АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС Америка ұсынған бейбітшілік жоспардың алғашқы кезеңін жүзеге асыруға дайын екенін хабарлады.
“Израиль мен ХАМАС бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңіне қол қойғанын мақтанышпен айтқым келеді. Бұл дегеніңіз барлық тұтқынға алынғандар жақын арада босатылады, ал Израиль тұрақты бейбітшіліктің алғашқы қадамы ретінде келісілген сызыққа қарай әскерін алып кетеді дегенді білдіреді” деп жазды АҚШ президенті.
Келісімнің жай-жапсары жөнінде әзірге белгісіз. Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС тобымен келісім бейсенбі күні үкіметтің арнайы отырысында мақұлдануы тиіс деді. Ол келісімді "маңызды бетбұрысты пункт" деп атап, келісім жасауға көмектескені үшін Дональд Трампқа алғыс айтты. Келісім аясында Израиль да түрмеден палестиналықтарды босатады.
Қыркүйектің соңында Трамп бейбітшілік жоспар ұсынған. Оған сәйкес, ХАМАС израильдік тұтқындарды босатуы керек, өз кезегінде Израиль де екі мыңға жуық палестиналықтарды түрмеден шығарады. Израильдің дерегінше, ХАМАС тұтқында ұстап отырған 48 израильдіктің 20-сы тірі. Бейбітшілік жоспары сонымен бірге ХАМАС-ты қарусыздандырып, оларды Газа билігінен шеттетуді де қарастырады. 4 қазанlа ХАМАС Америка ұсынған бейбітшілік жоспарының кейбір пунктерімен келіскен. Арасында израильдік тұтқындарды босату және Газа билігіне араласпау сияқты шарттар да бар. Дегенмен ХАМАС бейбітшілік жоспарындағы өзге пунктер алдағы келіссөзде талқылануы керектігін айтқан.