АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған палестиналық ХАМАС тобы Израильге атысты тоқтату туралы келісім аясында тағы бір тұтқынның сүйегін тапсырды.
Израиль әскерінің хабарлауынша, бұл 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылы кезінде өлтірілген Элиягу Маргалит. Оның денесі Газа секторынан әкетілген. Ол 75 жасында қаза болған. Маргалиттің қаза болғаны 2023 жылы 1 желтоқсанда белгілі болды.
"Құрметті Эли Нир-Оз кибуцында ұрланып, өлтірілгеннен кейін үйге 742 күннен кейін оралды. Біз Израиль халқы мен "Тұтқындардың отбасы форумына" оны қайтару жолындағы ұзақ күресі үшін алғыс айтамыз және мәйіттердің барлығы Израильде көмілгенге дейін тоқтамаймыз" деп Times of Israel басылымы оның отбасының мәлімдемесін жариялады.
Газа секторында тағы 18 тұтқынның сүйегі қалған. Израиль ХАМАС-ты кемінде бірнеше адамның денесін қасақана жасыруға тырысып жатыр деп айыптаған. Өз кезегінде ХАМАС Газа секторындағы қираған үйлердің арасынан оларды таба алмай жатқанын айтқан.
Қазан басында Израиль мен ХАМАС бейбіт келісімнің алғашқы кезеңін келіскен. Оған тұтқындарды босату, мәйіттерді тапсыру, әскери қимылды тоқтату, аумаққа гуманитарлық көмекті жалғастыру, келісілген сызықтан Израиль әскерін әкету де кіреді. Израиль Газа аумағының 53% бақылауда ұстап отыр деп айтылады.
Бұған қоса, келісім ХАМАС-ты қарусыздандыру мен Газа билігінен шеттету туралы талап та бар. 13 қазанда ХАМАС тірі қалған барлық 20 израильдік тұтқынды босатқан, ал Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды қамаудан босатқан. Келісім жасалғалы бері он тұтқынның сүйегі берілген.