Израиль сейсенбі күні ираншыл хуситтер бақылауындағы Ходейда портына әуеден соққы жасады. Соққы жасалғанын хуситтер де, Израиль әскері де хабарлады.
ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, Израиль әскері Ходейдадағы хуситтердің әскери инфрақұрылымын соққылаған. Бұл хуситтердің Израиль аумағына ракета және дрон шабуылына жауап ретінде жасалып отыр.
Хуситтердің өкілі өз кезегінде әуе қорғаныс жүйесі Израиль шабуылына тойтарыс бергенін хабарлады.
Өткен аптада хуситтер жіберген дрондардың бірі Израильдің оңтүстігіндегі Рамон әуежайына жетіп, кішігірім зиян келтірген. Одан кейін Йемен астанасы Санаға соққы жасалды. Бірқатар ақпарат құралдарының жазуынша, соққыдан бейбіт тұрғындар, оның ішінде журналистер қаза болған. Хуситтердің айтуынша, екі басылым редакциясы орналасқан ғимарат қираған. Журналистерді қорғау комитеті ақпаратты тексеретінін, себебі хуситтер бақылап отырған аумақтан ақпарат алу қиын екенін хабарлады.