Accessibility links

Иран билігі наразылықты басып-жаншу күшейгенін мойындады


Тегерандағы наразылық кезінде отқа оранған көпір.
Тегерандағы наразылық кезінде отқа оранған көпір.

Иран полициясының басшысы Ахмад Радан "қауіпсіздік күштері және құқық қорғау органдарының бірігіп қимылдауының арқасында" наразыларға қарсы көбірек күш қолданылғанын мойындады. Бұл жөнінде Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы хабарлады.

Раданның сөзінше, "сот-медицина сараптамасының қорытындысына қарағанда, қаза болғандардың едәуір бөлігі суық қару мен пышақ жарақатынан" мерт болған. Бұл адамдарды "қауіпсіздік күштері" емес, "үйретілген және басқармалы элементтер" (нақты жағдайда полиция қандай да бір мақсатты көздеген топтарды меңзеп отыр – ред.) өлтіргенін көрсетеді.

Мұндай мәлімдеме Иран күштік құрылымдарының наразыларға тікелей оқ атып жатқаны көрінетін видеолар мен хабарламалар тараған шақта жасалып отыр.

Фарда радиосы мен CNN арнасы куәгерлерге сүйене отырып, ауруханалардың толып кеткенін хабарлады. Ол жаққа қаза болғандар мен жараланғандар жеткізіліп жатыр.

Тегеранның шығыс бөлігінде тұратын куәгерлердің бірі Ислам ревоюциясы сақшылар корпусы кіргеннен кейін қалада іс жүзінде әскери бақылау орнағанын айтты. Көшеге шығу наразылар үшін қауіпті бола бастаған, ал түнде үздіксіз атыс естіледі.

Үкімет құрылымдары әзірге ұсталғандардың санын жарияламады.

HRANA құқық қорғау ұйымы кемінде 100-ден астам адам қаза болғанын хабарлады. Басым бөлігі жақын қашықтықтан атылған оқтан қаза болған.

Қаза болғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін, себебі құқық қорғаушылар тек расталған адам шығынын ғана тіркеген.

Netblocks сайтының мәліметінше, Иранда интернеттің өшкеніне 60 сағаттан астам уақыт болған. Бұған қарамастан, спутник және балама арналар арқылы Тегеран мен өзге қалалардан видеоайғақтар жарияланып жатыр.

БҰҰ тәуелсіз миссиясы Тегеранды интернетті дереу қалпына келтіруге және қудалауды дереу тоқтатуға шақырды. Ұйымның есебінде 28 желтоқсанда басталған наразылық елдің кемінде 46 қаласына жайылғаны айтылған.

Республикашыл-сенатор Линдси Грэм Ирандағы наразыларды қолдады.

Наразыларға қайырылған ол ирандықтардың қысымға ұшырағаны жайлы хабарламалар «АҚШ президенті және барлық бостандықсүйгіш азаматтарға» жеткенін айтты.

Грэм Иранды "аятолла мен оның жақтастары билікте отырғанда ешқашан Иранның көсегесі көгермейді" деді.

Бұған дейін АҚЩ президенті Дональд Трамп АҚШ "Иранды азат етуге" көмектесуге дайын деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG