Accessibility links

Германия парламенті әскерді күшейту туралы заң жобасын мақұлдады


Неміс парламенті.
Неміс парламенті.

Германия парламенті 5 желтоқсанда әскери қызмет туралы даулы заң жобасын мақұлдады. Заң жобасының мақсаты - Бундесвердегі (Германия әскері) сарбаз санын көбейту, оны НАТО стандарттарына сәйкестендіру және Ресейден қауіп күшейіп келе жатқан шақта елдің қорғанысын нығайту.

Жаңа заң бойынша, әскерге шақыру екі жолмен жүзеге асырылады. Әуелі жастар әскерге ерікті түрде қосылады және оларға жақсы жағдай жасалады. Егер еріктілер жеткіліксіз болса, билік олардың кейбірін міндетті әскери қызметке шақыруы мүмкін. Егер еріктілер саны жоспарланған межеден асып кетсе, әскерилер солардың арасынан таңдалады.

Заңға сәйкес, 2026 жылдың қаңтарынан бастап 18 жасқа толған барлық жасқа әскерге қосылуға дайындығы мен ықыласын анықтау үшін арнайы сауалнама жіберіледі. Сауалнама ер адамдар үшін ғана міндетті.

Бұған қоса 18 жастан асқан барлық ер адам міндетті медициналық тексеруден өтуі керек. Дегенмен бұл тесттен өткендердің барлығы әскерге шақырылмайды.

Германия үкіметі алдағы онжылдықта әскер санын 260 000-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, запастағы шамамен 200 000 адамды оқытуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта неміс әскеріндегі сарбаздар саны – 180 000.

Ресми Берлин бірнеше жылдан бері қару-жарақ тапшылығын көріп келеді. Германия 2011 жылы ер адамдар үшін міндетті әскери қызметті тоқтатқан.

Германия мұндай қадамға барған Еуропада жалғыз мемлекет емес. Өткен аптада Франция 18-19 жастағы мыңдаған еріктіні оқыту бағдарламасын жариялаған. Бельгия мен Польша да сарбаздарды шақыру және оқыту жоспарын қарастырып жатыр.

Қазіргі уақытта Еуроодақтың 10 елінде әскери борышты өтеу міндеті бар: Австрия, Кипр, Хорватия, Дания, Эстония, Финляндия, Грекия, Латвия, Литва және Швеция.

XS
SM
MD
LG