Accessibility links

"Түркия күшейе береді". Ердоғанның Украина, Ресеймен қатынасы және "соғыс ойындары"


Украина президенті Владимир Зеленский және Түркия басшысы Режеп Ердоған. Киев, 3 ақпан 2022 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және Түркия басшысы Режеп Ердоған. Киев, 3 ақпан 2022 жыл.

Ресейдің Украинамен соғысы жаңа қарқын ала бастады. Ондаған мемлекет Ресей агрессиясын қатаң айыптап, Мәскеуге санкция салып жатыр. Халықаралық аренада Кремльді тікелей қолдайтын мемлекет жоқтың-қасы. Бірақ әзірге Мәскеу мен Киевтің жағына шықпаған нақты позиция білдірмеген елдер де бар. Мысалы, Қытай, Парсы шығанағындағы монархиялар және Түркия. Анкара бұл мәселеге келгенде неге өзін осылай ұстап отыр? Владимир Путинмен "психологиялық үндестігі бар" түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанның көздегені не?

Анкара алғашқылардың бірі болып Ресей әскерінің Украинаға басып кіруін сынады, бірақ Мәскеуге қарсы санкцияларға қосылған жоқ. Түркия соғыс басталғалы Мәскеу мен Киев арасында бейбіт келіссөздер ұйымдастыруға ниет білдіріп, араағайын болуға тырысты. Өзі мүше болып отырған НАТО-ны да біраз сынға алды. Осы аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглы Ресей-Украина қақтығысын дипломатиялық жолмен шешуге болады деген мәлімдемесін қайталады.

«НАТО-дағы кей мемлекеттер бейбітшілікті қаламайды. Олардың бар ойы – Ресейді әлсірету, Украинада шаруалары жоқ. Украина мәселесі бойынша жасалған жол картамыздан бір мысал келтірейін: Ресей әскерін біртіндеп шығарып, санкциялар режимін қайта қарау керек» деді Чавушоглы. Ол сондай-ақ 24 ақпанда соғыс басталғалы Украинадан 17 мың түрік азаматы эвакуацияланғанын айтты.

Анкара қазіргі жағдайға алаңдаушылықпен қарап отыр. Бұған бірнеше себеп бар. Жақында Түркия президентінің баспасөз хатшысы Ибрагим Калын «Біз жаңа дәуірге, қырғи-қабақ соғысқа қадам басып жатырмыз. Сондықтан азық-түлік, энергетика, киберқауіпсіздік және басқа да салаларда қырғи-қабақ соғыстың болашақ салдарына дайын болуымыз керек” деді.

Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталмай тұрып, тіпті коронавирус пандемиясынан бұрын Түркия экономикасы тоқырауға ұшырады. Қазір елде ауыр дағдарыс болып жатыр. Режеп Ердоғанның билігі тұсындағы ең қиын кезең басталды. Елде әлеуметтік-cаяси шиеленіс арта түсті. Биыл Түркиядағы жылдық инфляция жиырма жылдағы ең үлкен көрсеткішке, ал жұмыссыздық деңгейі 15-20 пайызға жетті. Базалық тауарлар мен қызметтер бағасы 30-50 пайызға қымбаттап, түрік лирасының бағамы екі есе құлдырады. 2023 жылы маусымда Түркияда парламент сайлауы өтеді. Сауалнама нәтижесіне қарағанда, Режеп Ердоған басқаратын «Әділет және даму» партиясын қолдаушылар қатары азайып келеді.

Режеп Ердоған Украина-Ресей делегацияларының алдында сөйлеп тұр. Стамбул, 29 наурыз 2022 жыл.
Режеп Ердоған Украина-Ресей делегацияларының алдында сөйлеп тұр. Стамбул, 29 наурыз 2022 жыл.

БҰҰ және өзге де халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ресейдің Украинаға басып кіруі ғаламдық азық-түлік тапшылығына, кем дегенде жүздеген миллион адамды қамтитын аштыққа әкеліп соғуы мүмкін деп ескертеді. Бұл Анкара үшін де қауіпті. Кейінгі бірнеше айда Түркиядан Мароккоға дейінгі Үлкен Таяу Шығыс елдерінде қымбатшылық пен азық-түлік тапшылығы қаупіне байланысты ұн мен жармаға сұраныс артқан. Көп ислам мемлекетінің билігі Ресей-Украина соғысы жаппай тәртіпсіздік пен әлеуметтік жарылысқа әкеліп соғуы мүмкін деп алаңдап отыр. Өйткені кезінде өңірдегі «араб көктемі» азық-түлік бағасының қымбаттауынан басталған.

Түркия азық-түлік жеткізуде Ресей мен Украинаға тәуелді. 2021 жылы Түркия бидайдың 65 пайызын – Ресейден, 13 пайызын Украинадан импорттаған. Биыл наурызда бидай бағасының күрт қымбаттауына байланысты Түркия шетелден бидай сатып алуды 30 пайызға қысқартуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Анкара үшін Ресейдің мұнай-газ өнімдерінің де маңызы зор. Түркия осы уақытқа дейін шетелден келетін газдың 50 пайызын, мұнайдың 17 пайызын, жанармайдың 40 пайызын Ресейден алып келген.

Кейінгі жылдары Мәскеу мен Анкара ірі сауда-экономикалық келісімдерге қол қойған. Мәселен, Түркия «Росатомның» көмегімен елдегі энергетикаға сұраныстың он пайызын қамтамасыз ететін «Аккую» атом электр станциясының құрылысын бастаған. Режеп Тайып Ердоған 20 миллиард долларға бағаланған жобаны қалай да аяғына дейін жеткізетінін бірнеше рет қайталаған.

Түркияның бюджеттік кірісі туризмге де тәуелді. Елде демалатын шетелдік қонақтардың басым бөлігін ресейліктер құрайды: былтыр Түркияға 4,5 миллион Ресей азаматы барған. Бірнеше күн бұрын Анкара билігі ірі кәсіпкерлермен бірге ресейліктерді Түркияның курорттық қалаларына тасымалдайтын Southwind әуе компаниясын құрды. Жаңа компания Анталиядан ашылады, алғашқы рейс мамырдың соңына жоспарланған.

Түркия Украинаны да маңызды серіктесі санайды. Былтыр Түркия Украинаға 4 миллиард 500 миллион доллар инвестиция құйып, елдегі ең ірі шетелдік инвестор атанған. Биыл 3 ақпанда соғыс басталмай тұрып, Режеп Ердоған мен Владимир Зеленский Киевте мемлекеттер арасындағы жылдық сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізу туралы келісімге қол қойған. Анкара ұзақ жылдар бойы Киевке қару-жарақ сатып келген. Оның ішінде түріктің атақты «Байрактар ТВ2» дроны да бар. Киев пен Анкара арасында әскери кемелер мен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға арналған моторлар мен басқа да бөлшектер жеткізу туралы келісім болған.

«Байрактар ТВ2»
«Байрактар ТВ2»

18 сәуірге қараған түні Түркия әскері Ирактың солтүстігіндегі «Күрдістан жұмысшы партиясының» отрядтарына (Анкара, АҚШ пен Еуродақ бұл топтарды Ирактағы Күрдістанда шоғырланған «террористік ұйым» деп атайды) қарсы «Жыртқыштың тырнағы» деп аталатын ауқымды әскери операция бастаған.

Азаттық Түркияның Ресей-Украина соғысына көзқарасы және Режеп Тайып Ердоғанның мүддесі туралы саясаттанушы Иван Преображенскиймен сөйлесіп көрді.

Азаттық: Анкараның Ресей мен Украина арасында келіссөз ұйымдастыруға талпынысы, Мәскеуге қарсы санкция салудан бас тартуы, Киевке бұрын сатылған «Байрактар» дронын қоспағанда, ұшпайтын қару-жарақ, минаны залалсыздандыратын техника беруі, ресейлік туристерді құшақ жая қарсы алуға дайындығы, «Росатомды» жер көкке сыйғызбай мақтауы сияқты бір-біріне қайшы келетін әрекеттерін қалай түсінуге болады?

Иван Преображенский: Анкара өзіне барынша тиімді позицияда қалып, басқа мемлекеттердің арасындағы кикілжіңнен пайда табуды көздейді. Бұрын Ресей мен Украина арасындағы байланыстар Түркияның Еуразияның осы бөлігіндегі үлкен саясатқа араласу мүмкіндігін шектеп келді. Тарихқа көз жүгіртсек, Түркия Украинаның оңтүстігіне ықпалын жүргізген. Отбасылық шежіремнен мысал келтірейін: арғы атам Қырымда тұрып, Осман империясына қызмет еткен. Яғни, тарихи өлшем бойынша, біраз уақыт бұрын ғана Украинаның немесе СССР-дің емес, Ресей империясының оңтүстігінде түріктердің ықпалы басым болған. Түріктер мұны ұмытқан жоқ. Әсіресе, Ердоғанның тұсында ішкі саясатта пантюркизм мен исламизм идеологиясына баса мән беріліп жатыр.

Анкара өзіне барынша тиімді позицияда қалып, басқа мемлекеттердің арасындағы кикілжіңнен пайда табуды көздейді

Сондықтан Түркия ресейлік туристерден де, Украинаға қару-жарақ, ал Мәскеуге жеміс-жидек пен көкөніс сатудан да пайда көргісі келеді. Путиннің Ердоғанмен арасы бұзылған сайын түрік қызанағын импорттауға тыйым салатынын бәрі біледі. Түркия сонымен қатар бітімгер ретінде араағайын болу арқылы саяси ықпалын күшейтуге тырысып жатыр. Осы себептен НАТО-ның қыспағына қарамастан, Украинаға Ресейдің қару-жарағын сатпай отыр.

Азаттық: ​Ресейдің қандай қаруы туралы айтып отырсыз?

Иван Преображенский
Иван Преображенский

Иван Преображенский: Анкараның қолында Ресейдің ЗРК С-400 қаруы бар. Бірнеше жыл бұрын Түркия осы қаруды сатып алғаны үшін НАТО-дағы серіктестерімен, әсіресе, АҚШ-пен кикілжіңге келіп қалған. Осының салдарынан Вашингтонмен қарым-қатынасы нашарлап, заманауи америкалық жойғыштарды сатып алып, жартылай өз территориясында өндіру мүмкіндігінен айырылды. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін екі аптадан соң НАТО Ердоғанға Ресейден сатып алған қаруын Киевке беріп, орнына америкалық ЗРК «Пэтриот» кешенін алуды ұсынды. Мысалы, Словакия ескірген С-300 қаруын Украинаға берген. Режеп Ердоған бұл ұсыныстан бас тартты. Біріншіден, ол НАТО-дағы серіктестеріне, әсіресе, АҚШ-қа толық сенбейді, сондықтан жақсы өтемақы төленеді деген уәдеге күмәнмен қарайды, екіншіден, ресейлік әуе соққысынан қорғану жүйесі Түркияға НАТО елдерінен тәуелсіз болуға мүмкіндік береді.

Қақтығыс көп болған сайын Түркияның ықпалы арта түседі

Түркия өзін өңірлік көшбасшы сияқты ұстап отыр. Ресей мен Украинаға келгенде “бөліп ал да, билей бер” деген ежелгі принципке сүйенеді. Постсоветтік кеңістікте кикілжің көп болған сайын Түркияның ықпалы арта түседі. Бұл Ресей мен Украинаға ғана емес, бүкіл Оңтүстік және Солтүстік Кавказға, Орталық Азияға да қатысты. Режеп Ердоған Ресейдің әлсіздігін пайдаланып, өз ықпалын арттырғысы келеді (Түркияның қазіргі билігі 19 ғасырдың соңы-20 ғасырдың басында жоғалтқан ықпалын қайтаруды көздейді).

Азаттық: ​Бүкіл Түркия үшін емес, Режеп Тайып Ердоғанның жеке мүддесі үшін Украинадағы соғыс қаншалық маңызды? Түркия президентінің бұл мәселеге қатысты арнайы мақсаты бар ма?

Ердоғанның Түрік мемлекетінің мақсаттарына сай келмейтін, тіпті оған қайшы келетін өз мүддесі бар

Иван Преображенский: Ердоғанның Түрік мемлекетінің мақсаттарына сай келмейтін, тіпті оған қайшы келетін өз мүддесі бар. Режеп Ердоған Владимир Путин сияқты авторитар басшы, тіпті диктатор деуге келеді. Ол кейінгі жылдары шексіз билікке қол жеткізіп, өзі басқаратын «Әділет және даму» партиясының ішіндегі қайшылықтарды, оппозицияны жойып, басқа саяси партияларды әлсіретті. Одан бөлек, көп сарапшылар ұйымдастырылуына күмәнмен қарайтын 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныстан кейін Режеп Ердоған осыған дейін саясатта шешуші күшке ие болып келген түрік әскерінің ықпалын жойды. Қазір Түркия Ердоғанның қалауымен президенттік-парламенттік республикаға айналды. Ол өз билігін мейлінше ұзақ сақтап, ықпалын күшейткісі келеді.

Украинадағы соғыс Ердоғанға бір жағынан, қарсылас елдерді бітімге шақырушы мықты мемлекет басшысы болып көрінуге, екінші жағынан кезінде Украина мәселесі бойынша Минск келісімін ұйымдастырған Александр Лукашенко сияқты Еуроодақ және батыс елдерімен қарым-қатынасындағы жартылай дипломатиялық оқшаулықтан шығуға мүмкіндік береді. Иә, түрік президенті геосаяси және дипломатиялық пайда көріп, соғысты тоқтатқысы келеді.

Одан бөлек, түрік экономикасы ауыр дағдарыс кезеңінен өтіп жатыр. Ердоған аз уақыттың ішінде дағдарысты жеңіп шығудың жолын таппаса, халық алдындағы рейтингін көтерудің басқа амалын табуы керек. Ердоған мен оның партиясын кезекті сайлау күтіп тұр. Ел ішінде оппозиция бас көтере бастады. Сондықтан Ердоғанға не жеңімпаздың, не бітімгердің жетістігі ауадай қажет болып отыр.

Азаттық:​ Түркия Ердоғанның тұсында, Путин кезіндегі Ресей сияқты «аяқтан тұра бастады». Бірақ мұны әр басшы өзінше жасады. Олардың арасында ұқсастықтан айырмашылық көп пе?

Иван Преображенский: Екеуінің айырмашылығы жетіп-артылады, бірақ нәтижеге қарап айтсақ, ұқсастықтары жұрт ойлағаннан да көп. Бір жағынан Түркия өңірдің экономикалық көшбасшысына айналуға тырысып, ұзақ уақыт бойы осы позициясын сақтап келді. Бірақ Ердоғанның волюнтаристік саясаты, батыспен қарым-қатынасының нашарлауы, Түркияның сыртқы сауда балансының бұзылуы, халықаралық экономикалық байланыстарының үзілуі және президенттің басқа да қателіктері (Қазір Ресейдегі жағдай да осыған ұқсайды, тек мәселенің ауқымы кішірек) елдің экономикалық қуатын азайтты. Енді Түркия тұтас бір өңірдің көшбасшысы емес.

Режеп Ердоған және Владимир Путин. Сочи, 29 қыркүйек 2021 жыл.
Режеп Ердоған және Владимир Путин. Сочи, 29 қыркүйек 2021 жыл.

Режеп Ердоған Владимир Путин сияқты сыртқы саясатта өз бетінше әрекет етіп, әскери саясат жүргізді. Олардың айырмашылығы – мынада: Түркия НАТО-ға мүше болып қалды, одақтастарымен әріптестік байланыста болды. Бірақ Түркия НАТО-ның ішінде де өз бетінше әрекет етуге тырысып, Солтүстік Атлант одағындағы серіктестеріне әсіресе, Жерорта теңізінде қыр көрсетіп, агрессия танытты. Түркия өзін геосаяси талаптары көп, бірақ шектен шықпайтын тағы бір өңірлік Ресей сияқты ұстады. Режеп Ердоған мен Владимир Путиннің арасындағы айырмашылық осы жерден байқалады.

Режеп Ердоған Владимир Путин сияқты сыртқы саясатта өз бетінше әрекет етіп, әскери саясат жүргізді

Біз әзірге байқамаған ұқсастықтары неде? Ердоған бүкіл билікті өз қолына жинау арқылы Путин сияқты авторитар режимнің көшбасшысына айналды. Сондықтан Анкарадағы бүкіл шешімдерді бейресми формада көпшілікке бейтаныс адамдар тобы қабылдай бастады. Бұл болашақта Ресейдегі жағдайдың қайталануына әкеліп соғуы мүмкін. Ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сенсек, Ресейде үкіметтегі жоғары шенді шенеуніктер, президент әкімшілігіндегі өкілетті тұлғалар сияқты ресми билік өкілдерінің өзі Кремльдің соғысқа дайындалып жатқанын білмеген.

Азаттық: ​Ердоған Владимир Путинге қалай қарайды? Екеуінің арасындағы психологиялық ұқсастық олардың тез тіл табысып кетуіне көмектесе ала ма?

Иван Преображенский: Солай сияқты. Ердоған – Путинге ұқсайтын басшы. Бірақ өзгешелігі де бар. Ол – ешкімге бағынбайтын адам. Ердоған біраз уақыт түрмеде отырып, өз құндылықтары үшін күрескен. Екеуі де авторитар басшы болғанымен, Режеп Ердоған Путинмен салыстырғанда билікке көп кедергілерден өту арқылы қол жеткізді. Түркияның конституциялық жүйесі мен саяси оппозициясының арқасында Ердоғанның мүмкіндігі әлі де шектеулі деуге болады.

Бірақ олардың өмірге көзқарасы ұқсас. Екеуі де – қатал, «маскулинді» типке жататын, «жоқ» деген жауапты көтере алмайтын патриархалды басшы. Ердоған мен Путин саяси мақсатына жету үшін дінді белсенді пайдаланады. Олар қоғамда ықпалын күшейту үшін өздері шығарған псевдодәстүрлі құндылықтарды насихаттайды. Ішкі және сыртқы саясатта зорлық-зомбылыққа жол береді. Олар қазіргі батыс көшбасшыларынан осы қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Владимир Путин мен Режеп Ердоған үшін соғыс қалыпты дүние саналады. Олар ішкі оппозиция мен сыртқы «жауларына» қарсы күш қолданудан тайынбайды.

Ирак Күрдістанымен шекарадағы түрік танкілері. Сәуір 2022 жыл.
Ирак Күрдістанымен шекарадағы түрік танкілері. Сәуір 2022 жыл.

Азаттық: Қазір Режеп Ердоған кезекті жеке соғысын бастады. Ол кейінгі жылдары сыртқы саясатта экспансия жүргізіп келді. Түрік әскері Сирия, Ливия және басқа да елдердегі әскери қимылдарға қатысып жатыр. Ердоған бірнеше күн бұрын Ирактағы Күрдістанда «Күрдістан жұмысшы партиясына» қарсы кезекті әскери операция бастауға бұйрық берді. Ол мұндай қадамға неге дәл қазір барып отыр?

Иван Преображенский: Мұнда бірнеше фактор бар. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың Еуразияға әсерінен өңірдегі жағдай күрт өзгерді. Еуропа одағы Ресейге тәуелділіктен құтылу үшін мұнай-газ өнімдерін басқа көздерден алуға тырысып жатыр. Бұл процесс көмірсутекке бай Ирактағы Күрдістанға да әсер етті.

Ирактағы Күрдістан басшысы Масуд Барзани түрік әскері басып кірерден екі күн бұрын өз бақылауындағы территориядан Түркия мен Еуропа Одағына газ сату мүмкіндігін қарастыратын келіссөздер жүргізе бастады. Қазір түрік әскері Барзаниге қатысы жоқ «Күрдістан жұмысшы партиясының» жауынгерлеріне қарсы соғысып жатыр. Барзани Анкараға барып, Ердоғанмен кездескен. Ақпарат құралдарының топшылауынша, Барзани бұл әскери операцияны бейресми қолдап, мақұлдаған болуы мүмкін.

Масуд Барзани ары қарай Еуропаға жол тартып, қазірге дейін Ұлыбританияға барып үлгерді. Бұл сапар барысында Барзани Ирактағы Күрдістаннан Түркия арқылы Еуропаға мұнай мен газ жіберу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл – үлкен процесс. Оған Ирактағы Күрдістанның ғана емес, Бағдадтағы Ирак басшыларының да қатысы бар. Наурызда Ирактағы Күрдістан территориясын бірінші рет атқылаған Иран да өз үлесін алғысы келеді. Сәйкесінше, үлкен өңірлік бәсеке мен көмірсутек ойыны жүріп жатыр. Ердоғанға әсер еткен бірінші фактор – осы.

Ирак Күрдістанындағы Эрбиль қаласы Иран күштерінің атқылауынан кейін. 13 наурыз 2022 жыл.
Ирак Күрдістанындағы Эрбиль қаласы Иран күштерінің атқылауынан кейін. 13 наурыз 2022 жыл.

Екінші фактор – жаңалықтардан түспей жүрген Ресей-Украина соғысы мен жаппай тұрақсыздық. Мұндай бейберекет шақта Түркияның Ирактағы Күрдістанда бастаған операциясына ешкім назар аудара қоймайды. Әзірге аталған әскери операцияға қатысты бір ғана реакция болды: Ирактың сыртқы істер министрлігі Түркияның елшісін шақырып, ресми наразылық білдірді. Бұл шара дәстүрлі символикалық сипатқа ғана ие. Түрік әскері бұл шекарадан бірінші рет аттап отырған жоқ.

Ердоғанға сыртқы саясатта нәтиже көрсетпесе де, күрдтерге қарсы күресте жетістікке жетуі керек

Ердоғанға ішкі саяси мәселелер маңыздырақ. Өйткені ол сыртқы саясатта нәтиже көрсетпесе де, күрдтерге қарсы күресте жетістікке жетуі керек. Күрдістанның жұмысшы партиясы Ирактан басқа өңірлерде де белсенді. Ұйым Ирак жерінде құрылғанымен, олар Түркия территориясындағы күрдтермен астыртын байланыс жүргізіп отырады. Шын мәнінде, Түркияда жартылай заңды не заңды күрд күштері көп. Бірақ кезінде марксистік күш ретінде Совет одағының қамқорлығында болған (қазіргі Ресеймен де байланысы болуы мүмкін) «Күрдістан жұмысшы партиясы» Анкараға салмақты негативті қысым жасағысы келеді.

Түркия Иракта «арнайы операция» бастағаннан кейін Стамбулда жарылыс болды. Бірақ ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл авторитар елдерде әскери қимылдарды ақтап алу үшін қолдан ұйымдастырылатын «терактілерге» ұқсайды. Мұндай «терактілер» көрші мемлекетке немесе қандай да бір күштерге қарсы қару қолдануға негіз барын көрсету үшін жасалады.

Азаттық: ​Түркияның НАТО-ға мүше екенін бірнеше рет айттық. Ол НАТО-да әскер саны бойынша екінші орында тұр. Одақ ішінде Түркия мен Грекияның арасында ежелден келе жатқан қайшылық бары белгілі. Жерорта теңізінің шығысындағы кикілжіңді өзіңіз де атап өттіңіз. Түрік-грек қарым-қатынасы НАТО-ның Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты ортақ позициясына қалай әсер етеді? Мысалы, Грекия Киевті жеткілікті деңгейде қолдамағаны үшін сынға қалды. Бұған Түркияның қатысы бар ма?

Иван Преображенский: Тікелей қатысы бар. Афины Киевке әскери көмек бергенімен, Украинаны қолдауын жалғастырса, өзіне қауіп төнетінін ашық түрде мәлімдеп отыр. Грекия кімнен қорғануы мүмкін? Түркиядан басқа қарсыласы жоқ. Украина саясаткерлерінің көбі Грекия үкіметін бұрыннан Ресейге бүйрегі бұрады деп айыптайды. Бірақ қазір мұның еш маңызы жоқ. Иә, Грекияда Ресейді қолдаушы күштер бар. Бірақ қазір Грекия Украинаға қару сатуды доғарды. Өйткені өз қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

Кейінгі жылдары Жерорта теңізінің шығысында теңіз қайраңындағы газ кен орындары үшін тартыс басталды

Кейінгі жылдары Жерорта теңізінің шығысында теңіз қайраңындағы газ кен орындары үшін тартыс басталды. Бұл – Грекия аралдары, Кипрдің Афины қамқорлығындағы бөлігі сияқты көп жерге қатысты дау. Бұл күреске Израиль мен Түркия да қатысып жатыр. Анкара қатаң ойыншы ретінде ашық түрде қару қолданамын деп қорқытып отыр. Түркияның әлемде өзінен басқа ешқандай мемлекет мойындамайтын, аралдың оккупацияланған бөлігі – Солтүстік Кипр Республикасын қолдайтынын ескерсек, бұл болашақта тағы бір кикілжіңге жол ашады. Түркия Кипрге бұрыннан қызығып келген, ал Режеп Ердоғанның тұсында Ресейдің Украинаға қатысты саясатына ұқсайтын белсенділік басталды. Анкара да бір сәтте демонстративті «арнаулы операция» бастап жіберуі мүмкін. Халықаралық жағдай ушыққан тұста не боларын ешкім білмейді. Қазір әлем назары Ресей мен Украина арасындағы соғысқа ауғанда Түркияның мұндай қадамға бару мүмкіндігі көбейді.

Владимир Путин және Режеп Ердоған "Түрік ағысы" газ құбырының ашылуы рәсімінде. Стамбул, 8 қаңтар 2020 жыл.
Владимир Путин және Режеп Ердоған "Түрік ағысы" газ құбырының ашылуы рәсімінде. Стамбул, 8 қаңтар 2020 жыл.

Азаттық: ​Ердоғанның Ресейге қатысты қадамдары туралы не айта аласыз? Ол тағы да Владимир Путинмен жақындасуы мүмкін бе? Әлде керісінше, Мәскеу мен Анкара арасындағы Сирия, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ сияқты даулы өңірлерде жаңа текетірес бола ма? Бұл жай күндері жақсы тұрып, ара-тұра соғысуға бейім Армения мен Әзербайжанды еске салады. Мұндағы Түркияның рөлі қандай? Оңтүстік Кавказдағы оқиғалар Ердоғанның мүддесіне сәйкес келе ме?

Иван Преображенский: Түркия бұрыннан, әсіресе, қазір Ресейге одақтас емес. Путин мен Ердоған өзара жақсы араласады, бірақ шын мәнінде екеуі де қоршаған ортаны бөліске салатын бұзақылар екенін жақсы біледі. Олар бір тілде сөйлейді, қалыптасқан «түсініктер» бойынша өмір сүреді, кез келген уақытта келісімге келе алады. Бірақ олар – одақтастар емес, қарсыластар. Сондықтан Ресей әлсіреген кезде Түркия қысымды күшейтеді.

Путин мен Ердоған өзара жақсы араласады, бірақ шын мәнінде екеуі де қоршаған ортаны бөліске салатын бұзақылар екенін жақсы біледі

Жақында Таулы Қарабақта да осылай болды. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Әзербайжан әскері күш көрсетіп, Арменияның бірнеше үйден тұратын ауылын басып алып, елдің ішіне кіруге қауқары жететінін көрсетті. Өйткені Ресейдің бітімгерлік күші Украинаға қарсы соғысқа кеткен. Сондықтан оларды тоқтататын ешкім болмады. Баку бұл демонстрацияны Анкарамен келісіп жасағаны түсінікті. Ондағы әскери қимыл аяқталмаған шығар деп алаңдаймын. Алдағы уақытта қос мемлекет арасында жаңа ұсыныстар айтылып, оған сәйкес, Арменияның мүддесі басым түсіп, Әзербайжан тағы біраз армян территориясынан айырылатын болса, келісімге қол қойылмайды. Ал Түркия бұл мәселені әскери күштің көмегімен шешуге тырысады.

Ресей біртіндеп кетіп, Түркия ықпалын күшейтетін тағы бір өңір – Орталық Азия. Ол жақта Түркия Қытайға бәсекелес болады. Анкара қазір сыртқы саясатта Вашингтоннан кейін Пекинге басты қарсылас болып, оның репрессивті саясатын сынаған елге айналды. Түркия бұрын Қытай мен Ресей бәсекелескен алаңға кіріп, енді Пекинге өзі қарсылас болғалы отыр. Сондықтан Орталық Азияда Түркияның ықпалы күшейіп, Ресейдің рөлі азаяды.

XS
SM
MD
LG