Грузияда Еуроодақпен келіссөзді тоқтату туралы шешімге қарсы наразылыққа қатысқан 23 адамға қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде ІІМ хабарлады.
13 адам үстінен "топ болып күш көрсетуге талпыну" немесе "оған қатысу", "бұзақылық" баптары бойынша тергеу жүріп жатыр. Тағы бір адам жарылыс ұйымдастырмақ болды деген күдікке ілінген. Күдіктілердің аты-жөні айтылмайды, арасында шетелдіктер бар екені белгілі болды. Бәріне 9 жыл түрме жазасы төніп тұр.
Тағы 9 адамға қарсы "қала мүлкін бүлдіру" және "полиция өкілдеріне шабуыл жасау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Айыпталушылардың аты-жөндері айтылмайды. Олар 7 жылға дейін түрмеге кесілуі мүмкін.
Тбилиси, Батуми және Грузияның өзге қалаларында наразылықтың жалғасып жатқанына 8 күн болды. Наразылар ұсталғандарды босатып, парламент сайлауын қайта өткізуді де талап етіп отыр. Алты күн бойы Тбилисиде полиция наразылықты күшпен таратып, адамдарды жаппай ұстаған. Наразылық кезінде 300-ден астам адам ұсталған, оппозицияның тағы жеті өкілі 4 желтоқсанда күндізгі операция кезінде қамауға алынған.
ПІКІРЛЕР