаралары қаншалықты тиімді болмақ? Ұлттық қордан алынатын қаражат инфляцияға әсер етпей ме? Жәрдемақылар халықта "масылдық психологияны" оятпай ма? Экономикалық саясаттың мұндай тәсілдері тиімді ме, қанша уақытта жемісін береді? Осы және өзге де сауалдарға "Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы" қоғамдық қоры директоры, экономист Меруерт Махмұтова жауап берді.

Тікелей эфир видеосын көріңіз:

Ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейіп, 6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп отставкаға жіберген. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалған. Бұрын Ақтөбе облысын басқарған Бердібек Сапарбаев еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.


  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG