Accessibility links

Ирандық рэпер Наджафидің басы бәйгеге тігілді


Рэпер Шахин Наджафи. Германия.
Рэпер Шахин Наджафи. Германия.

«Иран ислам республикасын келемеждеп, Нағи имамға байланысты артық-ауыс пікір айтқан» әні үшін ирандық рэпер Наджафидің басына 100 мың доллар сыйлық тігілді.

Шахин Наджафидің әнінде шииттердің жетінші ғасырда өмір сүрген оныншы имамы Нағидің есімі, ер адамның мүшесі, виагра және ирандық актрисаның кеудесі қатар айтылып, әжуаланады. YouTube-те жарияланған әннің коллажында әйелдің кеудесіне ұқсатып бейнеленген күмбездің ұшында гейлер қоғамдастығының түрлі-түсті туы желбіреп тұр.

«ҚОРЛАУ» МЕН «БАТЫЛДЫҚ»

Ирандықтардың кейбіреуі «бұл ән Нағи имамның абыройына нұқсан келтірді, есімін қорлады» десе, енді біреулері «діни тыйымдарды бұзып өткен әншінің батылдығын» қолдап жатыр.

2005 жылы Германияға қоныс аударған Наджафи Азаттық радиосына берген сұхбатында қастерлі діни ұғымдарды қорлау мақсатын көздемегенін айтты.

– Бұрынырақ шыққан осы сарындағы «Махди» деген әнім де бар. Ол мұндай ашу-ыза тудырған жоқ. Оның үстіне, бұл әнді көпшілік ұнатар деп ойладым. Ол – сатиралық мазмұндағы ән. Жалпы, мен бір нәрсе істегенде ол істің ақыры не боларын ойлап жатпаймын, – дейді әнші.

Істің ақыры – рэпердің басына 100 мың доллар тігіліп, оны жазалау ұраны айтылды. Әншіні қатаң жазалауды қолдайтындар Shia-online.ir сайтында сыйақы ұсынып, оны Парсы шығанағындағы араб елдерінің бірі төлейтінін жазды.

ҮКІМ

Reuters агенттігі «Иранның дінбасы әнші Наджафи өлім жазасына лайық болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады» деп жазады. Бұл мәлімдеме 1989 жылы «Шайтан шумақтары» деген романы күпірлік келтірген туынды деп танылған британдық жазушы Салман Рушдиді өлтіру туралы шариғат тұрғысынан қабылданған шешімнің жаңғырығы сияқты.

Таяуда Ирандағы ислам революциясы сақшылары корпусымен тығыз байланысы бар, әншіні қатаң жазалауды қолдайтын топтың жақтасы «Фарс» жаңалықтар
Аятолла Сафи Голпаегани.
Аятолла Сафи Голпаегани.
агенттігі аятолла Сафи Голпаеганидің әнші Наджафиге үкім шығарып, оны «діннен безген азғын» деп жариялағанын жазды.

Иран заңы бойынша, дінбұзарлар өлім жазасына кесіледі.

Аятолла дау тудырған ән жайында жазбаша мәлімдеме жасады. Ол ешкімнің есімін атамай, «Имамды мазақ еткендер – діннен безгендер» деді. Дінбасының бұл пікірін күллі мұсылман қауымы 31 жастағы музыкантты өлтіруге шақырған үндеу ретінде қабылдауы мүмкін.

Наджафи мұны зорлық-зомбылыққа үндеу деп танып, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ойластыруға мәжбүр болғанын айтты.

– Кімді болса да өлім жазасына кесу – зорлық. Тіпті ол адам дінге байланысты киелі дүниелерді қорласа да, бұл дұрыс емес, – дейді әнші.

Еуропадағы концерттерін өткізуден бас тартқанын айтқан Наджафи өміріне қауіп төнсе де жұмысын жалғастыра бермек.

Deutschlandfunk басылымына берген сұхбатында «Мен жаспын, өнер адамымын, сондықтан жұрт алдында өнер көрсетуім керек» деген 31 жастағы рэпер «үнемі
Әнші Шахин Наджафи.
Әнші Шахин Наджафи.
жасырынып өмір сүремін» деп ойлағысы да келмейтінін айтты. Наджафидің менеджері музыкант полицияның қорғауына алынғанын хабарлады.

Наджафи «әннің мазмұны пайғамбарды қорлайды» деген тұжырымды теріске шығарды.

– Мен исламға да, иудаизмге де, христиан дініне де сыни тұрғыдан қараймын, – дейді ол.

Әнші WDR радиосына берген сұхбатында өз әндері үшін Иран дінбасылары тарапынан көрген қоқан-лоқысы бұл ғана емес екенін айтты.

Deutsche Welle радиостанциясы Наджафидің Германияға қоныс аударғанға дейін Иранда астыртын музыкант ретінде танылғанын және саяси белсенді болғанын хабарлайды.

Наджафи – исламды сынайтын әндерімен белгілі музыкант.Оның әндері мен альбомдарын Иранда тек қара базар мен интернеттен табуға болады.

Рэпердің әндері Ирандағы әлеуметтік проблемаларды көтереді. Әннің мәтінінде «Қытайда жасалған жайнамаз», «диаспораның сіресіп қалған оппозициясы», «үш
Наджафи ән айтып тұр. Германия.
Наджафи ән айтып тұр. Германия.
пайызы ғана кітап оқитын Иран халқы» туралы сөз кездеседі. Әнде құпия имамның қайта оралуы туралы діни мәселелер де қозғалады. Наджафи өз әнінде Нағи имамды шииттер «қайта оралып, теңдік орнатады» деп сенетін Махди имамның орнына келіп, әлемді құтқаруға шақырады.

Иран оппозициясының кейбір мүшелері «Бұл ән қатаң жазалауды жақтайтындардың діни сезімдерін қорлап қана қоймаған. Наджафи шектен шығып кетті» деген пікірді ұстанады.

Тегеранда тұратын белсенділердің бірі Facebook әлеуметтік желісінде «Өзіміздің діни сеніміміз бен қастерлі дүниелерімізді қорлатып қоя алмаймыз, оған толық құқымыз бар» деп жазыпты.

САҒЫ СЫНБАҒАН ӘНШІ

Діндар ирандықтар өздерінің имамдарын әулие тұтады. Ал атеист Шахин Наджафи имам Нағиды бар болғаны «тарихи тұлға» деп біледі. Ол ең алдымен «қорлау» дегеннің не екенін анықтап алуды ұсынады.

– Бұл – дүмшелер мен идеологиялық сарында сөйлейтіндердің сөзі. Иранда өнердің өнер ретінде бағаланбайтыны да сондықтан. Саяси және діни жүйені мақтап, мадақтамайтын дүниелер ол елде қудаланып, «діннен безген, жолдан тайған» деген айдар тағылады, – дейді ол.

Басына төнген қауіп-қатерге қарамастан Наджафи өз ісіне еш өкінбейді. «Егер мен бұл әнді шығарғаныма бір сәтке болсын өкінсем, музыкамен қоштасар едім» дейді ол.
XS
SM
MD
LG