Израиль Сириядағы 250-ден астам әскери нысанға шабуыл жасады. "Галей ЦАХАЛ" армия радиосы хабарлауынша, әскери базалар, ондаған жойғыш ұшақ, әуе-зымыран кешендері, өндіріс алаңдары мен зымыран сақталатын қоймалар шабуылға ұшыраған.
Бұл деректі Лондонда орналасқан Сириядағы адам құқықтары жағдайын бақылайтын орталық (SOHR) та жария етті. Олардың ақпаратынша, кейінгі 48 сағатта Израильдің әскери-әуе күштері елден қашқан президент Башар Асад режимінің маңызды әскери нысандарына, соның ішінде Хама, Хомс провинцияларындағы және Латакиядағы әуе базаларына шабуыл жасаған. Латакияда Ресейдің әскери базалары да орналасқан.
Израиль шабуылынан Латакия маңында Сирия әскери-теңіз күштерінің кемелері, әскери қоймалар бүлінген. Дамаскідегі және оның айналасындағы әскери нысандар, ғылыми орталықтар мен радиоэлектронды күрес басқармасы шабуылға ұшыраған.
AFP тілшілері 10 желтоқсан таңертең Дамаскіде қатты жарылыстар болды деп хабарлады.
Reuters агенттігі мен Al Arabiya арнасының дереккөздері Израиль Сирияның ең ірі әуе базаларына соққы беріп, Сирия әуе күштерінің ұшақтары мен тікұшақтарын жойды деп мәлімдеді.
8 желтоқсанда Израиль әскері 1973 жылдан бері алғаш рет демилитаризацияланған шекара аймағынан өтіп, Израиль мен Сирия арасында жатқан Голан жотасындағы буфер аумаққа кірді әрі "іргелес стратегиялық позицияларды" алды. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеді.
1967 жылғы соғыс кезінде басып алынған Голан жотасын Израиль өз аумағы деп санайды. Әлемнің көп елі ол жерді Сирия аумағы деп есептейді. Израиль әскері қазір Израиль ресми түрде өз аумағы деп жарияламаған аймақтарға кірген.
Al Mayadeen арнасының хабарлауынша, Израиль танкілері Дамаскіден 55 шақырым жердегі Әл-Кунейтра қаласынан өтіп, Сирия астанасына қарай жылжып жатыр. Дереккөздер ақпаратына сәйкес, олар қазір Дамаскіден 20 шақырым жерде тұр.
Дамаск пен ел аумағының басым бөлігін бақылауына алған Сирия оппозициясы ішінде Израильмен қақтығысты жалғастырғысы келетінін айтқан күштер маңызды рөл атқарады. Олардың арасында АҚШ-та террористік деп танылған ең ірі "Хайат Тахрир әш-Шам" (ХТШ) тобы бар.
ПІКІРЛЕР