Өнердің астары. Алматыдағы Гулиев көрмесіндегі образдар

Алексей Азаров

Сәуірдің 5-інен бастап Алматыдағы Artmeken заманауи өнер галереясында алматылық танымал суретші әрі мүсінші Шамиль Гулиевтің «Көпвекторлық: шенеуніктер мен суретшілер өмірінен» атты көрмесі өтіп жатыр.

Келушілердің көзі бірінші түсетін экспонат – Шамиль Гулиевтің асқабақтан жасаған «Чертовка» мүсіні. «Тыквянка» көрменің концепциясымен үйлеспейді, көптің назарын аудару үшін сәтімен қойылған зат, суретші шығармашылығының бір қырын танытады. Асқабақ – суретшінің жиі қолданатын материалы.

Шамиль Гулиевтің асқабақтан жасаған "Чертовка" мүсіні.
Шамиль Гулиевтің асқабақтан жасаған "Чертовка" мүсіні.

Шамиль Гулиев – Қабарда-Балқария тумасы. Жас кезінде Қазақ ССР-на келіп, көркемөнер саласында білім алған. Алдымен көркемөнер училищесін бітірген, кейін театр-көркемөнер факультетінде оқыған, солайша Алматыда тұрып қалған.

Шығармашылық өмірінің басым бөлігін графикаға арнаған суретші он жыл бұрын мүсінге бет бұрды, көркем суретке ден қойды. Суретші бірнеше жеке және топтық көрме өткізді (соның ішінде 2008 жылы Лондондағы Christie’s аукцион үйінде қойылған Қазақстанның заманауи өнер көрмесі де бар).

Суретші Шамиль Гулиев пен куратор Валерия Ибраева көрмеде. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.
Суретші Шамиль Гулиев пен куратор Валерия Ибраева көрмеде. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.

Суретші Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғаларға елең етіп, өзінше көзқарас білдіретінін айтады. Түрлі жағдаятты өнеріне арқау етеді, бірақ шығармашылығында шенеуніктердің өмірін арнайылап сипаттамайды.

Көрменің концепциясын оның кураторы Валерия Ибраева ойластырды. Оның айтуынша, көрмедегі басты жұмыс – «Алтын адам». Бұл мүсін халыққа сүйкімсіз болған шенеуніктер, бюрократтар мен озбырларды бейнелейді. Ибраева үшін түп кейіпкер – жан-жағын алтынмен аптап, әшекеймен қаптаған ежелгі грек аңызының бір бейнесі Мидас патша.

–Біздің Мидастың ерекше қасиеті бар – өзіне тиесілі дүниені ғана алтынға айналдырады. «Бірегейлікті іздеу» дегенді ұран етіп, оны тек этникалық тар мағынасында түсінгендіктен қоғамға тиесілінің бәрін әшекеймен көмкереді, - дейді куратор.

Оның пікірінше, мұны алыстан іздеудің керегі жоқ, барлық жерден кездесетін әшекейлі қоқыс жәшіктері, орындықтар мен қоршаулар мысал бола алады.

Көрмеге келгендер Гулиевтің "Алтын Адам" скульптурасының алдында тұр. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.
Көрмеге келгендер Гулиевтің "Алтын Адам" скульптурасының алдында тұр. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.

Көрме қабырғаларының бірін қымбат көлік пен киімді жақсы көретін, дәмді ас ішкенді ұнататын «нағыз қазақстандық шенеуніктің өмірінен алынған» десе болады. Сол жақта – «Ат және аттың күші» жұмысы, ортада – «Ақ жағалылар», оң жақта – «Құрбанға шалынған бұқа» (бұқаның маңында өрнек ретінде қасық-шанышқысы бар тәрелкелер салынған).

2012 жылғы «Ақ жағалылар» туындысы көрмеге келушілердің есіне қазіргі кезді салады. Атап айтсақ, сәуірдің 4-і күні Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter аккаунтына салған суретке ұқсайды. Ол суретте Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз өткізген соң ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовпен, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовпен және президент әкімшілігі басшысы Бақытжан Сағынтаевпен тұр.

Көрме кураторы Валерия Ибраева "Ат және аттың күші" жұмысының жанында тұр. Ортада – "Ақ жағалылар", оң жақта – "Құрбанға шалынған бұқа" туындысы. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.
Көрме кураторы Валерия Ибраева "Ат және аттың күші" жұмысының жанында тұр. Ортада – "Ақ жағалылар", оң жақта – "Құрбанға шалынған бұқа" туындысы. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.

2012 жылы салынған картина «Сегіз қырлы – бір сырлы» деп аталған. Бір жағынан ол танымал америкалық суретші Энди Уорхолдың жас кезінде киген ақ шаш паригін еске салады. Екіншіден, осындай «уорхолдардың» беті өрнекпен айғыздалған, куратор айтқан «бірегейлікті іздеуге» ұқсайды.

Ибраева жұмыстың атауы бұрынғы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының тақырыбымен (кездейсоқ) үндесіп жатқанына мән береді.

"Ақ жағалылар" мен "Сегіз қырлы – бір сырлы" картинасы.
"Ақ жағалылар" мен "Сегіз қырлы – бір сырлы" картинасы.

Мұнда Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министрі Дмитрий Медведев қазақ шапаны мен бас киімін киген. Саясаткерлердің сыйлықтары арасында қымбат қонақтарға тартылатын сый ретінде Қазақстанға келгенде осындай заттар берілген де болар. Бірақ картинаның мағынасы одан ауқымды, ол «Жамбылдың немерелері» деп аталады. Бұл атау қазақ ақыны Жамбылдың қоршауға түскен Ленинградқа арнап жазған «Ленинградтық өренім!» жырын еске салады, оның үстіне Путин мен Медведев сол қаланың тумалары, бірақ олар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң және Жамбыл өмірден өткен соң туған.

"Жамбылдың немерелері" картинкасы.
"Жамбылдың немерелері" картинкасы.

Қазақстандық суретшілерге екі жұмыс арналған. Оның бірінде Шамиль Гулиевтің әріптесі әрі досы Бақыт Бапишев бейнеленген. Жұмыс «Алакөлдегі Бапишев» деп аталады.

Шамиль Гулиев саз балшықтан жасалған алып Големнің әйгілі бейнесін де өзінше сомдап көрген. «Бұқара Големі» деп аталатын мүсін шығыс өрнекті қолөнер қалдықтарынан жасалған. Қолөнершілер жәрмеңкесінен кейін жерде шашылып қалатын сынықтарды суретшінің жары – Қазақстан қолөнершілер одағының жетекшісі Айжан Бекқұлова үйіне әкетіп жүрген.

"Алакөлдегі Бапишев" туындысы.
"Алакөлдегі Бапишев" туындысы.

«Ит» деп аталатын бір мүсін автордың кезінде шығармашылығы үшін шөлмекті іске жаратқанын көрсетеді. Гулиев шөлмек сынықтарын өзіне тән технологиямен біріктіре отырып өнер туындысына айналдырған.

Көрме сәуірдің 28-іне дейін жалғасады. Кіру – тегін.

"Бұқара Големі" туындысы.
"Бұқара Големі" туындысы.