Accessibility links

ХАМАС кепілдегі екі израильдікпен "байланыс үзілгенін" мәлімдеді


"Изз ад-Дин әл-Қассам" бригадасының қарулы жасағы
"Изз ад-Дин әл-Қассам" бригадасының қарулы жасағы

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС радикалды қозғалысының қарулы қанаты жексенбі, 28 қыркүйек күні екі израильдік тұтқын – Матан Ангрест пен Омри Миранмен байланыс үзілгенін хабарлады. Ұйым мәліметінше, Израиль армиясы Газа қаласының екі ауданында кейінгі екі күнде жүргізген әскери операциялар барысында израильдіктерді кепілде ұстап отырған жасақтармен байланыс үзілген.

Бұл туралы Reuters және AFP агенттіктері хабарлады.

"Изз ад-Дин әл-Қассам" бригадаларының мәлімдемесінде ХАМАС Израильден Газа қаласының бір ауданына әуе шабуылын бір күнге тоқтатуды талап етіп, "тұтқындарды қауіпті аймақтан шығаруға мүмкіндік беруді" сұраған.

Куәгерлер мен медицина қызметкерлері Reuters агенттігіне хабарлағандай, Израиль танктері Сабра, Тел әл-Хава, Шейх Радван және ән-Нәсер аудандарына қарай жылжып, Газа қаласының орталық және батыс бөлігіне жақындаған. Ол аймақтарды жүздеген мың бейбіт тұрғын паналап отыр.

Матан Ангрест пен Омри Миран 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС және өзге экстремистік топтар Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған кезде кепілге алынған 250-ден астам израильдіктің қатарында болған. Қазіргі кезде ХАМАС-тың қолында шамамен 50 тұтқын қалды деп саналады, олардың арасында тірілері де, өлгендер де бар.

XS
SM
MD
LG